Сенбі, 17 Сәуір 2021 18:19

Шымкентте ақылды су есептегіш құралдар орнатылады

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-нің сумен жабдықтау және кәріз саласындағы өндірістік процестерді цифрландыру барысымен танысты.

Онда мекеме басшысы Анарбек Орман «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында осы жылы кәсіпорындарға 3,7 мың ақылды су есептегіш құралдары орнатылатынын айтып өтті. Осылайша, коммерциялық құрылымдардың 86 пайызына адам факторының қатысуынсыз қызмет көрсетілетін болады. Алдағы 5 жылда барлық тұтынушыларға ақылды су есептегіштер орнату жоспарлануда екен.

Оның айтуынша, бүгінде қаладағы 7243 заңды тұлғалардың 2,5 мың тұтынушысы электрондық басқару функциясы бар «IC-card» ақылды су есептегішті пайдаланып отыр.

Осы ретте әкім қаланың су жүйесіндегі ақаулар мен жөнделуін және сервисін 100 пайыз автоматтандырсақ қана сапалы қызметке қол жеткізілетінін атап өтті. Сонымен бірге қаланың геопорталына барлық саланың мәліметтері бірегей форматта жиналуы керек, сосын сол жүйені пайдалана отырып әр сала дамуы керек екенін жеткізді.

Мұнда ауыз суды өндіру және жеткізу жүйелерінде қысымды өлшеуге арналған 114 бақылау нүктелері бар. Барлық ақпарат Су Арнасының орталық диспетчерлік қызметіне келіп түседі. Тазарту құрылыстары кешенінде де цифрлық технологиялар жұмыс істейді. Нақты уақыт режимінде агрегаттар мен қондырғылардың жұмысын байқауға болады, соның арқасында айтарлықтай ресурстар үнемделеді.

Сандық технологиялар кәсіпорын қызметінің барлық салаларында қолданылатынын айтқан серіктестік басшысы цифр¬ландырудың арқасында тұрғындар суды үнемдей бастағанын, халыққа қызмет көрсету сапасы жоғарылағанын айтты. Бұдан бөлек, ол 2025 жылға дейін Шымкент қаласының сумен, кәріз жүйесімен қамтамасыз ету туралы стратегиясына қол жеткізуіміз керек деп атап өтті.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

 

Оқылды 197 рет