Жұма, 28 Қазан 2022 16:50

Сауран ауданындағы екі ауылдық округке табиғи газ берілді

Сауран ауданына қарасты Шаға және Жаңа Иқан ауылдық округтері табиғи газға қосылды. Табиғи газға қосылу шарасына Түркістан облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Роза Олжабайқызы, аудан әкімі Ғани Рысбеков, ауыл ақсақалдары және Интергаз Орталық Азия АҚ-ның Түркістан газ шаруашылығының басшысы Ақиқат Абдуллаев қатысып, халықты көгілдір отынның келуімен құттықтап, ізгі тілектерін айтты.

Табиғи газ беру жұмыстары Шаға ауылдық округіне қарасты Қазақстанның 30-жылдығы елді мекенінен басталды. Қалған елді мекендерге табиғи газ беру жұмыстары ретімен жалғасын табатын болады. Шаға және Жаңа Иқан ауылдық округтеріне табиғи газ №16 Ескі Иқан автоматтандырылған газ тарату станциясы арқылы беріледі. Аудан әкімдігімен «ҚазТрансГаз» АҚ елді мекендерге газ беру жұмыстарын жүргізуде. Әрі қарай әр азамат өз үйіне немесе басқа да нысандарға газ қосу үшін өтініш білдіріп, мердігер мекемелермен келісім-шартқа тұрып, құжаттарды түгелдегеннен кейін жеке шот ашылып, абоненттер санына қосыла алатын болады.

Бүгінде Түркістан облысын газдандыру деңгейі 67,2%-ды құрайды немесе шамамен 1,4 млн.адам газға қол жеткізе алады. Бұл туралы таяуда Түркістан облысының тұрғындарымен кездесуіндде сөйлеген сөзінде ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов  мәлімдеген болатын. 2021 жылы газ инфрақұрылымының 5 жобасы аяқталып, бұл 7 елдімекенді немесе шамамен 8 мың адамды көгілдір отынға қол жеткізумен қамтамасыз етуге мүмкіндік берген, 2022 жылы газ инфрақұрылымының 24 жобасын аяқтау жоспарланып, соның нәтижесінде 31 елдімекен немесе 41 мыңнан астам адам газбен қамтамасыз етілмек. Сонымен қатар, ведомство басшысы мемлекеттік органдар мен ұйымдардың бірлескен жұмысының қорытындысы бойынша бүгінде 231 объекті пайдаланушы ұйымдардың теңгеріміне беру бойынша Үкіметтің бірқатар қаулысы қабылданғанын атап өткен-ді. 21 объектіні беру бойынша шаралар қабылдануда, қалғандары бойынша құжаттаманы сәйкес келтіру бойынша жұмыстары жүргізіліп жатыр деді министр.

«Бұған қоса, 78 елдімекендегі объектілер бойынша облыс әкімдігі мен Қазақгаз объектілердің техникалық жағдайын сәйкестендіру бойынша тиісті жұмыстар жүргізгеннен кейін бүгінгі таңда 66 елді мекен газға қосылды, қосымша 7 елдімекенді қосу жоспарлануда, 5 елдімекенді газға қосу бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде», - делінген министрліктің баспасөз хабарламасында.

Жалпы, 2030 жылға дейін қазақстандықтардың 65 пайызын газбен қамту жоспарланып отыр, – деп хабарлайды «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік палатасы. Палата дерегіне сүйенсек, көгілдір отынға бірінші кезекте еліміздің орталық және солтүстік өңірлері қосылады. Жоспарға сай, газ өндіру көлемі артады. Яғни, бүгінгі 29,4 млрд текше метрден, 2030 жылға қарай 42 млрд текше метрге дейін. Сондай-ақ, көгілдір отын тасымалдауға арналған инфрақұрылымның 25 пайызы жөндеуден өтпек.– Жоспарға қарамастан, іс жүзінде өндірілетін шикі газдың үштен бірі оны өндіру ісінде энергия көзі ретінде қайта жұмсалатынын ұмытпаған жөн. Бұл орайда көгілдір отын өндіретін кәсіпорындардың техникалары мен қажетті құрал-жабдықтарына кететін энергияны басқа көздерден алуды қарастыру маңызды. Осылар жүйелі жолға қойылса, онда газ көлемін жылына 33 млрд текше метрге дейін арттыруға болады, – дейді «Атамекен» палатасы базалық салалар департаментінің басқарушы директоры Дінмұхамед Құдайбергенов. Бұл бағыттағы жұмыстарды шешу үшін кәсіпкерлер палатасы шағын және орта бизнес өкілдерін тартуды, оларды ынталандыру шараларын бекітуді ұсынып отыр.

Дерек ретінде айта кетсек, тәуелсіздік жылдарында газ өндіру 7 есеге артты. Алдағы уақытта Қарашығанақ, Қашаған және Теңіз объектілерінде жобаларды іске асыру, сондай-ақ жаңа перспективалы кен орындарын уақтылы пайдалануға беру шикі газ өндіруді 2030 жылға қарай 87,1 млрд текше метрге дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Шикі газ өндірудің ұлғаюымен қатар тауарлық газ өндірісінің ұлғаюы да күтілуде. 7 жаңа кен орнын (Орталық Өріктау, Батыс Прорва, Придорожное, Анабай, Рожковское, Аңсаған, Токорев тобын) игеру, сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмалары шеңберінде қамтамасыз етілетін Қашаған мен Жаңаөзенде газ өңдеу зауыттарын салу, оларды іске асыру есебінен тауарлық газ өндірісі 2030 жылға қарай 42,2 млрд текше метрге дейін ұлғайтылатын болады.

Елді газдандыру бойынша соңғы 5 жылда газдандыруға бөлінетін қаражат көлемі 5,4 есеге ұлғайып, бұл елді газдандыру деңгейін 8% арттыруға мүмкіндік берді. 2021 жылы министрліктің бюджеттік бағдарламасы бойынша жергілікті атқарушы органдарға 146 жобаны іске асыруға республикалық бюджеттен 51,3 млрд теңге мөлшерінде қаражат бөлінген екен. Аталған жобаларды іске асыру 3 жыл ішінде 154 елді мекенді немесе 330 мыңға жуық халықты газдандыруға мүмкіндік береді. Биыл 1,8 мың км газ желісі салынған, бұл 46 елді мекен немесе қосымша 135 мың адам газға қол жеткізді.«Осылайша еліміздің газдандыру деңгейі 55%-ға жетті. Бұл дегеніміз 10 388 мың адам табиғи газбен қамтылды. Газдандырудың жеделдетілген қарқыны 2030 жылға қарай 13,5 млн адамды немесе ел халқының 65% табиғи газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», — дейді сала басшысы.

Газбен жабдықтау жобалары бойынша. Тұтынушылардың табиғи газға деген өсіп келе жатқан қажеттілігін жабу үшін газ тасымалдау жүйесін салу жөніндегі жобалар әртүрлі сатыда іске асырылуда. Маңғыстау және Атырау облыстарындағы 307 млрд теңге сомасына 3 жоба – Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауы барысында берілген тапсырмаларын орындау шеңберінде іске асырылуы қамтамасыз етілетін негізгі газбен жабдықтау жобалары болып табылады. Бұл жобалар «Мақат – Солтүстік Кавказ» магистральдық газ құбырының лупингін салу, «Бейнеу – Жаңаөзен» магистральдық газ құбырының 2-ші желісін салу және «Бейнеу – Жаңаөзен» магистральдық газ құбырының 1-ші желісін күрделі жөндеуді қамтиды.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат»

Оқылды 359 рет