Сенбі, 15 Қазан 2022 11:40

Түркістан қаласында ел тілегі нәтижесінде жаңа форматта жұмыс істейтін ХҚКО бөлімшесі ашылды

Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбековтің “Бекзат” мөлтек ауданының тұрғындарымен кездесуінде сектор аумағынан Халыққа қызмет көрсету орталығын ашу бойынша тұрғындар мәселе көтерген болатын.

Осы мәселеге қатысты қала әкімі “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясы Түркістан облысы филиалының директоры Бахыт Басымбекке ұсыныс жолдап, ел тілегін жүзеге асыру үшін қолдау білдіруге шақырды. Ынтымақты тірліктің нәтижесінде бүгін үш бірдей сектор тұрғындарына қолайлы жерде жаңа форматтағы “New” Цифрлық Халыққа қызмет көрсету орталығы ашылды. Аталған нысан Төле би көшесінде орналасқан. Цифрлық ХҚКО-да енді “Шауғар”, “Бекзат” ,“Сауран” мөлтек аудандарының тұрғындары мемлекеттік қызметтерді алу мүмкіндігін иеленді.

Орталықтың ашылу салтанатына қала әкімінің орынбасары Байдулла Оразбеков, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Басқарма аппаратының басшысы Қуатов Қуандық қатысып, тұрғындардың қуанышына ортақтасты. “Цифрлық ХҚКО-да қызмет көрсететін операторлар болмайды, адамдардың цифрлық қызметтерді алу сауатын ашу орталығы ретінде қызмет жасайды. Әрбір азамат жоғары технологияларды пайдалану арқылы мемлекеттік қызметтерді өз бетінше алуға үйренеді. Себебі осы жерге келу арқылы азаматтар қызметтерді қалай алудың оңай екенін көріп, болашақта бұл жерге келмей үйінде не басқа жерде қызметтерді ала алады”-деді басқарма аппаратының басшысы Қуандық Қуатов.

Бұл заманауи үлгідегі цифрлық технологиялармен жабдықталған «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының фронт-офисі. Мұнда азаматтар арнайы стенд-павильондарда орналасқан қоғамдық қолжетімді пункттер, «ConnectionPoint» өзіне-өзі қызмет көрсету секторының және планшеттердің көмегімен электрондық өтінімдерді өз бетінше тапсыра алады. Келушілер оператордың көмегінсіз өздеріне қажет кез келген құжатты рәсімдеп, цифрлық сауаттылық дағдыларын шыңдай алады. Сонымен қатар, орталықта мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы жағдай жасау мақсатында арнайы шақыру батырмасы және жеке терезе жұмыс істейді. Балалары бар келушілерге ана мен бала бөлмесі де қарастырылған.

Жалпы, бүігнде еліміздің түкпір-түкпірінде осындай цифры кеңселер ашыла бастады. Бұл «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының фронт-офистері жұмысының жаңа форматы. Цифрлық кеңседе барлық мемлекеттік қызметтерді алу жеделдетілген. Мұндағы ерекшелік - жаңа технологияларды пайдалану және кеңістікті төрт негізгі стандарт бойынша аймақтарға бөлу. Бірінші стандарт – Kaizen. Ол сапаны, технологияларды, процестерді, корпоративтік мәдениетті, еңбек өнімділігін және компания қызметінің басқа да аспектілерін үздіксіз жақсартуды қамтиды. Екінші стандарт – Phygital. Бұл тұтынушыға жаңа тәжірибе беретін сандық және физикалық кеңістіктердің түйіскен жеріндегі біріктірілген байланыс. Үшінші стандарт – Smart және ол мақсатты сипаттау әдісін қамтиды. Төртінші стандарт Shared - бұл әртүрлі мүдделі тараптар арасындағы көптеген өзара байланысты процестерді қамтитын күрделі жүйе.

