Іс-шараға қатысқан қала әкімінің орынбасары Ерлан Күзембаев сөз алып, балаларға жылы лебізін білдірді. «Біз мүмкіндігінше қоғамнан қамқорлық күтетін жандарға әсіресе, ерекше жағдайдағы балаларға қолайлы орта қалыптастыруға ықпал жасауымыз қажет. Алдағы уақытта осындай игі шаралар дәстүрлі түрде өткізіліп, жалғасын табады»– деді ол өз сөзінде.
Сонымен қатар, шарада Түркістан қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетов, қалалық мәслихат хатшысы Мақсат Таңғатаров және қаламыздың бас имамы Жұмадуллаев Мұхамеджан да өз кезегінде осындай қайырымды істің басы-қасында жүрген азаматтарға алғысын білдіріп, ізгі тілектерін жеткізді.
Мұндай шаралар ерекше қажеттілігі бар балаларға серпін береді, өмірге деген қызығушылығын арттыра түседі. Сол себепті оларға барынша қолдау көрсету баршамыздың ортақ парызымыз дейді ұйымдастырушылар.
Жиын соңында әр балаға бағалы да, өздеріне пайдалы сыйлықтар табысталып, бүлдіршіндер әннен шашу шашып, өнерлерін ортаға салды. Акция аясында балалар жаңа ашылған саябақты аралап, «Керуен сарай» кешенінде қайықпен қыдырды.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңа жыл қарсаңында 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялап, денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау бағытында нақты шаралар қолға алынуы керек екенін айтып, тапсырма берген еді. Мемлекет басшысы: – Әңгіме жалаң ұран мен мерекелік шаралар туралы емес. Бірінші кезекте билік тарапынан балаларды қорғау үшін денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау бағытында нақты шаралар қолға алынуы керек. Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз ,– деп, бұл жылда істелетін жұмыс нәтижесін құр даңғыра сөзбен емес, нақты іспен көрсету керектігін ескерткен болатын.
Сондай-ақ ол өскелең ұрпақтың мәселесіне мән беру арқылы, ұлт тағдыры шешілетінін, ал оларға жол ашу үшін барлық жағдайды жасау керегін жеткізген еді. Ал енді осы берілген тапсырма мен айтылған мәселе төңірегінде елімізде қандай шаралар ұйымдастырылып, қандай шаруалар атқарылып жатыр екен, соған сараптама жасап көрген едік. Бала тәрбиесі мен білімі туралы сөз болғанда ойға Білім және ғылым министрлігі оралса, ал әңгіме оның жан-жақты жетілуі мен рухани дамуына ойысқанда Мәдениет және спорт министрлігі назарға ілінеді. Аталған министрліктердің «Балалар жылына» қатысты қандай жаңалығы мен балаларға арналған базарлығы бар екен?
Бұл жыл шынында да балалар үшін берекелі жыл болмақ. Өйткені әлемдік білім бәсекесінде топ жарған жеңімпаздарға үлкен сый-сияпат көрсетіледі. Президент жақында халықаралық пәндік олимпиада жеңімпаздарына бір жолғы ақшалай сыйақы беру туралы заңға қол қойған болатын. Ол заңға сәйкес алтын медаль алған оқушыға 1 500 АЕК, күміс медальға 1 000 АЕК, қола медальға 500 АЕК көлемінде ақшалай сыйақы беріледі әрі ол оқушыларды жарысқа дайындаған педагогтерге де осындай ақылы сыйақы тағайындалған. Сондай-ақ халықаралық олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлерінің еліміздегі ЖОО-ға түсу үшін автоматты түрде гранттарға ие болу мүмкіндігі бар. Бұл білім бәйгелерінде бақ сынайтын балалар үшін үлкен «базарлық» екені даусыз. Бұдан бөлек, биыл елімізде өткен аудандық, облыстық, республикалық олимпиадалар биігінен көрінген балалар саны аз емес, мыңға жуықтайды. Жүлделі орындарды иеленген оқушының жалпы саны 920-ны құраса, оның ішінде 183 оқушы алтын, 274 күміс және 463 оқушы қола медаль иегері атанған.
