Дүйсенбі, 19 Қазан 2020 16:16

Түркістан: Мақтааралда жаңа шағынаудан ашылып, 386 үй ел игілігне берілді

Техногенді сипаттағы төтенше жағдай орын алған Мақтаарал ауданының  тұрғындары қоныс тойын тойлауда.

Апат аумағында қираған үйлер қалпына келіп, Мырзакентте жаңа шағынаудан бой көтерді. 386 отбасын қуанышқа бөлеген қоныс той салтанатты түрде атап өтілді. Қоныс иелерінің қуанышымен бөлісу үшін Мақтаарал ауданына арнайы келген Премьер-министрдің орынбасары Р.Скляр, Өзбекстан Республикасының су шаруашылығы министрі Ш.Хамраев, Түркістан облысының әкімі

Ө. Шөкеев тұрғындарды құттықтап, баспана кілттерін табыстады. 

Алғаш боп сөз алған ҚР Премьер-министрінің орынбасары, төтенше жағдай жөніндегі республикалық комиссияның төрағасы Роман Скляр мақтааралдықтарды құттықтап, игі тілегін жеткізді.

Сонымен қатар, Мақтаарал ауданында орын алған төтенше жағдай кезінде ерекше қызмет атқарған бір топ азаматтарға ҚР Премьер-министрінің алғыс хаттарын табыс етті. Олардың арасында Өзбекстан Республикасының су шаруашылығы министрі Шавкат Хамраев пен Өзбекстан Республиасының төтенше жағдайлар министрінің бірінші орынбасары Абдулла Кулдашов та бар. 

Жаңа шағынаудан тұрғындарының қуанышына ортақтасқан облыс басшысы қиындықтың артта қалғанын айтып, әр отбасы үшін баспаналарының берекелі болуын тіледі. Сондай-ақ, облыс басшысы жаңа мөлтек ауданның құрылысына атсалысқан бірқатар азаматтарға ҚР Президентінің алғыс хаттары мен «Халық алғысы» медалін табыстады.

«Сардоба су қоймасындағы бөгеттің бұзылуы шекаралас екі ел үшін де оңайға соқпады. Апат айтып келмейді. Осы тосын жағдайды естіп, мақтааралдықтардың тағдырына алаңдаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Мақтааралға мемлекеттік деңгейде қолдау көрсетілді. Зардап шеккен ауылдардың әрбір азаматы қамқорлықсыз қалмады. Бүкіл ел болып көмек қолын созды. Қиындықтар артта қалып, осы сәт өмірлеріңіздің жарқын кезеңі болсын. Жаңа қоныстарыңыз жайлы да, берекелі болуына шын жүректен тілектеспін», – деді облыс әкімі Өмірзақ Естайұлы. 

70 гектар жерде орналасқан жаңа қалашықтағы 386 үйге Жеңіс, Жаңатұрмыс және Достық елді мекендерінің тұрғындары көшіп келетін болады. Мұнда барлық инженерлік инфрақұрылым тартылған. Ауыз су, жарық, жылу мен кәріз жүйесі жасақталып, жоғары жылдамдықтағы интернет желісіне қосылған. Сондай-ақ жаңа мөлтек ауданда 1200 орындық мектеп пен бала-бақша және дәрігерлік амбулатория салынуда. Балалардың ойын алаңдары орнатылып, ағаштар отырғызылған. Желілік саябақ пен гүл бақтары мөлтек ауданның көркіне көрік қосып тұр.

 

 «AQ-QARA.KZ»-ақпарат            

Оқылды 378 рет