Дүйсенбі, 19 Қыркүйек 2022 21:58

Түркістанда биыл 2 мыңға жуық отбасы қоныс тойын тойлайды

Түркістан облысының әкімі Дархан Амангелдіұлының төрағалығымен өткен бүгінгі аппарат отырысында Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы мен сатылымы туралы баяндады.

Шаһардың әкімшілік-іскерлік орталығында жалпы аумағы 360 мың ш.м. асатын 89 көпқабатты тұрғын үйдің (5649 пәтер) бой көтерген. Биыл тағы 2 мыңға жуық отбасы қоныс тойын тойлайды.

Жалпы 4 жылда «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 2,5 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға тапсырылып, алаңы 2 есеге артты. Осы уақыт ішінде облыс орталығында 337 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде (15 411 пәтер, 1 001,1 мың м2). 2019-2021 жылдары 113 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді (5 433 пәтер, 342,9 мың м2).

«Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй – коммуналдық даму бағдарламасы шеңберінде бірыңғай тұрғын үй саясатын іске асыру көзделген. Табысына қарай тұрғын үйге қолжетімділіктің градациялық жүйесі көзделеді. «Халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары» санаты бойынша отбасы мүшесіне ең төменгі күнкөріс деңгейі бірге дейінгі табысы бар кезекте тұрғандарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй беріледі. Салынған жалға берілетін тұрғын үй әкімдіктердің тізімінде тұрған халықтың әлеуметтік осал топтарына кезек тәртібімен сатып алу құқығынсыз ұзақ мерзімге жалға берілетін болады. Мұндай санаттағы адамдардың тізбесі "Тұрғын үй қатынастары туралы" ҚР Заңының 68-бабында келтірілген. Тұрғын үй алу үшін кезекке тұру үшін әкімдікке мұқтаж ретінде есепке қою үшін жүгіну қажет. Қызметті онлайн алу және қажетті құжаттар тізімімен порталда осы сілтеме бойынша өтіп таныса аласыз. Бұдан басқа, Жастар жылы аясында 3 жыл ішінде Астана, Алматы және Шымкент қалаларында жұмыс істейтін жастар жыл сайын жалға берілетін тұрғын үймен қамтамасыз етіледі.

"Бақытты отбасы" бағдарламасы "көп балалы, толық емес отбасылар және мүгедек балалары бар отбасылар"санатында кезекте тұрғандарға қолжетімді. Бағдарламаға қатысуға қойылатын негізгі талаптар: Қазақстан Республикасының азаматтығы; соңғы 6 (алты) айда еңбек және (немесе) кәсіпкерлік қызметтен түсетін, отбасының әрбір мүшесіне шаққанда тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда бекітілген ең төменгі күнкөріс деңгейінің екі еселенген шамасынан аспайтын табысының болуы; неке бұзылған сәттен бастап 3 жылдық мерзімнің өтуі (толық емес отбасылар үшін); төлем қабілеттілігін растау; ЖАО-ның "Тұрғын үй қатынастары туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес көзделген санаттарға қатысушылар бойынша тұрғын үйге мұқтаж адамның есепке қойылуын және тұрғын үйге мұқтаж адамның мәртебесін растауы.

Осы бағдарлама шеңберінде аталған санаттағы кезекте тұрғандарға бастапқы (оның ішінде ЖАО-ның кредиттік тұрғын үйін) және қайталама нарықтарда тұрғын үй құнының 10% бастапқы жарнасының болуымен, жылдық 2%-бен, 20 жылға дейін кредит беру мерзімімен тұрғын үй сатып алуға жеңілдетілген кредит беріледі. Астана, Алматы қалаларында және олардың қала маңы аймақтарында, Шымкент, Ақтау, Атырау қалаларында тұрғын үй сатып алу кезіндегі қарыздың ең жоғары сомасы – 15 млн.теңгеден аспайды, өзге өңірлерде – 10 млн. теңгеден аспайды.

Ең төмен күнкөріс деңгейі 3,1-дейінгі табысы бар кезекте тұрғандар: "5-20-25", "5-10-20" бағдарламалары бойынша жергілікті атқарушы органдардың кредиттік тұрғын үйлеріне және жеке құрылыс салушылардың тұрғын үйлеріне (әскери қызметшілер, бюджет қызметкерлері, мемлекеттік қызметкерлер) үміткер бола алады. Бағдарламаға қатысуға қойылатын негізгі талаптар:

Қазақстан Республикасының азаматтығы;соңғы 6 (алты) айда еңбек және (немесе) кәсіпкерлік қызметтен түсетін, отбасының әрбір мүшесіне шаққанда тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда бекітілген ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 еселенген шамасына дейінгі табысының болуы;ЖАО-ның "Тұрғын үй қатынастары туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес тұрғын үйге мұқтаж азаматтың мәртебесі мен тұрғын үйге мұқтаж Қазақстан Республикасы азаматтарының есепке қойылғанын растауы;төлем қабілеттілігін растау.