«Балалар жылына» қатысты шаралардан өңірлер де шет қалып жатқан жоқ. Соңғы 4 айдың ішінде еліміздің әр аймағында 5 000-нан аса өңірлік іс-шара өткен. Сол шаралар кезінде басты назар аз қамтылған отбасы балалары, көп балалы отбасы, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға қарай бағытталған. Сонымен қатар биыл «Балдәурен» базасындағы балалар лагерінде ЖОО, колледж педагогикалық бөлімшелерінің мүшелері қатысуымен «Балалық шақ навигаторлары» республикалық слеті өтсе, «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында елордалық 28 мектептің кітапханасы жаңғыртылып, 29 мектепте коуоркинг аймақтары ашылды.
Білім және ғылым министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Есенғазы Иманғалиевтың айтуынша, министрлікте балалардың жан-жақты дамуы мен жетілуіне бағытталған ауқымды іс-жоспар қабылданыпты.– Іс-шаралар жоспарының мақсаты – балалардың физикалық, зияткерлік, рухани, адамгершілік дамуына ықпал ететін жағдайлар жасау арқылы олардың өмір сүру сапасын жақсарту, балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету. Олар 7 бөлім бойынша 50 тармақтан тұрады. Ол 50 тармақтың ішінде 65 іс-шара бар. Және одан бөлек баланың шығармашылық, зияткерлік қабілеттерін дамыту мақсатында бағытталған 21 іс-шара кіреді. Бірақ «Балалар жылы» осы аталған шаралармен ғана шектеліп қалмайды, республикалық жоспардан бөлек, тағы да 17 өңірлік және 280 аудандық, қалалық білім ұйымдарының жоспарлары қабылданды, – деген еді комитет төрағасы. Сол аталған 7 бағытқа қысқаша тоқталып өтуді жөн көрдік. Алғашқы бағыт – «Білімді бала». Оның мақсаты – балалардың сапалы білім алуға және жеке тұлға ретінде дамытуға қатысты құқықтарын жүзеге асырып, оқу-тәрбие процесінде тәрбие компонентін күшейту. Оның шеңберінде сыныпта және мектептен тыс тәрбие жұмыстарында балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау бағытындағы шаралар жүзеге асады. Ал екінші «Отбасы – қауіпсіз мекен» бағыты баланың білім алу құқықтарын жүзеге асыру мен отбасындағы адамгершілік және рухани құндылықтарды насихаттауды қамтиды. Бұл жоба кезінде өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасылар мен тұлғаларға көмек көрсету бойынша іс-қимыл алгоритмін әзірлеу, және жекелеген санаттағы балаларға материалдық көмек көрсетудің қолданыстағы жүйесін өзгерту бойынша ұсыныстар енгізу секілді іс-шаралар жүзеге асады. Үшінші бағыт – «Дені сау бала» жобасы. Оның мақсаты – балалар мен мүмкіндігі шектеулі балалардың денсаулығын нығайту шараларын ұйымдастыру және олардың құқықтарын қорғау. Оның шеңберінде ҚР неонаталды хирургияны одан әрі дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеу, балалар онкологиялық және гематологиялық көмек көрсетуді жетілдіру бойынша Жол картасын әзірлеу, жаңа туған нәрестелер мен кішкентай балаларға скринингтік зерттеулер, 18 жасқа дейінгі балаларға профилактикалық медициналық тексерулер жүргізу, амбулаториялық қамтамасыз етуге арналған дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың тізбесін кеңейту секілді іс-шаралар іске асады. Оған қоса мүмкіндігі шектеулі балаларды медициналық оңалтумен қамтуды ұлғайту қолға алынбақ. Төртінші «Баласын жетімсіретпеген ел» жобасында жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқығын қорғау бойынша іс-шаралар қолға алынады. Атап айтсақ, өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталықтарының функцияларын кеңейту, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды отбасына орналастырудың баламасын әзірлеу секілді іс-шараларды қамтиды. Бесінші бағыт «Жайлы мекен» жобасы балаларға арналған инфрақұрылымды дамытуға бағытталған. Дәлірек айтқанда, қала, елді мекендердің инфрақұрылымын қауіпсіздік тұрғысынан дамыту, арнайы мектептер мен мектеп-интернаттарды жарақтандыру, «2025 жылға қарай 1000 мектеп» бағдарламасы аясында салынған жаңа мектептердің ашылу салтанатын өткізу, «Балаға мейірімді қала» ұлттық сыйлығын енгізу секілді іс-шаралар легін қамтиды. Ал келесі «Бала қорғау» жобасы балалардың қауіпсіз даму жағдайларында құқығын жүзеге асыруға бағытталып отыр. Мұнда бұқаралық ақпарат құралдарында суицид тақырыбын жариялау мәселесі бойынша ұсынымдар әзірленеді.
