Сәрсенбі, 04 Қараша 2020 20:54

Жаңарған Түркістан: Бес жылда 6,1 млн шаршы метр баспана салынады

2025 жылға дейін Түркістан қаласында 15 мектеп, 10 денсаулық сақтау нысаны және 6,1 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев айтып берді.

«Қаланың бас жоспары жобасында 2025 жылға дейін 15 мектеп және қолданыстағы мектептерге 900 орындық 3 қосымша құрылыс қаралған. Бұл нысандар 17,2 мың оқушыға арналған. Сонымен бірге, 5,7 мың орынға арналған қосымша және 44 мектепке дейінгі мекеме қарастырылған. 10 денсаулық сақтау объектісі, оның ішінде ауысымына 900 келушіге арналған 3 емхана қарастырылған», - деді облыс басшысы Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Қаланың бас жоспарында 2035 жылға дейін 40,1 мың оқушыға арналған 28 мектеп және 10 қосымша құрылыс қарастырылған. 15,7 мың орынға арналған 53 мектепке дейінгі мекеме және ауысымына 3600 келушіге арналған 9 амбулаториялық-емханалық кешен объектісі жоспарланған.

«2019 жылдың басына қаланың тұрғын үй қоры 3,8 млн шаршы метр болған еді, оның басым бөлігі – бір қабатты үй-жай түріндегі тұрғын үйлер, олардың үлесіне барлық тұрғын үйдің 92,2% келеді. 2025 жылы тұрғын үй қоры – 6,1 млн шаршы метрге дейін жетеді деп жоспарлануда. Бұл ретте 170,6 мың шаршы метр ескі үйлер бұзылады. Ал 2035 жылы тұрғын үй қоры 9,8 млн шаршы метрге дейін немесе бір адамға шаққанда 28 шаршы метрге дейін өседі деп күтілуде», - дейді Өмірзақ Шөкеев.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат

 

Оқылды 455 рет