Жұма, 30 Қыркүйек 2022 16:16

РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АРДАГЕРЛЕР ҰЙЫМЫНА - 35 ЖЫЛ!

Биыл еліміздегі ең үлкен қоғамдық бірлестік, қазыналы қарияларды бір шаңырақ астына біріктіріп отырған Республикалық ардагерлер ұйымының құрылғанына – 35 жыл толды. Бүгінде қоғамда өзіндік орны бар іргелі ұйым шаһардың саяси, әлеуметтік – экономикалық дамуына белсенді атсалысып келеді.

Осыған орай бүгінде ардагерлердің басын қосқан мерекелік іс-шара өтті.

Мерекелік шараға еңбек ардагерлерімен, кеңес мүшелерімен бірге қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков, облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенұлы, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетов, қалалық мәслихат хатшысы Мақсат Таңғатаров және қалалық мәслихат депутаттары қатысты.

“Ардагерлер кеңесі 35 жылдың ішінде ұйымдық тұрғыдан нығая түсті. Сіздер қоғам өміріне белсене араласып, халықтың береке- бірлігі жолында тер төгіп жүрсіздер. Қадірлі ардагерлер, баршаңызға ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық, күш-қуат тілеймін”- деді қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков өз сөзінде.

Ардаргерлер кеңесінің құрылуы мен өркендеуіне жергілікті ардагерлердің сіңірген еңбегі орасан зор. Бұл күні олардың еңбегі елеусіз қалмай, түрлі марапаттарға бөленді.

Атап айтсақ, қоғамдық өмірде белсенділігімен ерекшеленген бір топ ардагерлерге арнайы мерекелік алғыс тапсырылды.

Сонымен қатар,Килибаев Серік пен Ахаев Серікке “Түркістан қаласына сіңірген еңбегі үшін” медалі табысталды.

Мерекелік кеш қалалық мәдениет үйі дайындаған концерттік бағдарламаға жалғасты.

Оқылды 76 рет