Соңғы бөлімдегі BALA_TIME.KZ жобасында балалар мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Оның аясында балаларға арналған арнайы медиа өнімдерді шығару және тарату: телешоулар, сериалдар, деректі фильмдер, әлеуметтік желілердегі имидждік өнімдер, «Балапан» телеарнасында мультимедиялық және танымдық контентті көрсету жоспары бар. Енді баланың рухани, мәдени дамуына тікелей әсер ететін Мәдениет және спорт министрлігіндегі жаңалықтар мен атқарылып жатқан шаруаларға тоқталсақ…
Министрлік дерегіне сүйенсек, мәдени сала бойынша балаларға арналған ауыз толтырып айтатын жаңалықтар аз емес екен. Мысалы, қазір 1 миллионнан астам баланы қамтитын 6 ірі жоба іске асырылып жатқан көрінеді. Алдағы уақытта министрліктің бастамасымен 5 үлкен жаңа жобаны іске асыру жоспарланып отыр екен. Олардың қатарында С.Прокофьевтің «Золушка» балалар балетінің премьерасы; Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған «Newart» балалар шығармашылығының фестивалі; 200 астам баланы қамтитын «Жас қаламгер» оқыту мектебі; Astana Piano Passion жас пианистердің республикалық конкурсы; «Мейірім» балалар шығармашылығының инклюзивті музейлік фестивалі бар. Сонымен қатар балалардың шығармашылық әлеуетін қолдау және дамыту мақсатында, жыл басынан бері 22 000-ға жуық бала театрларға, 30 000-нан астам бала музейлерге, 730 000 бала киносеанстарға барса, олардың 4 000-ы ауылдық жерлерде болып қайтқан. Енді жыл соңына дейін де осы көрсеткішкерді арттырмақ ниеттері бар екен.
Деректерге сенсек, елімізде 6,1 млн бала бар екен. Оның 3,4 миллионы мектепте оқыса, 914 мың бала мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтылған. Сол бүлдіршіндердің құқығын қорғау, жан-жақты дамытуға бағытталған жобалар мен шаралардың көптігі көңіл қуантады. Дегенмен басты назар олардың санына емес, сапасына аударылса деген ниет бар.
Кез келген қоғамның даму деңгейі балалар, қарттар және мүмкіндігі шектеулі жандардан тұратын қорғауды қажет ететін адамдар тобына деген қарым-қатынаспен өлшенеді. Бүгінде қоғамда болып жатқан әлеуметтік мәселелер: отбасылық, экологиялық, экономикалық дағдарыстар жүйке жүйелері бұзылған, әртүрлі психика балалық-физикалық аурулары бар, жас ерекшелігі әртүрлі балалардың көбеюіне әкеліп, соқтырып отыр. Ресми мәліметтерге сүйенсек, қазіргі таңда Қазақстанда 600 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі адам тұрып жатыр, бұл жалпы халық санының 3,5 пайызын құрайды. Солардың 69 мыңы балалар, оның мектепке дейінгі жастағы 15 мың бала елімізде 39 арнайы балабақша мен 315 арнайы топтарда білім мен тәрбие алуда. 106 арнайы мектеп және жалпы білім беретін мектептер жанындағы 1219 арнайы сыныптарда 25 мыңға жуық мектеп оқушылары білім алып жатыр. Қазіргі таңда мүмкіндігі шектеулі балаларға коррекциялық-педагогикалық қолдауды 17 реабилитациялау орталықтары, 133 психологиялық-педагогикалық коррекциялау кабинеттері, мектеп жанындағы 558 логопедиялық пунктері көрсетуде. Республикада 18 жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі 138 513 бала бар, ол барлық балалар санының 2,8 % құрайды. Соның ішінде, мектеп жасындағы балалар саны — 93 740 баланы, мектеп жасына дейінгі — 44 773 бала.
Бүгінгі бала – ертеңгі азамат. Сол азаматты балабақшадан бастап болашақ өмірге бейімдеу, дені сау адамдардың арасында өздерін жәйлі сезіну үшін қолайлы атмосфера қалыптастыру – білім беру ұйымдарының міндеті болып табылады. Әр бала дүниеге келген соң оқуға, білім алуға құқылы. Тұңғыш президентіміз Н.Назарбаевтың 2014 жылғы «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты халыққа Жолдауында даму мүмкіндігі шектеулі адамдарға қолдау мен көмек көрсету мәселесіне арнайы тоқталғаны белгілі. Атап көрсетсек, «…мүмкіндігі шектеулі азаматтарымызға көбірек көңіл бөлу керек. Олар үшін Қазақстан кедергісіз аймаққа айналуға тиіс. Бізде аз емес,ондай адамдарға қамқорлық көрсетілуге тиіс – бұл өзіміздің және қоғам алдындағы біздің парызымыз. Бүкіл әлем осымен айналысады» — деген болатын.