Жергілікті атқарушы органдардың кредиттік тұрғын үйін сатып алу үшін "5-20-25" бағдарламасына қатысушыларға тұрғын үй құнының 20% бастапқы жарнасы болуымен, 25 жылға дейін кредит беру мерзімімен, жылдық сыйақы мөлшерлемесі 5%-бен кредит беріледі. Мәселен, таза әрленген тұрғын үйдің 1 шаршы метрін салу (сатып алу) және сату құны Алматы қаласында − 240 мың теңгеге дейін; Астана қаласында және оның қала маңы аймағында - 220 мың теңгеге дейін; Шымкент қаласында және Алматы қаласының қала маңы аймағында − 200 мың теңгеге дейін; Ақтөбе, Атырау, Ақтау, Түркістан қалаларында және Қарағанды облысында − 180 мың теңгеге дейін;қалған өңірлерде − 160 мың теңгеге дейін; жеке үйлер құрылысының пилоттық жобалары шеңберінде – 120 мың теңгеге дейін.

Сондай-ақ, "5-10-20" бағдарламасының қатысушыларына бастапқы тұрғын үй сатып алу үшін (жеке құрылыс салушылардың тұрғын үйі, оның ішінде "Бәйтерек "ҰБХ" АҚ еншілес ұйымының кепілдігімен қамтамасыз етілген тұрғын үй құрылысы объектілерінде, жергілікті атқарушы органдардың кредиттік тұрғын үйі) 20 жылға дейінгі кредит беру мерзімімен, тұрғын үй құнының 10% бастапқы жарнасы болуымен, жылдық сыйақы мөлшерлемесі 5%-бен кредит беріледі. Жеке құрылыс салушылардан тұрғын үй сатып алу кезіндегі қарыздың ең жоғары сомасы Астана, Алматы қалаларында және олардың қала маңы аймақтарында - 18 млн.теңгеден аспайды; Атырау, Ақтау, Ақтөбе, Шымкент, Түркістан қалаларында және Қарағанды облысында - 15 млн. теңгеден аспайды; өзге өңірлерде - 12 млн. теңгеден аспайды.

Кредиттік тұрғын үй сатып алу үшін әкімдікке мұқтаж ретінде есепке қою үшін жүгіну және тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде депозит ашу қажет. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде шот ашу үшін жеке куәлік және банк менеджеріне жүгіну қажет.

Сондай-ақ, ең төменгі күнкөріс деңгейі 3,1-ден асатын табысы бар азаматтар үшін :"7-20-25" бағдарламасы қолжетімді. "7-20-25" бағдарламасына кез келген адам кезектілігі бойынша шектеусіз қатыса алады. Ең төменгі күнкөріс деңгейі 5-тен жоғары табысы бар адамдар бастапқы және қайталама тұрғын үй сатып алу үшін қолданыстағы нарықтық өнімдерді ("Баспана-хит" ҰБ, "Орда" ҚИК, "Өз үйім" Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі) пайдалана алады.

Жалпы, 2022 жылы қандай ипотекалық бағдарламалармен үй алынды және алуға болады? 2022 жылы мемлекеттік Нұрлы жер немесе 7-20-25 бағдарламасымен әлі де пәтер алуға мүмкіндік бар. Тұрғын үй сарапшысы Нұрсейіт Мұратов қазақстандықтар биыл жыл соңына дейін тағы қандай ипотекалық бағдарламаларға қатыса алатынын және олардың шарттары мен талаптарын айтып берді.  Ескерте кетсек, кей мемлекеттік бағдарламалар бюджеттен ақша бөлінуіне қарай ашылады және нақты қазіргі уақытта жабық болуы мүмкін. Сол үшін алдын ала банктерден нақтылау қажет.

50/50 бағдарламасы

Нарықтан үй алу бойынша 50/50 бағдарламасы көп банкте бар. Айталық, Отбасы банкінде пәтер ақысының жартысын жинап, ең төменгі 5 пайызбен табысын растамай, ипотека алуға болады. Бірақ ол үшін бірнеше талапқа сай болу қажет: Отбасы банкінде міндетті түрде депозит болуы шарт;үш жылда ақшаның 50 пайызын жинап, бағалау көрсеткіші 16-ға толуы керек. Ол үшін үш жыл бойы ай сайын белгілі бір мөлшерде ақша салып отыру қажет.  Нұрсейіт Мұратовтың сөзінше, қазіргі таңда көп адамның айлық табысы жетпей, ипотека ала алмай жүр. Сол үшін адам ерінбей өз болашағы үшін ақшаны алдын ала жинай бергені жөн. Ал депозиті жоқ адамдар пәтер сомасының 50 пайызын жинап, табысын растау арқылы 7-8,5 пайызбен қиындықсыз үй рәсімдей алады.  "Көп банкте пәтер ақысының 50 пайызын құйып, табысты растамай пәтер алуға болады. Мысалы, Алтын банк, Сбербанк, Halyk банкте стандарт ипотеканың пайыздық мөлшерлемесі 14 пайыздан жоғары болады. Ал табысын растаусыз шамамен 18 пайыз", - дейді ол. Сонымен қатар, сарапшы Отбасы банкіне ұқсас жеке компаниялар мен кооперативтер көбейіп кеткенін ескертті. Нұрсейіт Мұратов ешқандай кепіл бермейтін ұйымдарға сенбеуге кеңес берді. 

