Жұма, 26 Ақпан 2021 17:00

Түркістан: 53 млн текше метр су үнемделген

Облыстық бюджет есебінен соңғы 2 жылда 243 шақырымды құрайтын 61 каналға жөндеу жүргізіліп, 42 дана тік ұңғыма қалпына келтірілген.

Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязовтың қатысуымен өткен селекторлық жиында су үнемдеу мен технологияларды қолданатын шаруаларға басымдық беру жайы сөз болды.

Жиында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов су шаруашылығындағы өзекті мәселелер жайында баяндады.

Нұрбек Бадырақовтың айтуынша, Түркістан магистралды каналы күрделі жөндеуден өткен.

Кеңсай-Қосқорған-2 су қоймасының құрылысы жүріп жатыр. Сырдария өзенінен машиналық әдіспен Түркістан магистралды каналына ағын су тарту жобасы жүзеге асқан.

Облыстық бюджет есебінен соңғы 2 жылда 243 шақырымды құрайтын 61 каналға жөндеу жүргізіліп, 42 дана тік ұңғыма қалпына келтірілген.

Нәтижесінде 44,3 мың га суармалы жердің сумен қамтамасыз етілуі жақсарып, 53 млн текше метр су үнемделген.

«Тұран су» арнасындағы 21 каналға механикалық тазалау жұмыстары жүргізілген.

Арыс-Түркістан магистралды каналының бойындағы 97 ішкі канал облыстық коммуналдық меншікке қабылданып, осы ішкі каналдарға шектік тариф бекітілген.

Сонымен қатар, «Арыс-Түркістан каналын қоректендіретін Сырдария өзенінен машиналық каналдың құрылысы» жобасы әзірленуде.

Аталған жобалардың Түркістан облысы үшін маңызын ескеріп, қосымша Сырдария өзенінен ағын су лимиті сұратылған болатын.

Бұл мәселелер уақыт күттірмейді дейді мамандар.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат 

 

Оқылды 425 рет