Еліміздің кішкентай тұрғындарының қауіпсіздігі, денсаулығы, білім алуы мен әлеуметтік қамтамасыз етілуі аса маңызды. Өйткені кішкентай болғанымен балалар да қоғамымыздың бір бөлшегі. Сондықтан былтыр ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында балалардың құқықтарын қорғау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар қаралып, 2022 жылы балалардың қауіпсіздігін, денсаулығын, білім алуын, материалдық әл-ауқатын, әлеуметтенуін қамтитын балалар игілігінің қазақстандық индексін енгізу жоспарланған болатын. Шын мәнінде бұл өте жақсы бастама!Премьер-Министр көшеде, білім беру ұйымдарында, демалыс кезінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтіп, балалар ұдайы қоғам қамқорлығында болуы керек екенін айтқан болатын. Осыған орай денсаулық сақтау министрлігіне, әкімдіктерге аурулардың алдын алу және ерте диагностикалау, оңалту, ауруды бала жастан бақылау бойынша шаралар қабылдау, мектеп медицинасын, ерте даму және скрининг кабинеттерінің, балалар үйлерінің, балалар стационарлары мен емханаларының материалдық-техникалық базасын жетілдіру тапсырылды. Яғни балаға жасалған қамқорлық жан жақты, заманауи болуы керектігіне назар аударылуда. Қазір осы мақсатта көптеген жұмыстар атқырылуда. Бұл еліміздің балдырғандарына жасалып отырған үлкен қамқорлық екені даусыз. Өйткені елімізде туабітті түрлі аурулардан зардап шегіп келе жатқан сәбилер көп, одан қалды балалар арасында таралған түрлі дерттер жетерлік. Ересектерден жәбір көріп, үлкендердің әлімжеттігіне ұшырап жатқан балапандар да бар. Сондықтан қоғам қамқорлығын сезінтіп, балалар арасында таралған дерттердің алдын алуда мұндай қадамдардың маңызы зор.
Сондай-ақ Үкімет басшысы әкімдіктерге спортпен айналысатын балалардың санын арттыру бойынша да шаралар қабылдауды тапсырған болатын. Мүмкіндігінше ерте бастан спортпен айналысу көп нәтиже беретінін және балалардың спортпен айналысуы олардың денсаулығының кепілі екенін ескерсек, балаларға спортты қолжетімді қылудың пайдасы жоғары. Осы орайда биылдан бастап Қазақстанда балалар үйірмелері мен спорт секцияларын мемлекет тарапынан қаржыландыру арқылы балаларды тегін үйірмелермен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен, ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саиннің бастамасымен биылдан бастап 4-17 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдерді мемлекеттік шығармашылық тапсырыс арқылы үйірмелермен қамту жобасы іске асырылуда. Балалар мен жасөпірімдер бос уақытын тиімді өткізу; өнерге деген қызығушылығын арттыру, талаптарын ұштау; эстетикалық тәрбие мен шығармашылық қабілеттерін дамыту; шеберліктерін шыңдау, ой-өрісін жан-жақты кеңейтуді мақсат еткен үйірмелерге қатысушылар қазірдің өзінде өте көп тіркелуде. Artsport.edu.kz ақпараттық жүйесі арқылы тіркеліп, кез-келген ата-ана балаларын мемлекет тарапынан қаржыландырылатын тегін үйірмелерге қатыстыра алады. Биылдан бастап қолға алынған үйірмелерге сұраныс жоғары болып тұр.
Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапанов «Балалар үйірмелері мен спорт секцияларын жан басына қаржыландыруды іске қосу процесін автоматтандыру мақсатында Artsport.edu.kz ақпараттық жүйесі әзірленді, оған республиканың барлық облыс орталықтары мен республикалық маңызы бар қалалар қосылған. Онда жұмыс істеу бойынша барлық өңірлердің өкілдері оқытылды. Енді үйірмелер іске қосылуда», — деген болатын. Алдағы уақытта осынау үйірмелер арқылы қалаған спорттық секциялары мен шығармашылық бағыттағы үйірмелер арқылы балалардың бос уақыты тиімді ұйымдастырылып, жаңа қырлары ашылатынына үміт мол. Шыны керек, ата-аналар елімізде үйірмелердің қымбаттығына, оны қалталарының көтере бермейтініне жиі шағымданатын. Бос уақыты көп баланы көше тәрбиелеп, көп жағдайда теріс жолға түсіп кетіп жататыны да қоғамымызда жиі айтылатын. Жалпы тегін үйірмелер талай ата-ананың арманы болатын. Сондықтан баланың дамуы мен қалыптасуына оң ықпал ететін шығармашылық үйірмелері мен спорттық үйірмелердің мемлекет тарапынан тегін ұйымдастырылғаны үшін қазір елімізде талай ата-ананың тиісті орындарға алғысы мол!
Елімізде соңғы бір жыл ішінде балаларға жасалған қамқорлық, базарлық бұл ғана емес. Былтыр елімізде балалардың құқықтарын қорғау саласында 22 нормативтік құқықтық акт әзірленіп, қабылданды. Бала құқықтарын қорғауды күшейту, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл және жасөспірімдер арасында суицид мәселелерін шешу жөніндегі 2020-2023 жылдарға арналған жол картасы бекітілді. Елімізде балалардың суициді де жиі тіркеліп кеткенін ескерсек, бұл өте дұрыс қадам болды. Кейде бізге болмашы көрінген балалар мәселелерінің өздеріне өмір бойы шешілместей, қиын, үлкен мәселе болып көрініп, оның соңы өзіне қол жұмсаумен аяқталуы орны толмас қасірет. Сондықтан алдағы уақытта балалар суицидінің алдын алу жұмыстары осы мәселенің шешілуіне түрткі болса ұтарымыз көп болмақ. Тағы бір игілік елімізде террористік әрекеттен зардап шеккен балаларды әлеуметтік оңалту қағидалары мен мерзімдері қабылданды. Сондықтан жоғарыда аталып өткен бастамалардың бәрін ескерсек, балалар мен жасөспірімдерді қолдау, қамқорлық таныту жұмыстары елімізде жолға қойылып келе жатыр деп айта аламыз.
Дегенмен әлі күнге шешілмей келе жатқан мәселелер де бар. Мәселен елімізде ата-аналардың 75 пайызы баланы ұрған дұрыс деп санайды екен. ЮНИСЕФ-тің осы тақырыпқа арналған зерттеу материалына сүйенсек, елімізде ата-аналардың 65 пайызы ұл-қыздарына ұдайы психологиялық қысым, зорлық көрсететін көрінеді. Ал ата-аналардың 39 пайызы балаларын кәдімгідей сабап алады екен. Еліміздегі тәжірибелі отбасылық психологтардың бірі Маргарита Өскембаева «Біз, ересектер, кейде: «Айналамыз неге зорлық-зомбылыққа толы?» деп таңырқап жатамыз. Бірақ өзіміздің әрекетімізге мән бере бермейміз. Ересектердің 75 пайызы өз балаларын сабап алғанды дұрыс деп біледі екен. Ересектер тарапынан орын алатын балаларға бағытталған орынсыз айқай, шапалақ, соққы, үнемі кінәлау, балаларының сөзіне мән бермеу, қатты балағаттау және қорлау, мұның бәрі зорлық-зомбылыққа жатады. Яғни осы әрекеттеріміз арқылы бала санасына «жара» саламыз. Қатігез ұрпақ қалыптастырамыз. Бала кезінен үлкендер тарапынан зорлық көрген бала уақыт өте өзі де соны дұрыс деп өседі. Және өз баласына қайталайды. Ал мұндай жолмен біз ізгі қоғам, мейірімді ұлт қалыптастыра алмаймыз. Сондықтан балалармен дұрыс қарым қатынас орнатуды үйренуіміз керек. Әсіресе ата-аналар бала тәрбиелегеннің жөні осы екен деп балаларды басынбауы керек» дейді. Маман пікірі арқылы көп нәрсені түсінуге болады. Әсіресе қоғамымызда ажырасқан ата-аналардың көбеюі, олардың өз мәселесімен бас қатырып жүріп, балаларын ойламайтынын тіпті ажырасу кезінде балаларын өз мүдделеріне сай пайдалану арқылы балаларының санасын улайтынын тәжірибе көрсетіп отыр. Ажырасудың өзі балаға кері әсер етеді. Сондықтан ажырасқан ата-аналардың балаларының да сол процестен зардап шекпеуін қажағалау қажеттілігі сезіледі.