Нұрлы жер

Бұл тұрғын үй-коммуналдық дамудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы. Әкімдікте үй кезегінде тұрған адамдар қатыса алады. Ол бойынша пәтер ақысының 10 пайызын жинап, 20 жылға дейін ипотека рәсімдеуге болады. Несие мөлшерлемесі - 5 пайыз. Нұрсейіт Мұратов мемлекеттік бағдарламалардың шарты жиі өзгеріп тұратынын айтты, сол себептен үй аларда міндетті түрде кеңесшімен жұмыс істеген жөн екен. "Бұл бағдарлама бойынша қайталама нарықтан үй ала алмайсың, тек сатылымға жаңадан қойылған немесе салынып жатқан үйлерді алуға болады. Табысты міндетті түрде растау керек. Қазіргі уақытта адам басына табыс 133 мың теңгеден аспауы керек. Мысалы жанұяда төрт адам болса, отбасы табысы 532 мыңнан аспауы керек", - деп түсіндірді маман.  

"Бақытты отбасы" бағдарламасы

Бақытты отбасы - табысы төмен отбасыларға тұрғын үй сатып алуға арналған несиелендіру бағдарламасы. Бұл бағдарлама бойынша әкімдікте баспанаға мұқтаж тұлға ретінде кезекте тұрған адамдар үй ала алады, олар:көпбалалы отбасы (кем дегенде 4 бала)толық емес отбасы (ажырасқанына 3 жылдан асуы керек)мүмкіндігі шектеулі баласы бар отбасы (мүгедектіктің кез келген тобы). Ол бойынша жаңа салынған үйден жаңа пәтер, қолданыста болған пәтер мен жер үй сатып алуға болады. "Бағдарлама бойынша заем мөлшерлемесі жылдық 2 пайыз. Ең төменгі бастапқы жарна 10 пайыз. Заем мерзімі 20 жылға дейін. Оның сомасы Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтау, Атырау қалаларында 15 миллион теңгеге дейін. Басқа аймақтарда 10 миллион теңгеге дейін. Тұрғын үйді әкімдікте кезекте тұрған аймақта ғана сатып алуға болады", - дейді Нұрсейіт Мұратов.

Табыс қандай болуы керек?

Отбасының әрбір мүшесіне келетін соңғы алты айдағы табыс тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы Заңмен бекітілген ең төмен күнкөріс деңгейінің 3,1 еселенген шамасынан аспауға тиіс, яғни қазір отбасылық табыс мөлшері адам басына шаққанда 111 655 теңгеден аспауы керек.

Кіріс ретінде не ескеріледі?

Негізгі кіріске еңбек және/немесе кәсіпкерлік қызметтен түсетін табыс жатады. Сіздің негізгі кірісіңіз жеткіліксіз болып жатса, қосымша табысты қосып есептей аласыз.

Негізгі кіріске жататындар:

Айлық жалақы. Жеке кәсіпкерліктен түсетін кіріс. Өтеулі қызмет көрсету шарты бойынша түсетін табыс. Тұрғын үй төлемдері. Шәкіртақы (негізгі кіріс болған жағдайда).

Қосымша кіріске жататындар:

Зейнетақы аударымдары, экологиялық төлемдер. Өзге жәрдемақылар кіріс ретінде есептелмейді.

"Ұмай" әйелдер ипотекасы 

"Ұмай" ипотекасын тек әйелдер ала алады, себебі, Нұрсейіт Мұратовтың айтуынша, статистика бойынша, 35 жастан асқан әйелдер ипотеканы көп рәсімдейді және олар жауапкершілікпен қарайтындар санатына жатады. 

Бұл ипотеканың негізі шарттары: Отбасы табысы 320 мыңнан аспауы керек, алғашқы жарна 0 ден 20 пайызға дейін, ол табыс көзі мен таңдалған үйдің бағалануына байланысты, заем 13 жылға дейін беріледі, жылдық пайыздық мөлшерлеме - 12 пайыз (қазіргі уақытта өзгеруі мүмкін), екі нарықтан да үй қарасытруға болады, табыс көзі соңғы 6 айға расталуы керек. Маманның айтуынша, Отбасы банкіндегі пайыздық мөлшерлемесі ең жоғары бағдарлама осы. Алайда талаптары бойынша өзге банктермен салыстырғанда жылдық пайызы аз.

7-20-25 мемлекеттік бағдарламасы 

7-20-25 - Қазақстан Республикасының азаматтарына арналған әлеуметтік бағдарлама, ол тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін Елбасы тапсырмасы аясында әзірленген. 7-20-25 бағдарламасының операторы - "Қазақстанның орнықтылық қоры" АҚ. Бұл бағдарлама аясында несие аламын деушілер қормен ынтымақтастық туралы келісімі бар серіктес-банктерге жүгінуі тиіс. "7-20-25 бағдарламасының несие бойынша пайыздық мөлшерлемесі - 7,2 пайыз. Бастапқы жарна мөлшері тұрғын үй құнының 20 пайызы және одан жоғары мөлшерінде белгіленеді. Бағдарламамен Нұр-Сұлтан, Алматы (шекаралас аймақтарды қоса алғанда), Ақтау, Атырау, Шымкент қалаларында 25 миллион теңгеге дейін тұрғын үй қарастыруға болады, ал Қарағанды қаласы үшін 20 миллион теңге және басқа өңірлер үшін 15 миллион теңге. Қарызды өтеу мерзімі 25 жылға дейін ұлғайтылды. Қарыз алушыдан қарызды беру және қызмет көрсету үшін комиссия алынбайды", - дейді сарапшы.

