Жұма, 09 Қазан 2020 21:32

Түркістан облысындағы көпқабатты тұрғын үйлер қысқы маусымға толық дайын

Түркістан облысындағы бюджеттік мекемелердің, жылу беретін кәсіпорындардың және тұрғындардың тұрмыстық-шаруашылық жағдайлардағы көмір отынына жалпы қажеттілігі 1 003,3 мың тоннаны құраса, бүгінде соның 600,2 мың тоннасы немесе 60 пайызы тасымалданған.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық энергетика және тұрғын үй - коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Әбілхан Әбдіқадыров мәлімдеді.
Оның айтуынша, 2623 бюджеттік мекеме жылу маусымына толық дайындалып, оларға қажетті 167,4 мың тн. көмір отыны және 5 420,6 мың. литр сұйық отынмен толық қамтылған.
«Орталықтандырылған жылумен қамтамасыз ететін мекемелерде жалпы 38 қазандық болса, бүгінгі күнде оның 32-сі жылыту маусымына толық дайын. Ал, қалған 6 қазандықтың күрделі жөндеу жұмыстары үстіміздегі жылдың 15 қазанында аяқталады. Жалпы облыс бойынша 1475 көпқабатты тұрғын үй бар, оның 586-сы орталықтандырылған жылумен қамтамысыз етілген. Барлық үйлер 100 пайыз қысқы маусымға дайын», – деді Әбілхан Әскерұлы.
Негізінен жалпы тұрғындардың көмірге деген қажеттілігі 732,2 мың тонна болса, соның 415 мың тоннасы тасымалданған. Теміржол станциясы қоймаларындағы 1 тонна көмір 11 500-16 500 теңге аралығында саудалануда.
Ал, мазут отыны бойынша қажеттілік көлемі 9,6 мың тонна. Бүгінде 15 қазаннан бастап тасымалдау жөнінде тасымалдаушы мекемелермен тиісті келісім - шарт жасалған.
Облыстың жылу беру дайындығына апта сайын және тұрғындарды көмір отынымен қамтамасыз ету бойынша күн сайын тұрақты мониторинг жүргізілуде.

 «AQ-QARA.KZ»-ақпарат

 

Оқылды 268 рет