Жалпы елімізде ата-аналармен үлкен жұмыстар жүргізу қажет. Бұл бағыттағы жұмыстар қолға да алына бастады. Мысалы енді кәмелетке толмаған балаларға қысым көрсеткендер түрмеге қамалуы мүмкін. Ішкі істер министрлігінің мамандары балабақшадағы және мектеп жасындағы балаларға жәбір көрсеткен педагогтерді қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы бастама көтерді. Өйткені балабақшаның бейнекамерасына түсіп қалған, тәрбиешілердің балаларды аяусыз ұрып соғатын көріністері соңғы кездері елімізде жиі тіркеліп жүргені жасырын емес. ҚР білім беру ісінің үздігі Ғалия Қайдауылқызы «Бұл бастаманы балалар өз мақсаттарына пайдаланып кетпесе болды. Өйткені сабақ оқымағанымен қоймай, ескерту айтқан ұстаздан «кек» қайтарғысы келіп, кейде ұстаздарды арандататын оқушылар да болады. Әсіресе жоғары сынып оқушылары» дейді. Қалай болмасын қоғамымыз үшін заңнаманың қажеттілігі сезіліп отыр. Ендеше заңның да өз дәрежесінде жұмыс істеп, бала құқығын қорғауға ат салысса мақсатымыздың орындалғаны.
Осы орайда айта кетер жайт, Ата Заңымыздың он жетінші бабында ешбір азамат өзге адамнан жәбір көрмеуі тиіс деп жазылғанымен, бұл одан әрі ешбір заңнамамен бекітілмеген. Ал заңнама арқылы бекітіп алсақ елімізде балаларды жәбірлеу азаятынына сенім мол. Өйткені ата-анасы тұрмақ балабақша тәрбиешілерінің өзі біреудің баласы демей балабақшадағы балаларды жәбірлеп жататынын анда-санда естіп қаламыз. Тіпті балабақшаға барып денесі көгеріп қайтатын балапандардың кездесуі қоғамымыз үшін үлкен сын. Баланың есін білмейтінін, тілі шықпағанын пайдаланып әлімжеттік көрсететіндерге де бұл заң тосқауыл болса қанекей! Сондықтан жаңа заңнаманың қабылдануын асыға күтетіндер көп сыңайлы. Қалай болмасын Қазақстандықтарға зорлық-зомбылықтың қылмыс екенін түсіндіретін құқықтық құжат қажет! Және оның қабылданатын күні де алыс емес.
Жалпы балаларға қатысты жасалатын зорлық зомбылықтың алдын алу мақсатында елімізде көптеген жұмыстар атқарылуда. Соның бірі «Аманат» партиясы жанындағы отбасы, әйелдер және балалардың құқығын қорғау мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңестің бастамасымен алдыңғы жылдан бері іске қосылған «111» байланыс орталығы. Қосылғанына екі жыл болған«111» шұғыл қызмет байланыс орталығы балалар мен ересектер үшін отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелері бойынша жұмыс істейді. Аталмыш байланыс желісіне қоңыраулар тәулік бойы қабылданады, барлық өтініш қатаң құпия сақталады. Осы нөмірге қоңырау шалу арқылы зорлық зомбылықтың алдын алу мақсатында барлық қазақстандықтарға арнап еліміздің түкпір түкпірінде нөмір туралы құлағдар ететін билбордтар да ілінді. Жедел топтармен бірлесе әрекет ететін «111» байланыс орталығының операторлары өмірлік қиын жағдайда қалған отбасыларға тез арада көмек көрсетуді көздейді. Келіп түскен ақпаратты облыстағы жедел топқа жібереді. Одан әрі мамандар отбасымен жұмыс жүргізіледі, көмек көрсетіліп, ата-аналарымен әңгімелеседі, балаларды медициналық тексеруден өткізеді. Егер жағдай түзелмесе, онда балалар отбасынан ажыратылады. Топ құрамына учаскелік, патронаждық қызмет, кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссия өкілдері, әкімдік өкілдері кіреді. Осы мамандар көмегімен балалар тұратын қолайсыз отбасылар анықталып, зорлық зомбылықтың алдын алу жұмыстары жүргізіледі. «Аманат» партиясы жанындағы отбасы, әйелдер және балалардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі кеңестің төрайымы Динара Закиеваның ақпараты