Жұма, 26 Ақпан 2021 16:51

Түркістан әуежайының аумағына 140 мың көшет егілді

Түркістан қаласынан 16 шақырым қашықтықта орналасқан халықаралық әуежайға барар тасжолдың бойы тұтастай жасыл желекке бөленеді, деп хабарлайды облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі.

 

Мұнда 140 мың түп шаған, үйеңкі, қарағаш, бозарша, жиде ағаш көшеттері отырғызылды. Бүгінде тамшылатып суару жүйелері жүріп жатыр. Мамандардың айтуынша, алдағы 2-3 жылда бұл аймақ жайқалып, қалың орманға айналады. Енді бұл жерлерге далалық шөп тұқымдары себіліп, газон төселмек.

Жасыл желекке оранған қаладағы құрылыс барысын бақылауға шыққан облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев жауапты тұлғаларға тапсырмалар беріп, жұмысты ширатуды жүктеді. Шаһарда тек туристтік нысандарға ғана көңіл бөліп қоймай, жан-жақты жұмыстар жүргізілуде. Түркістан қаласындағы орталық көшелердің бойында орналасқан тұрғын үйлер мен ғимараттарды бірыңғай, бір үлгіге келтіру үшін жаңарту жұмыстары жүріп жатыр.

Түркістанда жаңа желілік саябақ салынып жатыр. Ж.Майкотов көшесінің бір жақ бетінде құрылысы басталған желілік саябақ көктемде ашылады.

 «AQ-QARA.KZ»-ақпарат 

 

Оқылды 359 рет