Бұл туралы бүгін «Nur Otan» партиясының Түркістан облыстық мәслихатындағы фракция мәжілісінде айтылды. Жиында депутаттар Түркістан өңірінде «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі жол картасын талқылады. Облыс әкімі, «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Өмірзақ Шөкеев аталған жол картасында аймақтағы ең өзекті мәселелер мен жоспарлар қамтылғанын атап өтті. Соған сәйкес, құжатқа 26 көрсеткіш пен 128 іс-шара енгізілген. Мәжіліске облыстық мәслихат хатшысы Қайрат Балабиев, фракция мүшелері, әкім орынбасарлары және жауапты басқарма басшылары қатысты.
«Бүгін сайлауалды бағдарламаны жүзеге асырудың Жол картасы ұсынылып отыр. Бұл – Мемлекет басшысының тікелей бақылауында тұрған тапсырма. Сондықтан сайлауалды бағдарламаны сапалы әрі уақтылы атқару қажет. Жол картасын жүзеге асыру барысында 5 жылда облыста 40 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады. 152 жаңа кәсіпорын ашу және кеңейту арқылы шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 350 мыңға жақындайды. Ауыл шаруашылығына қолдау күшейеді. 53 ферма, 900 мал бордақылау алаңы құрылады. Бес жылда 21 мыңнан астам пәтер ел игілігіне беріледі. Жол картасы Түркістан облысындағы ең өзекті мәселелерді шешеді. Партияластарға, жергілікті жауапты басшыларға осы тапсырмаларды жүйелі орындауды тапсырамын. Баршаңызды халық алдындағы аманатқа адал болуға, елге шын ниетпен қызмет етуге шақырамын!», – деді Өмірзақ Шөкеев.
«AQ-QARA.KZ»-ақпарат