Аймақтарға бөлуге келетін болсақ, цифрлық ХҚО-лар ресепшн, дайын құжатты беру, операторлардың «жылдам» қызметтер көрсету, өзіне - өзі қызмет көрсетуге арналған байланыс аймағы, паспорт және жеке куәлік беру аймағы, операторлар көрсететін қарапайым қызметтер үшін «нәтиже» және «комфорт» аймақтары болып бөлінген. Жаңа технологияларға келетін болсақ, цифрлық ХҚО-ның жұмысында электрондық кезекті басқарудың жаңа модулі, бейне ағынын басқару бойынша сервисті пайдалана отырып, соның көмегімен азаматтардың санын, олардың мінез-құлқын және басқа да көрсеткіштерін талдау.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп, «ЦОН» мобильдік қосымшасын іске қосты. Ол қазақстандықтарға мемлекеттік қызметтерді смартфондағы бейнеқоңырау функциясы арқылы алуға мүмкіндік береді. Қазақстандықтар қашықтан, нақты уақыт режимінде жұмыссыздық, жүктілік және босану бойынша жәрдемақыны алуға өтініш бере алады, АХАТ-тан куәліктердің көшірмесі мен анықтамаларды сұрата алады. Сондай-ақ білім туралы құжаттардың телнұсқаларын, жоғары сұраныстағы анықтамаларды (соттылықтың болмауы, жылжымайтын мүліктің бар-жоғы, зейнетақы аударымдары туралы және т.б.) рәсімдей алады, тіпті тұрғылықты мекенжай бойынша тіркеуден шығарып, ЭЦҚ және т. б. танымал 24 қызмет түрін ала алады. Қосымшаның тағы бірнеше функционалы бар. Клиент ХҚО-ға онлайн кезекке тұрып, QR-кодтың көмегімен талон алып, бөлімшенің жұмыс тәртібі мен мекенжайын біліп, қажетті байланыс ақпаратын таба алады. Одан бөлек ХҚОға келушілер санын көріп, өзіне ыңғайлы адам аз орталықты таңдай алады. «ХҚО» мобильдік қосымшасын пайдалана бастау үшін Digital ID немесе мобильді азаматтар базасында тіркелген нөмір арқылы кіруге болады. Қосымша Play Market және App Store-де қолжетімді. Бүгінгі таңда қосымшаны 5 мыңнан астам қазақстандық жүктеп үлгерген, ал ХҚО операторлары бейнеқоңырау арқылы 6 мыңнан аса қызмет көрсеткен.

Тұрғындар үшін халыққа қызмет көрсету орталықтарынан тағы бір жағымды жаңалық! «Азаматтарға арналған үкімет» Каѕрі компаниясымен бірлесіп, жылжымайтын мүлікті нотариустарда тіркеген клиенттер үшін Кaspi.kz қосымшасында қызмет ақысын төлеу мүмкіндігін іске асырды. Ол үшін нотариустың түбіртегінде көрсетілген QRкодты сканерлеу немесе қосымшадағы «Мемлекеттік қызметтер» бөлімі арқылы төлем жүргізу қажет. Бұрын нотариаттық мәміле жасалғаннан кейін нотариус құжаттардың электрондық көшірмелерін бірыңғай нотариаттық ақпараттық жүйе арқылы жіберетін. Содан кейін, мәмілені аяқтау үшін клиенттер мемлекеттік бажды төлеу үшін банкке немесе «Қазпошта» кассаларына барып төлеп, төлем чегін алып нотариусқа қайта келетін. Жаңа қызметпен қазақстандықтар өз уақыттарын айтарлықтай үнемдейді.

