Түркістан облысы аумағындағы жайылым жерлерді қайтарудың 5 бағыттық қадамдық алгоритм жобасы әзірленді. Облыс әкімінің тапсырмасымен дайындалған алгоритм бойынша жайылым тапшылығы орын алған 152 елді мекен маңындағы халықтың мұқтажына алынатын учаскелер анықталып, басымдылық берілді. Бұл туралы өңір басшысы Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен лездемелік мәжілісте айтылды.
Отырыста облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Самат Рамазанов жер саласына қатысты берілген тапсырманың орындалуы туралы баяндады. Бекітілген іс-жоспарға сәйкес, ағымдағы жылы І жарты жылдықта 66,4 мың га ІІ жарты жылдықта 63,2 мың га, жалпы 130 мың гектарға жуық жайылымдық жерлерді халықтың мұқтажына алу жоспарлануда. Алынатын учаскелер нақтыланып жатыр. Нәтижесінде, жыл соңына дейін халық пайдаланатын жайылым жерлердің көлемі 742 мың га немесе 21% артпақ. Жалпы, Түркістан облысында 3 млн 200 мың гектар жайылымдық жер бар.
Жайылым жерлерді елді мекендер шегіне енгізу жолымен ауыл округтері әкімдерінің тікелей жауапкершілігіне беріледі. Тұрғындардың басқа да мұқтаждығына қажет болған жерді жергілікті қоғамдық бақылау ұйымдарының келісімі қажет. Бұл бағыттағы жұмыстар халықты жайылым жермен толық қамтылғанша тұрақты бақылауда.
«AQ-QARA.KZ»-ақпарат