бойынша, жылына екі мыңнан астам балаға қылмыс жасалады екен. Олардың 700-ге жуығы жыныстық қол сұғылмаушылыққа қарсы. Балаларға қатысты зорлық-зомбылық жағдайының шамамен 60%-ы отбасы ішінде болады екен. Сондықтан балаларға қатысты жасалатын әрекеттердің алдын алуда мұндай жедел желілердің маңызы зор екені даусыз. Балалар мен ересектерге көмек қажет болса немесе отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайлары туралы, балалардың құқықтарының бұзылуы туралы, баланың көшеде, үйде, көлікте жалғыз қалғаны немесе оның өміріне, денсаулығына қауіп төніп тұрса, зорлық-зомбылық пен қатыгездік жасалса немесе олар балаларға қауіп төндіретін объектіні, мысалы, ашық люкті, жоғары вольтты желіні, су көзін көрсе осы орталық көмегімен тез арада шешуге болады. Соңғы жылдары бірнеше рет ашық қалған тоқ көздерінен ажал құшқан балалар оқиғалары кездесті. Алдағы уақытта осындай қауіптердің де жедел желі арқылы алдын ала аламыз. Жалпы балаларға қауіп төндірген кез-келген мәселе жедел желі арқылы тез шешімін табады деп күтілуде. Ортақ бір желі арқылы басқарылатын 2 182 жедел топтың жұмысын мамандар да жоғары бағалап отыр. Алдағы уақытта еліміздің түкпір түкпірінде ашылған жедел желі арқылы басқаралатын топтар жұмысы арқылы балалардың құқығын қорғап, қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпал етеді деп күтілуде. Жалпы елімізде балаларды қорғау мақсатында жасалып жатқан жұмыстар, қабылданып жатқан заңнамалар, көтеріліп жатқан ұсыныстар, ұйымдастырып жатқан қайырымдылық іс-шаралары жетерлік. Демек елімізде алдағы уақытта бақытты балалық шаққа шомылған, қауіпсіз қоғамды сезінген ұрпақ та қалыптасатыны көңіл қуантады.
«Кір тигізбей ұста ойыңның өресін, мейірім етсең — мейірімділік көресің», – деген екен Жүсіп Баласағұн. Мейірімділік – ізгіліктің жолы. Жақсылық жасау дегеніміз адамдарға, айналаға, табиғатқа, қайырымдылық пен қамқорлық жасауды, көмек көрсетуді білдіреді. Адамдардың бір-біріне жиі жақсылық жасауы оларды жақындастырады, достастырады. Баланың бойына рухани-адамгершілік қасиеттерді ұялату, жақсы-жаманды ажырата білуге, адамдық асыл қасиеттерді игеруге ықпал етеді. Бір-бірімен қарым-қатынастарын жақсарту, оларды адамгершілікке, имандылыққа, шыншылдыққа, мейірімділікке тәрбиелейді. Жақсылық жасау – адам бойындағы асыл қасиеттердің бірі. Осы қасиеттер арқылы балалардың шығармашылық қиялын, ой-өрісін, есте сақтап, жүйелі ойлауын дамыта отырып, танымдық, мейрімділік қабілеттерін жетілдіреміз. Біз ұлтымыздың зияткер ұрпағын тәрбиелей отырып, баланың бойындағы адамгершілік, мейірім сезімін қаншалықты дамыта аламыз?
Мейірімділік – ізгіліктің жолы. Жақсылық жасау дегеніміз адамдарға, айналаға, табиғатқа, қайырымдылық пен қамқорлық жасауды, көмек көрсетуді білдіреді. Адамдардың бір-біріне жиі жақсылық жасауы оларды жақындастырады, достастырады. Баланың бойына рухани-адамгершілік қасиеттерді ұялату, жақсы-жаманды ажырата білуге, адамдық асыл қасиеттерді игеруге ықпал етеді. Бір-бірімен қарым-қатынастарын жақсарту, оларды адамгершілікке, имандылыққа. шыншылдыққа, мейірімділікке тәрбиелейді. Жақсылық жасау-адам бойындағы асыл қасиеттердің бірі. Жақсы адам қол ұшын беруге, жәрдем етуге, жанашырлық танытуға, көмек көрсетуге, қолдау жасауға әрдайым дайын тұрады. Риясыз жақсылық жасау-биік адамгершіліктің белгісі. Осы қасиеттер арқылы балалардың шығармашылық қиялын, ой-өрісін, есте сақтап, жүйелі ойлауын дамыта отырып, танымдық, мейрімділік қабілеттерін жетілдіреміз.