Бүгінгі күні жылжымайтын мүлікті тіркеуге өтінішті ХҚО арқылы да, нотариустар арқылы да беруге болады. Шағын кәсіп ашу оңай Шағын кәсіп ашуды қолға алсаңыз, онда ХҚКО сізге жеке кәсіпкер ретінде тіркелудің қалтаңыз бен жүйкеңізге зияны жоқ ең оңай жолын айтады. Бұл жұмысты тез, тегін және үйден шықпай-ақ Halyk Bank немесе Kaspi.kz арқылы жасауға болады. Сізге керегі тек смартфон. Егер Halyk Bank арқылы тіркегіңіз келсе, алдымен Onlinebank мобильді қосымшасын жүктеп алыңыз немесе openaccount.halykbank.kz сілтемесі бойынша өтіңіз. Ал Kaspi.kz-те мемлекеттік қызметтер бөліміне өтсеңіз болды. Ары қарай өзіңіз туралы және сіздің болашақ бизнесіңіз туралы ақпаратты толтырасыз. Құттықтаймыз, сіз жеке кәсіпкер болып тіркелдіңіз. Тіркеу құжаттарын жүктеп алу ғана қалды. Көлікті үйден шықпай-ақ қайта ресімде! Егер сіз көлікті автосалоннан сатып алмасаңыз, оны өз атыңызға қайта рәсімдеуіңіз керек. Ол үшін автоХҚО-ға барсаңыз да болады, бірақ одан да ыңғайлы әдісі бар. Енді сіз автокөлікті Kaspi, Homebank мобильді қосымшалары арқылы қайта тіркей аласыз. Ол үшін сізге және сатушыға бірнеше әрекет жасау керек. Сатушыға: Қосымшада «Мемлекеттік қызметтер» бөліміне өтіп, «Автокөлікті қайта ресімдеу» қызметін таңдайсыз. Содан кейін «Автокөлікті есептен шығарасыз». Сол жерде сатып алушының мәліметтерін және көліктің құнын көрсетіңіз. Егер сіз өзіңіздің мемлекеттік нөміріңізді қалдырғыңыз келсе, белгі қою керек. Өтінішке электрондық қолтаңбамен қол 28 gov4c.kz қойған соң сізге автокөліктің есептен шыққаны туралы SMS-хабарлама келеді. Сатып алушыға: «Автомобильді есепке қою» қызметін таңдап, сатып алу сомасын енгізесіз және көлік деректерін тексересіз. Мемлекеттік номер мен техпаспортты қай автоХҚО-дан алатыныңызды да жазуды ұмытпаңыз. Өтінішке қол қойып, қажетті баждарды төлегеннен кейін мәміленің нәтижесі туралы хабарлама келеді. Қызмет құны: техпаспорт – 3 829 теңге, мемлекеттік номер – 8 576 теңге, тіркеу алымы – 766 теңгені құрайды.

Былтырдан бері енгізілген тағы бір жаңалық – баланың туылуына және бір жасқа толғанына дейінгі күтіміне байланысты төленетін жәрдемақыны рәсімдегісі келетін қазақстандықтар тұрғылықты жеріне қарамастан, еліміздің кез келген ХҚО-ға жүгіне алады. Бұрын тұрақты тіркеудің болуы және тіркелген жері бойынша ХҚО-ға жүгіну – әлеуметтік төлемдерді ресімдеудің басты критериінің бірі болған. Экстерриториалды қағидат тұрғылықты тіркеу орнына тәуелді болмай, клиенттерімізге қозғалыс еркіндігін береді. Оның арқасында қазақстандықтар баланың тууына және оның күтіміне байланысты жәрдемақыны, тіркелген мекенжайына қарамастан, елдің кез келген ХҚО-да бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемдерді ресімдей алады.

Айта кетейік, 2021 жылдың 12 айында баланың туылуына және оның бір жасқа дейінгі күтіміне байланысты жәрдемақылар бойынша 400 мыңнан астам мемлекеттік қызмет ресімделген. Енді бала тууына байланысты және бір жасқа дейінгі күтімі бойынша жәрдемақыны алуға Halyk Homebank пен Kaspi.kz қосымшалары арқылы өтініш бере аласыз. Жәрдемақыны рәсімдеу үшін осы банктердің бірінің мобильді қосымшасында «Мемлекеттік қызмет көрсету» бөліміне өтіп, тиісті қызметті таңдайсыз. Ары қарай дербес деректердің дұрыс жазылғанын тексеріп, өтінішті растау қажет. Өтінімді жібергеннен кейін сізге көрсетілетін қызметтің нәтижесі және тағайындалған төлем сомасы туралы PUSH-хабарлама және SMS жіберіледі. Қызмет тегін және оған бала туылғаннан кейін 1 жыл ішінде кез келген уақытта тапсырыс бере аласыз. Бұған дейін жәрдемақыға өтінішті ХҚО, eGov.kz порталы немесе 1414 нөмірінен келетін SMS-ке жауап беру арқылы проактивті түрде рәсімдеуге болатын.

Тұңғыш президент Н.Назарбаевтың 2015 жылғы 20 мамырдағы «Ұлт жоспары - бес институционалдық реформаны жүзеге асырудың 100 нақты қадамы» бағдарламасына енгізілген қадамдардың бірі - «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамын (бұдан әрі - Мемлекеттік корпорация) құру. Ол Канададағы Canada Service және Австралиядағы Centrelink үлгісі бойынша халыққа қызмет көрсету орталықтарын бір жүйеге біріктіру арқылы мемлекеттік қызмет көрсетудің бірыңғай провайдеріне айналып, Қазақстан Республикасының азаматтарына мемлекеттік қызметтерді бір жерден алуға мүмкіндік береді.

