Жұма, 26 Ақпан 2021 20:00

Түркістан: Мемлекеттік қызметшілер «Суперкубок» үшін сайысты

Дені саудың жаны сау. Түркістан облысындағы мемлекеттік қызметшілер арасындағы спорт түрлерінен қысқы біріншілік өз мәресіне жетті.

Ағымдағы жылдың қаңтар айында бастау алған бәйгеде облыс әкімдігінің басқармалары, аумақтық департаменттер, сондай-ақ, құқық қорғау органдары мен аудандық әкімдіктер бағын сынаған болатын.

Ауқымды аламан додада оза шапқан жүйріктерге облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев «СУПЕРКУБОКТЫ» өз қолымен табыстады. Әдетте галстук тағып, мінберден сөз алатын шенеуніктер спорттық киімде жеңін түріп, жарысқа білек сыбана кірісіп кеткен. Өз командасына қолдау көрсетіп, тіпті жарыс шеңберінде әріптестерімен бірге ойын көрсеткендері де баршылық. Бұл бәйге тартысқа толы болды. Алға деп атойлаған мемлекеттік қызметшілердің әрқайсысы бас жүлдеден дәмелі-ақ. Алайда бақ шаба ма, бап шаба ма? Сәті түскен жан ғана «Суперкубокты» қанжығасына байлайды.

Қаңтар айында бастау алған қысқы біріншілікте волейболдан аудан әкімшіліктері арасынан 1 орын алған Сайрам ауданы әкімдігінің командасы облыстық басқармалармен бас бәйгеге таласты. Әріптестерін қолдау үшін Сайрам ауданының әкімі Ұласбек Сәдібеков те айтулы шарадан тыс қалмапты.

Қатысушылар жарыста жанталасып, беріспей берілмей жатқан сәтте Өмірзақ Шөкеев те келіп, ойын барысын тамашалады. Аламан додаға арнайы келген облыс әкімі кіл жүйріктердің есімі анықталар сәтті күтіп, соңына дейін бақылады. Нәтижесінде, Түркістан облысының қысқы біріншілігінде басым ұпаймен Түркістан облыстық Ішкі істер Департаменті жеңімпаз атанып, «СУПЕРКУБОКТЫ» қанжығасына байлады. Ал екінші орынды облыстық басқармалардан құралған «Қыран» командасы алып, үшінші орынды облыстық статистика басқармасы иеленді.

Аталған бәйгені ұйымдастыру үшін Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасынан 1 млн теңге қаржы қаралған. Жауапты мамандардың сөзіне сүйенсек, мұндай ауқымды жарыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады.

 «AQ-QARA.KZ»-ақпарат 

 

Оқылды 366 рет