«Мейірімді адам» бойындағы қасиеттерді атап өтсек: жақсы адам, ақкөңіл, жаны таза, шыдамды, рақымшыл, жылы жүректі. Енді осындай адам деп кімді айтар едік? деп балалардан сұрасақ. Олар мейірімді жандардың қатарында ең бірінші өздерінің аналары екенін айтады. «Жылы сезім жүректерде сақталады, Мейірімділік тек жүректен басталады», — демекші балалар жүректен шыққан сөздерін, бір-біріне деген жақсы тілектері арқылы жеткізеді, мысалы «сен мейрімдісің,сен ғажайыпсың, сен ақкөңілсің, сен ақылдысың, сенің жүрегің жақсылыққа толы т.б». Осындай жылы лебіздер арқылы балалардың бір-біріне деген сыйластығы артады. Мейірімділік-адамның өзге біреуге жылылығын, ізгі ниеті мен лебізін білдіру көрінісі. Адам бойындағы бағалауға лайық қасиет — ақыл емес. Қайта сол ақылды басқаратын қасиеттер: мінез, жүрек, мейірімділік және таза ой. «Өзіңді-өзің танысаң – істің басы» деп Шәкәрім айтқандай мен өз сабағымда оқушыларға әртүрлі жағдаяттарды өздігінен шешкізе отырып, әңгімелерді талқылап, өз пікірлерін ортаға салу арқылы, өз жүрегіндегі мейірімділікті айту сонымен бірге жүрек жылуын сезіндіре отырып, қайырымдылық, қамқорлық, жанашырлық сияқты адамгершілік құндылықтарды бала кезден бастап олардың жүрегіне жылулықты қалыптастырамын. Сонымен қатар оқушылар өз бойына төмендегідей қасиеттерді сіңіреді. Осылар арқылы мейірімділік, қайырымдылық туралы түсініктерін кеңейтеді. Бір-біріне қамқорлық жасауға жетелейді. Біреудің жанын өз жанындай түсіне біледі, өзіне жақын жандарды бағалайды, сүйе біледі. Сондай-ақ ой толғау, мәтінмен жұмыс, сыни тұрғыдан ойлау, пікірталас арқылы бір-біріне өз ойларын толық жеткізе біледі. Әртүрлі бейнекөрілім көру арқылы оқушылар қамқорлықты, жұбанышын, мейірімін көре отырып, қатыгездік, жаны ашымайтынын көре отырып аяныш сезімдері оянып, ақ пен қараның ара жігін ажыратып, өз ойларын ортаға салып, өз ойларын ашық айта біледі. Бейнекөріністегі жаман қасиеттерді мен жақсы қасиеттерді ажырата біледі.
Адам баласының бойындағы әділеттілік, мейірімділік, рақымдылық, адалдық, жомарттық, қонақжайлылық, бауырмалдық, намысқойлық тәрізді ізгі қасиеттерді жүрек ісі деп түйген Абай жүректі негізгі орынға қою арқылы жүректен шыққан осындай адамгершілік қасиеттерді басты орынға қоя білді. Абайдың он төртінші қара сөзінде: «Тірі адамның жүректен аяулы жері бар ма?» Біздің қазақтың жүректі кісі дегені — батыр кісі» деген күрделі философиялық ұғым бар. Яғни, мейірбандылық, тілдің жүрекке көнуі, жаманшылыққа ермеуі — жүректің ісі. Қандай жағдай болмасын жүрегі мен ақылын қоса тыңдай алған адамның іс-әрекеті, сөзі мен ойы сүйіспеншілікке толы болады. Абай атамыз айтқандай жүректі кісі, мейірімді болуға асығайық! Еліміздің болашақ жас ұрпақтарын жан-жақты дамыту да өзін-өзі тану сабағының орны ерекше. Әр оқушының жан дүниесін тануына, әлемге көз жүгіртіп, мейірімділік жасауға бағыттайды. Мейрімділік, адамгершілік құндылықтар бала бойына үлкен мен кішінің арасын- дағы шынайы қарым-қатынас кезінде дариды. Көзге көрінбейтін өте нәзік сезімді, аса құнды қасиеттерді жүректен-жүрекке үзбей жеткізу тек шебер ұстаздың қолынан ғана келеді. Балаға жүрек жылуы қашанда қажет және ол ешқашанда артық болмайды.