Сәрсенбі, 24 Ақпан 2021 20:55

Бәйдібек: Көктемгі су тасқынының алдын алу бойынша жұмыстар пысықталуда

Көктемгі су тасқынының алдын алу бойынша Бәйдібек ауданда құрылған төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссия тобы су қоймаларын аралап, ондағы жұмыстарды пысықтауда.

Жауапты сала басшылары алдымен Алғабас ауылдық округі аумағындағы «Қапшағай» су қоймасына атбасын бұрды. Судан қауіп төнген жағдайда ондағы, халықты құлағдар ететін дабылқаққыштың жұмыс істеп тұрғанын тексеріп, судың деңгейін бақылады.

Жалпы Қапшағай су қоймасы 1982 жылы салынған. Сыйымдылығы 34 млн куб. Қазіргі таңда нақты су қоймасына жиналған судың мөлшері 8,3 млн кубты құрап, жылдағыдан мөлшері төмен. Бұл дегеніміз 26 пайыз, әзірге су тасу қауіпі жоқ. Сонымен қатар төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша құрылған комиссия мүшелері Мыңбұлақ ауылдық округі аумағындағы «Досан» су қоймасында болып, ондағы су мөлшерін бақылады.

«Досан» су қоймасында өткен жылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Талапқа сай жарықтандырылған су қоймасына бейнебақылау камераларыда орнатылған. Ондағы судың сыйымдылығы 6,2 млн куб. Қазіргі таңда судың мөлшері 850 куб яғни, 13,5 пайыз су жиналған. Мұнда, тасқыннан келер  қауіп жоқ.

 «AQ-QARA.KZ»-ақпарат 

 

Оқылды 353 рет