Мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалар шеңберінде 66,3 мың жұмыс орындары құрылса, оның ішінде 16,2 мыңы — тұрақты, 50,1 мыңы — уақытша жұмыс орны. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева мәлімдеді.
«2020 жылғы 3-тоқсандағы статистикалық мәліметке сәйкес, жұмыссыздық деңгейі — 5,2%, жастар жұмыссыздығы — 3,8%, әйелдер арасындағы жұмыссыздық деңгейі — 6,6% құрады. Дағдарысқа қарсы шаралар ретінде «Жұмыспен қамтудың жол картасы» іске асырылды, нәтижесімен 482 инфрақұрылымдық жобасын іске асыруға қаралған 110 млрд.теңге аясында 26 908 жаңа жұмыс орындары ашылды», — деді Әсия Құралқызы.
Сонымен қатар, облыста 2020 жылы аз қамтамасыз етілген 39 159 отбасыға (220 055адам) -14 млрд теңге қаржы тағайындалып, 39 060 отбасыға (219 434 адам) — 13,8млрд теңге атаулы әлеуметтік көмек төленген. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда атаулы әлеуметтік көмекті алушылардың саны 64,3% азайғандығын көрсетеді. Одан бөлек, еңбекке жарамды 20 937 атаулы әлеуметтік көмек алушылар жұмыспен қамту шараларына тартылған. Оның ішінде 15 601 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Атаулы әлеуметтік көмектің қаржы есебінен 214 адам кәсіпкерлікпен айналысу үшін өз ісін ашты.
Түркістан облысында 94,5 мың мүгедектігі бар азаматтар есепте тұр. 2020 жылы бұл мақсатқа барлық деңгейдегі бюджеттер есебінен 4,8 млрд. теңге бөлінген. Нәтижесінде 48 мың мұқтаж азаматтардың ішінен 34 мың адам техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз етіліп, әлеуметтік қызметтер ұсынылды.
«AQ-QARA.KZ»-ақпарат