Жеке тұлға 7-20-25 бағдарламасы бойынша қарыз алу үшін мынадай талаптарға сәйкес келуге тиіс:Қазақстан Республикасының азаматтығы;Қазақстан Республикасының аумағында меншік құқығындағы тұрғын үйінің болмауы;Расталған еңбек және (немесе) кәсіпкерлік қызметтен алынатын кірісінің болуы;Ипотекалық кредиттерінің болмауы.

Үй алуға алғашқы жарнасы жоқ адамдар не істейді? Нұрсейіт Мұратовтың сөзінше жылжымайтын мүлкіңді кепілге қойып та тұрғын үй алуға болады. "Алғашқы жарна болмаса, өз үйін қосымша кепілге қойып, ипотека алуға мүмкіндік беретін бірнеше банк бар. Мысалы, Halyk банкінде мүлкіңізді кепілге қойып 13 пайызбен жаңа және қайталама нарықтан үй ала аласыз. Бірақ табыс көзін міндетті түрде растау керек. Сосын табыстың шамамен 40 пайызы ғана ипотека жабуға арналуы керек", - дейді ол.

Жалдамалы пәтер ақысының 50 пайызын мемлекет төлейді

Жақында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі әлеуметтік осал топтарға жалға алып отырған тұрғын үйінің 50 пайызын үкімет төлейтіндей көмек тетігін әзірледі. Яғни жалға алу құнының 50 пайызын мемлекет, қалған 50 пайызын жалға алушы төлейді. Жеке тұрғын үй қорынан баспананы жалға алғаны үшін берілетін төлемді табысы бір ең төменгі күнкөріс деңгейінен, яғни 36 018 теңгеден төмен, жергілікті атқарушы органдарда кезекте тұрған азаматтарға беру ұсынылды.

Олар:көп балалы отбасылар,1 және 2 топтағы мүгедектер және мүмкіндігі шектеулі бала асырап отырғандар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар жатады.Бағдарлама 2022 жылдың мамырынан бастап жүзеге асады. Оператор - Отбасы банк.

Алаяқтарға сан соқтырмаудың қандай жолы бар?

Тұрғын үй сарапшысы Нұрсейіт Мұратовтың сөзінше, көп адам делдалдарға сеніп, ақша беріп алданып, сан соғып қалады. Осындайды болдырмау үшін Отбасы банкінде кеңесшілер желісі жұмыс істейді екен. Маманның сөзінше, олар адам депозит ашқаннан бастап үй алғанға дейін жетелеп, кез келген өзгерістер бойынша көмек көрсетіп, кеңес береді.  "Отбасы банкінің" кеңесшілері ресми делдал деуге болады. Олар клиенттерден ақша алмайды. Алматының өзінде 200-ге жуық кеңесші бар. Өзге жеке банктерде де өз кеңесшілері болады, олардан онлайн немесе бөлімшеге барып ойыңыздағы барлық сұрақты қойып алуға болады. Жалпы кеңесім, клиенттер екі-үш банкті аралап, толық анализ жасап, жеке кеңесшілермен ақылдасып барып үй алғаны дұрыс. Олардан қалай алданып қалмау керегін, қандай құрылыс компаниясын таңдау керегін сұрастырған абзал.Үй мәселесіне жеңіл қарауға болмайды. Жолын білсе ешкімге ақша берудің қажеті жоқ", - дейді маман.     

Үйді тиімді алудың жолы қандай?

Маман тұрғын үй алуды 40-50 жаста емес, 20 жастан бастап ойлану керегін айтты.  "Жастар табыс таба бастаған күннен бастап Отбасы банкінен депозит ашып, сол жерге табысының 10-20 пайызын салып үйренуі керек. Мемлекеттік қызметке кіргенде алты айдан кейін кезекке тұрып, ақша жинай берсін. Бізде көп адам жүріп-жүріп уақыт оздырып алады, үй алу керек кезде 18 пайызбен стандарт ипотека ала салады. Оны төлеудің өзі оңай емес, банктер бірге бір қосып береді. Судың да сұрауы бар. Тегін бергендей үй алғанға қуанып, ертең төлей алмай отбасы ажырасып жатқан жағдайлар бар. Сол себепті жоспар құрып, алдын ала ойланған дұрыс", - деді ол.

«Мемлекеттің басты құндылығы – адам». Бұл еліміздің ұстанатын негізгі қағидаты. Осы мақсатта жағдайы төмен, әлеуметтік аз қамтамасыз етілген, мүгедек балаларды бағып отырған, т.б. отбасыларға қолдау көрсету мәселесі – мемлекеттің тікелей назарында. Сол сияқты ең төменгі жалақы уақыт өткен сайын артып келеді. Бала санына қарай әлеуметтік төлемақы да төленіп отырады. Бұдан бөлек жергілікті әкімдіктердің ұйымдастыруымен, жеке кәсіпкерлердің демеушілігімен өмірлік қиын жағдайдағы отбасыларға азық-түлік, киім-кешек түрінде көмек көрсетіліп жатқаны БАҚ беттерінде ара-тұра жарияланып тұрады.

