Сәрсенбі, 24 Ақпан 2021 21:08

Төлеби ауданында су тасқыны қаупінің алдын алу жұмыстары жүргізілді

Көктем айы келгенде әсіресе таулы аймақтағы ағайын селден, жауын-шашыннан зардап шегетіні бар. Осы орайда Төлеби ауданында алдын ала су тасқыны қаупі бар аймақтарда арнайы оқу-жаттығу шаралары қолға алынып, тұрғындарға түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

Қазығұрттан Төлебиге әкім болып ауысқан Төлеген Тұртайұлы көшті өзі бастап, дайындық жұмыстарын пысықтады.

Ауа-райының қолайсыздығына қарамастан қаз-қатар тізілген азаматтық қорғау қызметінің құрылымдары өз ісіне кірісіп кетті. Аудан әкімі қызметіне тағайындалғанына екі жұмадан асқан Төлеген Телғараев та жұмыс күнін осы іс-шарадан бастады. Алдымен су тасқыны қаупі басым аймақтардағы тұрғындарды құлақтандырып, жедел түрде эвакуациялау шаралары жүргізілді. Дайындық жұмыстарына 127 қызметкер, 27 құрылым және 47 техника жұмылдырылды.

Елдімекендерді таудан аққан ағын су шайып кетпеуі үшін аудандық бюджет тарапынан Леңгір қаласынан 2 шақырымды құрайтын қашыртқы канал салынуда.

Төлеген Тұртайұлы әрмен қарай аудандық ден қою жасағына қарай ат басын бұрды. Онда авариялық-техникалық, радиациялық-химиялық барлау және инженерлік командалары қызметкерлерінің біліктілігі мен техникалардың сапасы жіті тексерілді. Соңында атқарылған жұмыстарды қорытындылаған аудан басшысы жауапты сала мамандарына тапсырмалар жүктеді. Сондай-ақ, дайындық жұмыстарының жоғары деңгейде екенін тілге тиек етті.

 Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылы мамыр айында қатты жауған нөсерлі жаңбырдың және қардың тез еруінің салдарынан Леңгір қаласындағы «Ленгерка» өзені арнасынан асып су тасқыны орын алған. 41 үйді су басып, 125 адам баспанасыз қалған болатын. Осы оқиға қайталанбас үшін ағымдағы жылы су тасқынының алдын алу мақсатында аудандық бюджеттен 60 млн теңге қаржы қаралып отыр. Нәтижесінде каналдарды, жағалауларды және арналарды нығайту жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.

 «AQ-QARA.KZ»-ақпарат 

 

Оқылды 364 рет