Қазіргі кезде біздің мемлекетімізде қарттарға үлкен мән беріп, көңіл аударып, жан- жақты үкімет тарапынан қамқорлық жасалуда. Қазақстанның өсіп- өркендеуіне, еліміздің бейбітшілік тыныш өмір кешуіне өз үлестерін қосқан осы ардақты да аяулы қарттарымыздың арқасы деп есептейміз. Ендеше қазынамыз болған қарттарымызды бағалай білейік!
Ата-бабадан жалғасып келе жатқан қазақ халқының өнегелі қасиетінің бірі – қариясын құрметтеу. «Қарты бар үйдің қазынасы бар» деп бекер айтылмаса керек. Қазақ халқы қашанда қариясына ізет пен құрмет көрсеткен. Дей тұрғанмен, кейбір қарияларымыздың сый-құрметке бөленбей, үй шаруасын жалғыз өзі атқарып жүргені қынжылтады. Ислам дінінде қарттарды қадір-леу уахимен бекітілген екен. Пайғамбар (с.ғ.с.) өз хадисінде: «Жебірейіл періште маған үлкендерді алға шығар деп бұйырды», – деген. Сондай-ақ, Мұхаммед (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Ақ шашты, ақ сақалды мұсылман қарияны ізет тұту – Алланы ұлықтаудың бір түрі», – деген. Демек, жасы үлкен адамды қадірлеу – берекенің артуына сеп болады екен.Қазақ халқы қашанда жасы есейген адамдарды құрметтеген. Тарихқа сүйенсек, XIX ғасырдың аяқ кезінде неміс ғалымдарының бірі Ф.Фон Шварц: «Қырғыз-қайсақтарда сұлтан, батырлармен қатар барлық жасы үлкен, қартайған ер азаматтың бәрі де кім екеніне, қандай тектен шыққанына қарамай, ерекше сый-құрметке бөленеді», – деп жазады.
Қазіргі рухани құндылықтар таразысын материалдық байлық басқан заманда қарапайым қағидаларды орындауға қарекет қылдық па? Сананы тұрмыс билеген заманда қазыналы қарттарымызды сыйламақ түгіл, өз балалары үйіне сыйдырмай қарттар үйіне апарып тастағанын естігенде денең түршігіп, ауыр күрсінеді екенсің. Бұрын қазақ жерінде қарттар, жетімдер үйі деген болды ма? Есігінде құлпы, даласында түрмесі болмаған ата-бабалармыздың өркениетті қоғамына жете алмай жүрген жоқпыз ба? Әйгілі Қашаған ақын: «Жетпістен жасы асқанда, сексенге аяқ басқанда, жастар елеп келмесе, келіп сәлем бермесе, күнде асыл кисе де, қартайғанда ер жетім», – деп қалай тауып айтқан десеңші?! Қысқасы, біз ата-анамызға, қарттарымызға құрмет көрсеткенде ғана бақытқа қол жеткізе алады екенбіз. Ертеңгі күні біз қартайғанда балаларымыз бізге жақсы қарағанын қаласақ, біз де ата-анамызға құрметпен қарауымыз керек.