Сол сияқты осы санаттағы отбасылардың баспаналы болу мәселесі мен жұмыссыздық Үкіметтің ғана емес тікелей Мемлекет басшысының назарында тұр. Баспананың қолжетімді болуына жағдай жасауы – еліміздің одан әрі гүлденуіне жасалған оң қадамдардың бірі екені сөзсіз. Дегенмен әлі де атқарылар шаруа шаш етектен. Енді осы бағытта атқарылып жатқан шаруаларға тоқталып өтті.Мемлекет басшысы 2019 жылдың қыркүйек айында Қазақстан халқына жасаған ең алғашқы Жолдауында көпбалалы, жағдайы төмен отбасылардың мәселесіне, олардың баспаналы болуына ерекше назар аударды. Әрі осы бағытта нақты тапсырмалар да берген.

«Үкімет бағдарламаға қатысуға арналған айқын критерийлер белгілеп, оны қатаң әкімшілендіруді қамтамасыз етуі керек. Шын мәнінде көмекке мұқтаж жандарға ғана қолдау көрсетілуі тиіс. Менің Үкіметке тапсырмам – кезекте тұрған аз қамтылған көпбалалы отбасыларға баспана беру мәселесін үш жыл ішінде шешу керек. Бүгінде олардың саны 30 мыңға жуық.  Баспана сатып алуға жағдайы жоқ азаматтарға әлеуметтік жалға алу тәртібімен қоныстану үшін мүмкіндік беру қажет. Мемлекет 2022 жылға қарай осы мақсаттарға сәйкес 240 миллиард теңгеден астам қаражат бөледі», - деген еді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.Осы тапсырма бойынша жауапты ведомстволар іске кіріскен болатын. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 2019 жылғы мәліметіне жүгінер болсақ, Астанада кәмелет жасына толмаған төрт және одан да көп баланы асырап отырған тоғыз мыңнан астам отбасы тұрады.

Елордада аталмыш санаттағы отбасылардың баспаналы болғаны туралы ақпараттар жарияланып тұрады. Әкімдіктің хабарлауынша Мемлекет басшысының тапсырмасына орай қолжетімді жеңілдікті тұрғын үй көлемін ұлғайту бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр. Мәселен былтыр Астанада 10 мың жеңілдікті әлеуметтік пәтер салынды. Тек соңғы үш жылдың ішінде қолжетімді тұрғын үй саны 5,5 еседен аса ұлғайыпты. «Салыстырмалы түрде алсақ 2018 жылы 1800 әлеуметтік пәтер, 2019 жылы 2 900 әлеуметтік пәтер, ал 2020 жылы 7 000-нан астам пәтер салынып, пайдалануға берілген. Ал баспаналы болатындар – кезекте тұрған азаматтар. Олар: жетім балалар, ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, толық емес отбасылар, зейнеткерлер», – деп хабарлайды Астана әкімдігі.

Жоғарыда айтылғандай, 30 мың отбасының баспана мәселесін 2022 жылға дейін шешу жөніндегі Президент тапсырмасы уақытылы орындалып жатыр ма? Жуырда «AMANAT» фракциясынан сайланған, сол сияқты Парламент Мәжілісінің өзге де бір топ депутаты Мемлекет басшысының тапсырмасы уақытынан кешігіп жатқанын айтып, көпбалалы отбасылардың мәселесін қозғап өтті.«Азаматтардың әлеуметтік әл-ауқаты басты басымдық болып саналады. Бұл тұрғын үй мәселелерін шешумен тығыз байланысты. Мемлекет басшысы 2019 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында Үкіметке 3 жыл ішінде 30 000 көпбалалы отбасын тұрғын үймен қамтамасыз етуді тапсырды. Мәжіліс депутаттарының айтуынша бұл тапсырма бүгінге дейін орындалған жоқ», - дейді депутаттар.

Сол сияқты тұрғын үй мәселелерін өз бетінше шешу үшін табысы жеткіліксіз азаматтарға тиімді әлеуметтік қолдау көрсетілуі тиіс деп санайтындарын, кезекте тұрғандардың тұрғын үй проблемаларын болашақтың еншісіне қалдырмай, жедел шешу қажет екенін айрықша атап өтті. «Қазақстан Республикасының Үкіметі бірнеше бағыт бойынша тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік бағдарламаларды әзірлеп, бекітті. Алайда кейбір лауазымды тұлғалар өздерінің қызметтік өкілеттіктерін пайдалана отырып, «Нұрлы жер», «Бақытты отбасы», «Шаңырақ» мемлекеттік бағдарламалары бойынша тұрғын үй алу бойынша сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар үшін алғышарттар жасайды. Мұндай әрекеттердің нәтижесінде шынымен мұқтаждардың құқықтары бұзылады.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметі бойынша пәтерлердің орташа ауданы 60 шаршы метрді құрайды. Алайда «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңның 75-бабында бір адамға кемінде 15 шаршы метр, сол сияқты 18 шаршы метрден аспайтын пайдалы алаң болуы керек.

«Бұл мөлшер қаншалықты заңды деген сауал туындайды. Сонымен қатар, бізге әлеуметтік аз қамтылған азаматтардың тиісті уәкілетті тұлғалар тарапынан тұрғын үйді әділетсіз және заңсыз бөлінгеніне шағымданған ондаған және жүздеген өтініш келіп түсуде.Нәтижесінде кезекте тұрғандар арасында наразылық артып келеді. Жаңа әділ Қазақстанның «адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» құрылысының формуласына сүйене отырып, азаматтарымызды тұрғын үймен әділ қамтамасыз ету мақсатында мынадай шұғыл шараларды қабылдау қажет деп санаймыз», - дейді Мәжіліс депутаттары.