Ұлт жоспарын іске асыру мақсатында 2015 жылғы 17 қарашада «Мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» №408-V Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды, соған сәйкес Қазақстан Республикасының бірқатар заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Соның ішінде жеке тұлғаларға және (немесе) заңды тұлғаларға мемлекеттік қызметтерді «бір терезе» қағидаты бойынша көрсету, міндетті мемлекеттік тіркеуге жатпайтын жылжымалы мүлік кепілін тіркеу, ғимараттарды, құрылыстарды және (немесе) олардың құрамдас бөліктерін техникалық тексеру, мемлекеттік жер кадастрын жүргізу, зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру Мемлекеттік корпорацияға жүктелді.

Сосын «Мемлекеттік қызметтер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 11-1-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі 2016 жылғы 29 қаңтарда «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамын құру туралы» № 39 қаулы қабылдады. Онда Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетінің «Халыққа қызмет көрсету орталығы», Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Жылжымайтын мүлік орталығы», Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және жер ресурстарын басқару Комитетінің «Жер кадастрының ғылыми-өндірістік орталығы» және Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің «Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорындарын біріктіру арқылы жарғылық капиталда мемлекеттің жүз пайыз қатысуымен «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамын құру туралы айтылған.

2016 жылғы 7 сәуірде Қазақстан Республикасы Үкіметінің осы шешімі негізінде аталған мемлекеттік кәсіпорындарды қайта құру арқылы «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы құрылды, ол заңда белгіленген тәртіппен Астана қаласының Әділет департаментінде тіркелді.
Мемлекеттік қызмет көрсету процесін жетілдіру мақсатында Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің Уәкілетті тұлғасының 2016 жылғы 8 сәуірдегі №01 бұйрығымен ел аймақтарында «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының 1 өкілдігі мен 70 филиалы құрылды.

2016 жылғы 29 сәуірде Мемлекеттік корпорацияның Директорлар кеңесінің бірінші отырысы өткізіліп, онда Мемлекеттік корпорацияның ішкі құжаттарын бекітумен қатар Басқарма құрамы сайланды. Директорлар кеңесінің 2017 жылғы 12 сәуірдегі шешімімен Мемлекеттік корпорацияның ұйымдық құрылымына өзгерістер енгізілді. Мемлекеттік корпорация басқармасы аппаратының құрамына Жер кадастры және жылжымайтын мүлікті техникалық инспекциялау дирекциясы, Мемлекеттік қызмет көрсту дирекциясы және Әлеуметтік төлемдер бойынша ведомствоаралық есеп айырысу орталығының дирекциясы кірді.

Осылайша, елдегі мемлекеттік қызмет көрсетудің бірыңғай провайдері ретінде жаңадан құрылған Мемлекеттік корпорацияның қалыпты жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған барлық органдар іске қосылды. Бүгінде мемлекеттік корпорацияда 18 мың жұмыскер жұмыс істейді.

Халыққа қызмет көрсету орталықтарының ашылуы - еліміздегі саяси интеграцияның нышаны. Мемлекеттің даму сатысы жоғарылаған сайын халықтың сұранысы да арта түспек. Демек, халықтың құжат мәселесін реттеуде орталықтардың ашылуы - заңды құбылыс. Орталық өз жұмысын Конституциялық нормалар мен нарықтық қоғам талаптарына сай, азаматтарға қолайлы негізде жүргізіп келеді.Бұл нысанның әлеумет үшін маңызы зор.  Себебі,  бұрын бір анықтама алу үшін бітпейтін кезек пен түрлі кабинеттер, ең құндысы алтын уақытын сарп ететін халық  бүгінде «Халыққа қызмет көрсету орталығы» деп аталатын осы мекеме арқылы барлық  құжаттарын  бір демде реттеу мәселесі жолға қойылған. Көпшілік «бір терезе» деп атаған бұл мекеменің ғимараты жаңа типтік жобамен жабдықталып, келген әрбір тұтынушы  үшін толық жағдай жасалынып, жұмыс жүйесі жақсы ұйымдастырылған. Тағы бір айта кетерлігі, мұндағы қызметкерлер өз істерінің білікті мамандары, қай істе де алдыңғы лектен көрініп, аудандағы қоғамдық жұмыстарда да белсенділік танытып жүрген жастар.

