Сәрсенбі, 21 Қыркүйек 2022 18:09

ШЫМКЕНТ: АЗАМАТТАРДЫ АРЕНДАЛЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙМЕН ҚАМТУ МӘСЕЛЕСІ ТЕК КЕЗЕКПЕН ЖҮЗЕГЕ АСАДЫ

Бүгін Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасының басшысы Жанат Өтебаева тұрғындарды баспана мәселесіне қатысты қабылдау өткізді.

Басқарма басшысы қабылдауда болған азаматтардың мұң-мұқтаждығын тыңдап, Заңға сәйкес түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Аталған азаматтардың тұрғын үй кезегіне тіркелуге, тұрғын үйді жекешелендіруге, және жеңілдетілген несиелік бағдарламаларға қатысу арқылы баспаналы болудың бағыттарына қатысты сұрақтары тыңдалды.

- "Баспана мәселесі адам өміріне ерекше ықпалы бар тұрмыстық ахуал екені белгілі. Осыған байланысты біздің басқарма өзіне жүктелген міндет жүгінің қаншалықты жауапты екендігін жете сезіне отырып, сапалы жұмыс атқаруға күш салуда. Бүгінгі таңда Шымкент қаласы бойынша коммуналдық тұрғын үй қорынан пәтерге мұқтаждар кезегінде 49 мыңнан аса азамат тіркелген. Бұл ретте азаматтарды баспанамен қамту мәселесі тек кезек реті арқылы ғана жүзеге асатындығын ерекше атап өтемін",- деді басқарма басшысы Жанат Өмірсейітқызы.

Жалпы биыл тұрғын үй кезегіндегі 748 отбасыны сатып алу құқығынсыз әлеуметтік баспанамен қамту жоспарланған болса, оның ішінде ағымдағы жылы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар санаты бойынша - 31, көпбалалы отбасылар – 86, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобы бойынша – 95 отбасыға пәтер кілті табысталды. Қалған пәтерлер алдағы уақытта жыл соңына дейін пайдалануға тапсырылатын болады. Бұдан бөлек биыл «Жастар» бағдарламасы бойынша 857 азамат сатып алу құқығынсыз пәтермен қамтылады.

Айта кету керек, қазіргі таңда тұрғын үй кезегі арқылы азаматтарға арендалық баспаналар сатып алу құқығынсыз берілуде.

«Тұрғын үй қатынастары» заңына сәйкес, тұрғын үй құрылысы мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде тұрғын үйді сатып алу кезінде ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін табысы төмен отба­сыларға тұрғын үй сертификаты ұсы­нылуда. Шымкент қаласы бойынша тұрғын үй сертификаттары 2019 жылдан бастап беріле бастаған. 2019 жылы 21 азаматқа 20,4 млн теңгеге, 2020 жылы 101 азаматқа 100 млн теңгеге тұрғын үй сертификаттары берілсе, 2022 жылы 500 азаматқа 1 млн теңгеге дейін  қайтарымсыз негізде  бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін әлеуметтік көмек қарастырылып отыр.

Оқылды 103 рет