Президенттің көпбалалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындауды жеделдету, бір адамға шаққандағы тұрғын үй алаңының нормаларын қайта қарау және «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңға түзетулер дайындау;тұрғын үйді кезекке қою заңдылығын бұзу фактілерін болдырмау және әкімдіктер берген әлеуметтік тұрғын үйге толық тексеру жүргізу үшін кезекте тұрғандар қатарынан белсенділердің қатысуымен тәуелсіз сарапшылар тобын құру;Еgov арқылы кезекте тұрған әрбір адам өзінің жылжуын және өзгелерге тұрғын үй бөлуді еркін қадағалай алуы үшін әрбір елді мекенде ашық қолжетімділікте тұрғын үйге электрондық кезек құруға құқылы.

Былтыр ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған салтанатты жиын өткен болатын. Бұл бүкіл әлемге жайылған пандемияның шектеулерінен кейін ең алғаш өтіп отырған жиын болатын. Осы басқосуда Мемлекет басшысы үлкен мінберден толқып тұрып былай деген еді:«Біздің қолға алған іс-әрекеттеріміз табысты болуы үшін ұлт дамуының көкжиегін кеңейтіп, мемлекетіміздің болашағын айқындап алуымыз керек. Бұл ретте өз мүмкіндіктерімізді шынайы бағалау, елдің іргелі мүдделерін ескере отырып, барынша прагматикалық тұрғыда әрекет ету маңызды. Азаматтардың тұрмыс сапасын артыруға қатысты алдымызда жаңа міндеттер тұр. Біз «адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» негіз қалаушы қағидатын берік ұстанатын боламыз», – деген еді Президент.

Мемлекет үшін адам құндылығы бірінші орында екенін Президент осылайша білдірген болатын. Мемлекет өз халқының жағдайын, тұрмыстық әл-ауқатын алдыңғы орынға қоюы қажет. Дегенмен бұл масылдық сипатқа айналмауы тиіс. Жауапты ведомстволар екі қолға бір күрек ұстай алатын адамға тұрақты жұмыс пен қолайлы жалақы беріп, өз күйін күйттей алуына жәрдем беруі тиіс. Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының осы айдағы мәліметтеріне жүгінер болсақ, былтыр 15 және одан жоғары жастағы жұмыс күшінің саны 9,3 млн адамды құрапты. Бұл халықтың жалпы санының 69,3 пайызын құрайды. Ал 2020 жылғы көрсеткіш 69,2 пайыз болыпты.

Мәліметтерге жүгінер болсақ, бір жыл бұрын аталған көрсеткіш 100 мыңға кем болған. 2020 жылы – 9,2 млн адам. Экономиканың түрлі салаларында 8,8 млн адам жұмыспен қамтылған, оның ішінде 4,2 млн адам немесе 48,3%-ы – әйелдер, ал 2020 жылы – 48,2%. «Еңбекақы төлеудегі айырмашылықтар орындалатын жұмысқа және кәсіпорындардың экономикалық қызмет түрлеріне байланысты ерекшеленеді. Еңбекақының ең жоғары мөлшері тау-кен өндіру өнеркәсібінде және карьерлерді қазуда – 503 930 теңге, ең төменгісі – ауыл, орман және балық шаруашылығында – 150 705 теңге болып белгіленді», - делінген ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросы. Балаңа балық берме, қармақ бер деген тәмсіл ойымызға оралады. Мемлекеттен әлеуметтік көмек емес, жұмыс алған адам ешкімге алақан жаймайды. Жұмыссыздық та, баспана да өзектілігін жоғалтпаған мәселелердің бірі. Жауапты ведомстволар осы бағыттағы жұмысын күшейткені жөн.

Үстіміздегі жылдың мамыр айында Сенатта өткен парламенттік тыңдауда Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов жастардың баспана мәселесі қалай шешілетінін мәлімдеген еді. Оның айтуынша, 2025 жылға дейін барлық өңірде әкімдіктерімен бірлескен «Отбасы банкінің» жеңілдетілген ипотека бағдарламасын іске қосу жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда жастарды тұрғын үймен қамтамасыз етудің өңірлік бағдарламалары 3 аймақта (Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент) жүзеге асырылып жатыр және жыл соңына дейін тағы 6 облыста (Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Қарағанды және Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстары) осындай бағдарламаларды іске қосу қарастырылып отыр, - деді Үкімет мүшесі. Тоғжановтың айтуынша, 2019 жылдан бері жұмыс істейтін жастарға 7 мың арендалық тұрғын үй берілді (Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент). Бұл бағдарлама жалғасын табады. 2025 жылға дейін жұмыс істейтін жастарға 12 мың пәтер беру жоспарланып отыр.

