Сәрсенбі, 24 Ақпан 2021 21:12

Ордабасы ауданында ақылы жол жүйесін енгізу бойынша қоғамдық тыңдалым өтті

 Ордабасы ауданында ақылы жол жүйесін енгізу бойынша қоғамдық тыңдалым өтті.

Яғни, автомагистраль өз шығынын өзі өтейді. Бұл жолдар мемлекет үшін пайдасы болғанымен, жолаушылар соған  лайықты жайлылықты сезінуі тиіс. Демек, тиісті мекеме жолдың кем-кетігін уақытында жөндеп, сапаға жауап беруі міндетті.

Еліміз бойынша ақылы жолдардың саны төртеу болса, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында олардың санын 32-ге жеткізу жоспарланып отыр. 4 жылдың ішінде республикалық маңыздағы 1/2/3 санаттағы жолдарға бейнебақылау камералары қойылады. Түркістан облысы бойынша бүгінде Шымкент-Өзбекстан бағытына қарай ақылы жолдар сынақтан өтуде. Ал, Қызылорда-Шымкент 1 санаттағы автожолға келетін болсақ, жол учаскесінің ұзындығы 453 шақырымды құрайды. Қазіргі таңда Түркістан облысына қарасты учаскеде 7 бақылау аркасы болса, қарсы бағытта 3 бақылау аркасы орнатылған. Бекітілген тариф бойынша жеңіл автокөліктер 100 шақырымға 100 теңге төлейді, яғни әрбір шақырымға 1 теңге. Ал, жүк көліктерінің бағасы жоғары. Қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында мониторинг орталықтары ашылады. Яғни төтенше жағдай кезінде, не болмаса жол бойында көлігіңіз бұзылса сізге көмекке мамандар келеді. Ол үшін 1403 қысқа байланыс нөмеріне хабарлассаңыз болғаны. Мұндай орталықтар Түркістан облысында да ашылады.

 

Пандемияның салдарынан көпшілікті жинауға тыйым салынуына байланысты келушілер қатары санаулы болды. Дегенмен, тыңдалым барысында тұрғындар жол бойындағы белгілерді дұрыстауды және бұл бағытта бірқатар қателіктер бар екендігін жеткізді.

 «AQ-QARA.KZ»-ақпарат 

 

Оқылды 373 рет