Аудан әкімі Нұрбол Тұрашбеков бұл бағытта атқарылған тірліктерді қатаң бақылауына алып, күнделікті арнайы тексеруде.
Аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес, ауыл округ әкімдері тарапынан тұрғындарға аулаларындағы арық-атыздарды тазалау қажеттігі ескертіліп, түсіндірме шаралары жүргізілді.
Сондай-ақ, аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес Ордабасы ауданы әкімінің орынбасары Қыдырбай Сейтқұл мен аудандық ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы Әбілдә Әлібеков көктемгі дала жұмыстары бойынша Төрткүл, Қарақұм және Жеңіс ауыл округтерін аралап, шаруалармен кездесті.
Кездесу барысында көктемгі егіске жерді дайындау, ағын суды тиімді пайдалану, арық-атыздарды тазалау және егілетін дақылдардың өнімділігін арттыру мәселелері айтылды.
Сонымен қатар, жерді суландыруға мемлекет тарапынан берілетін субсидия тәртібі түсіндіріліп, диқандарға бау-бақша баптау жөнінде бағыттар ұсынылды.
Кездесуге "Қазсушар" Түркістан филиалының және "Тұран Су" МКК өкілдері қатысып, тұрғындардың сұрақтарына жауап берді.
«AQ-QARA.KZ»-ақпарат