Жыл соңына дейін жалдамалы тұрғын үй беру қағидаларына жастардың айлық табысын растау талаптарын 40 АЕК-тен 25 АЕК-ке дейін төмендету бөлігінде өзгерістер енгізіледі. Бұл жастардың жалға берілетін баспана алу мүмкіндіктерін айтарлықтай кеңейтеді. Қазіргі уақытта «Отбасы банкінің» жинақ тұрғын үй салымдарында 29 жасқа дейінгі жастардың жалпы сомасы 250 миллиард теңгеден астам 500 мыңнан астам депозиті ашылды. 2025 жылға қарай жастардың тұрғын үй жинақтарының санын 800 мың депозитке жеткізу жоспарланып отыр. Осы мақсатта жастар арасында тұрғын үй қорын жинақтау мәдениетін қалыптастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр, - дейді вице-премьер Сенатта. Ол тұрғын үй салымын жинақтаудың маңызын біздің жастарымыз түсінуі қажет екенін айтты. Тоғжанов атап өткендей, әрбір отбасының берекесі шаңырақтан басталады. Ол үшін тынымсыз еңбек пен ұқыпты қаржы жинақтау мәдениетінің маңызы ерекше үлкен.

Қазақта үйі жоқтың күйі жоқ дейтін сөз бар. Бар тапқанын пәтерақысына төлеп, өлместің күйін кешіп жүрген отбасылардың жер алып, үй салып алуға қайбір жағдайы болсын, олардың бар үміті мемлекет тарапынан берілетін баспанада. Бірақ, кезекпен берілетін тұрғын үйдің де өзіне тән машақаты бар. Бұрын белгілі бір санат бойынша берілетін жеңілдіктер енді басқа адамдарға да қолжетімді болмақ. Яғни енді кез келген азамат баспана кезегіне тұрып, 5 пайыздық несиемен пәтер ала алады. Үкіметтің тұрғын үй саясатын реформалау жөніндегі жаңа заң жобасында көрсетілгендей, елімізде енді мемлекеттік және бюджеттік сала қызметкерлерімен бірге жекеменшік кәсіпорындарда қызмет ететін азаматтар да баспана алуға кезекке тұра алады. Ол үшін он жыл бойы өз атында үйі болмауы керек. Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, елімізде жарты миллионға жуық адам баспанаға мұқтаж. Олардың басым бөлігін әлеуметтік осал топтағы адамдар мен оқуын жаңа бітірген жас мамандар құрайды. Мәжіліс қарауына ұсынылған жоба депутаттар тарапынан қолдау тапса, қоғамның осы топтағы өкілдеріне баспанаға қол жеткізу оңай болмақ. 

Елімізде тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатқанына қарамастан, әлі де баспанаға мұқтаждық мәселесі толыққанды шешімін табар емес. Тіпті жыл өткен сайын баға да шарықтап барады. Сарапшылардың айтуынша, бұған сұраныстың артуынан бөлек басқа да себептер бар. Біріншіден, адамдар ақшасын жылжымайтын мүлік сатып алу арқылы сақтап қалуға ұмтылса, екіншіден, пәтерін жалға беру арқылы табыс тауып отырғандар да аз емес. Үшіншіден, өткен жылдың соңына таман қолға алынған зейнетақы жиынтығының бір бөлігін алуға жасалған мүмкіндік те бұл саладағы өзгерістерге өз әсерін тигізбей қоймады. Міне, осындай факторлардың әсерінен баспанаға сұраныс артып тұр. Егер жоғарыда айтқан жеңілдік қолға алынса, көптеген адамның арзандатылған баспанаға қол жеткізіп, ол тұрғын үй нарқының төмендеуіне әсер етуі мүмкін бе? Мамандар мұндай жағдайда тұрғын үй бағасының өсу қарқыны баяулауы мүмкін, алайда, оның арзандауы мүмкін емес екенін айтады. Себебі елдегі инфляция бағаның төмендеуіне мүмкіндік бермейді. «Елдегі қымбатшылыққа байланысты адамдар қолдарындағы бар ақшасын үнемдеуге көшеді. Сол себепті де тұрғын үйге сұраныс қатты жоғары болмайды. Бұл тұрғын үй бағасының өсу қарқынының баяулауына әсер етуі мүмкін, бірақ теңге инфляциясын көріп отырғаннан қалың ел бір жыл бұрынғы бағаға қайтып келуі мүмкін емес» дейді тұрғын үй нарығын көптен бері зерттеп жүрған сарапшы мамандардың бірі Айбар Олжай. 

Соңғы бір жылда пәтерлер біршама қымбаттағанын статистикалық деректер де жоққа шығармайды. Айталық, қолданыстағы пәтерлерді қайта сату бағасы 25,9 пайызға, жаңа тұрғын үйлердің бағасы 17,7 пайызға көтерілгені байқалады. Орта есеппен елімізде жыл сайын жиырма миллион шаршы метр үй салынады екен. Бірақ, сарапшылардың айтуынша, мұның өзі бағаның арзандауына әсер ете алмайды. «Иә, өткен екі жылда 17-18 миллион шаршы метр тұрғын үй салынған болса, демек, 20 миллиондық межені орындау да қиын емес. Бірақ, осы 17-18 миллион шаршы метрдің негізгі бөлігін жекелеген азаматтардың өздері салады. Сондықтан оның нарыққа қатты әсері болмауы мүмкін. Сол себепті 20 миллион шаршы метр үй салу азаматтардың сұранысын қанағаттандырып, бағаның төмендеуіне мүмкіндік бермейді. Мемлекеттің алдына қойып отырған мақсатын орындауы мүмкін, бірақ, үкімет бүкіл азаматтың тұрғын үй мәселесін өз мойнына ала алмайды» дейді А.Олжай.Оның сөзінше, мемлекеттің саясаты көп жағдайда әлеуметтік әлсіз топтарды тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған.

«Мемлекеттің тұрғын үй саясатына қарасаңыз, әлеуметтік әлсіз топтарға жұмыс істейтін шаралар қабылданған. Оларға ипотеканы төмен мөлшерлемемен береді. Ал, қалған азаматтар өз жағдайларын өздері жасауы тиіс. Мемлекет барлық азаматтың тұрғын үй проблемасын шешіп бере алмайды. Сол себепті де баға төмендей қоймайды» дейді ол.Қалай айтқанда да, тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында қолға алынып жатқан жұмыстар жоқ емес. Соның бірі жоғарыда айтқан жалпыға бірдей бес пайыздық жеңілдік болса, тағы бірі – жаңа ипотекалық бағдарлама. Оның шарттары қандай екеніне де қысқаша тоқтала кетейік. ҚР Индустрия және инфроқұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, ұсынылып отырған ипотекалық бағдарламаның жылдық мөлшерлемесі 11,5 пайыз көлемінде бекітілмек. Аталған бағдарлама арқылы баспана алатын азамат 20 пайыз алғашқы жарна төлеуі тиіс. «Астана және Алматы қалаларында тұрғын үй сатып алу кезінде субсидиялауға жататын ипотекалық тұрғын үй қарызының ең жоғары сомасы 35 миллион теңгеге дейін бекітіледі. Ал, Ақтау, Атырау және Шымкент қалаларында – 25 миллион, Қарағанды қаласында – 20 миллион және басқа өңірлерде 15 миллион теңгеге дейін қаражат ұсынылады» делінген ресми мәлімдемеде. Тағы бір айта кететін жайт, қаржы мемлекеттік органдарда тіркелген, лицензиясы бар екінші деңгейлі банктер арқылы беріледі. Мұндағы тағы бір ерекшелік, ипотека мерзімі бұрынғыдай жиырма жыл емес, ең ұзақ мерзімі 10 жыл болып бекітілген. 

Біздің елдегі орташа табыспен он жылда баспанаға қол жеткізуге болады екен. Бірақ, кейде арадағы түрлі жағдайлар адамдардың сол арманына қол жеткізуіне кедергі болып жатады. Оның бірі бағаның тұрақсыздығы болса, тағы бірі тиыннан теңге құрап жиған ақшаңызды сақтандыру жағында да шалағайлық көп. Сол себепті тұрғын үй сатып алу келісімшартын жасасқанда оның заңдылығына толық көз жеткізіп алған жөн. Яғни үлескерлер қаржысын қабылдауға қаншалықты құқылы екенін анықтаңыз. 

Баспана өткен ғасырдан бастап қазақтың «бас ауруына» айналған. Шындығында, қазақ урбанизация үдерісіне ілінгенде-ақ қаладағы қорап пішіндес шектеулі шаршы метрлерге тәуелді бола бастады. Содан бері кем дегенде үш буын ұрпақ шаһарларда пана болар жеке шаршы метрлерге зар болып, тәуменді болуға бой үйретті. Баспана зарының ХХ ғасырда қара халықтың етінен өтіп, сүйегіне жеткені сондайлық, қазір отау құрған жастар ертең дүниеге келер ұрпағының қай жерде қоныс теуіп, қайда тұрақтарын ойлап, қамығады. Бір ғажабы, кешегі көшпелі елдің ұрпағына ғана тән қасиет бұл. Себебі ежелден отырықшы елдердің тұрғындары үшін баспананы несиеге сатып алу немесе өмір бойы пәтер жалдап тұру сөкеттік емес, олар тіпті көп уақыт қонақ үйде тұрақтауды бойына ар санамайды. Ал қазақ үшін баспана – «өз үйім, өлең төсегім» ғана емес, қонақ қабылдар құтханасы, әулет айбары – қара шаңырағы, ал қазіргі заманда – әлеуметтік дәрежесін көрсетер индикаторы, тіпті капиталды көбейтер инвестициясы. Сондықтан да баспана – қазақ үшін әлі талай жыр болар өзекті тақырып.

Сонымен, баспана, яғни жеке пәтер немесе өз үй-жайы, яғни өзгелерден оқшаулайтын төл шаршы метрлері, Жиренше шешен айтпақшы «өз үйі, өлең төсегі» болуы бүгінгі қазақ үшін әлеуметтік жағдайдың, қоғамдағы рөлінің, материалдық-қаржылық ахуалының белгісі, айнасы. Бұл тұрғыдан алғанда, жеке пәтері бар адам – орташа таптың өкілі, ал жеке коттеджі бар – бақуаттының қатарында, шетелде, теңіз жағасында не тау аңғарында кең сарайдай үйі бар адам – байшікештің нақ өзі. Ал кең-байтақ Қазақстанның бірде-бір қаласында жекеменшік үйі жоқ адам өзін кедейге жатқызбаса да, байлар санатынан санай алмасы анық. Бұл тұрғыда әлеуметтанушылар «Баспана – әлеуметтік жағдайдың индикаторы» атты тақырыпта ғылыми зерттеу жұмысын жасаса да артық емес.

 

 

 

Оқылды 411 рет