Халықпен тікелей жұмыс жасап, құжаттарды дер кезінде дайын етіп, сапалы қызмет көрсете білу қай кезде болсын ең маңызды мәселе. Халыққа қызмет көрсету орталықтарын (ХҚКО) құру және оларға мемлекеттік органдардың қызметтерін ХҚКО арқылы жүзеге асыруға болатын – белгілі бір қызметті алу үшін жүгінген азаматтарға «бір терезе» арқылы қажетті анықтамалар мен құжаттарды алуға мүмкіндік берді. Күн өткен сайын сапалы сервиске деген қажеттілік артып келеді, әрдайым табысты болу үшін кез келген ұйымның жұмысында клиентке бағдарланушылық бірінші кезекке шығады. Қызмет сапасын бақылау мақсатында, «Азаматтарға арналған үкімет» бірқатар механизмдерді әзірледі.

Заманауи және әрекетті құралдардың бірі ахуалдық талдау орталығы болып табылады. Заманауи орталық онлайн режимінде бейне-мониторинг жүргізу, мемлекеттік корпорацияның жұмыскерлеріне кеңес беру көмегін көрсету және сыбайлас жемқорлық белгілерін жою үшін қажетті жабдықтармен жабдықталған. «Азаматтарға арналған үкіметтің» ахуалдық орталығының жиырма жұмыскері еліміз бойынша мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасын бақылай отырып, әрдайым халыққа қызмет көрсету орталықтарына бейнебақылау жүргізіп отырады. Бүгінгі таңда ахуалдық орталыққа мемлекеттік корпорацияның барлық халыққа қызмет көрсету орталықтары қосылған. Сонымен қатар ахуалдық орталық шалғайдағы ауылдық аймақтарға қызмет көрсететін мобильдік ХҚКО-лардың жұмысын бақылап, нақты уақыт режимінде олардың геолокациясы мен жүріс бағдарын анықтайды.

«Орталық мамандары нақты уақыт режимінде таңғы сағат 8-ден кешкі сағат 8-ге дейін фронт-офистің барлық іс-шараларына бақылау жүргізеді және қажет болған жағдайда, филиалдың тиімді жұмысын қамтамасыз ету үшін жедел түрде қызметкерлермен хабарласа алады. Мысалы, егер азаматқа қызмет сапасыз көрсетілген болса, ХҚКО-да тұрып-ақ 1414 нөмірі бойынша қоңырау шалуына болады, ахуалдық орталықтың мамандары қоңырау шалушыны камера арқылы анықтайды және оны көзбен егжей-тегжейлі бақылай отырып, жедел түрде шағымның мән-жайын анықтап қана қоймай, қызметтің соңғы нәтижеге дейін жетуін қадағалап, себептерін жою үшін шаралар қабылдайды. Соңғы қайта құрылымдау барысында орталықтың маңыздылығын ескере отырып, біз ахуалдық орталық жұмыскерлерінің санын 20 адамға дейін арттырдық, ал қазір жер кадастры бөлімдерін және жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру және әлеуметтік төлемдерді ведомство аралық есептеу орталықтарын бейнебақылауға қоса отырып, ахуалдық орталықты жаңғыртуды жоспарлап отырмыз», - деп түсіндірді Мемлекеттік корпорацияның Басқарма төрағасының орынбасары Әсемгүл Балташева.

Егер адам мемлекеттік көрсетілетін қызметті алған кезде оған дұрыс кеңес берілмеді немесе кезек күту уақыты қажетті уақыттан асып кетті, немесе мемлекеттік корпорацияның жұмыскері дөрекілік көрсетті деп санаса, ол 1414 бірыңғай байланыс орталығына хабарласа алады. «Негізсіз бас тартулар, қызметкерлердің дөрекілік көрсетуі немесе қызметтің ұзақ уақыт көрсетілуі бойынша барлық мәселелерді ахуалдық орталық арқылы тез шешуге болады. Біз мәселені тез арада шешу үшін шаралар қабылдаймыз және бізге келушілер алдағы уақытта қызметті жылдам және сапалы түрде алатын болады. «Кері байланыс» үшін біз әрдайым дайынбыз және көрсетілетін қызметтерді алуға келген адамдарға қуана көмек көрсетеміз әрі өзіміздің жұмысымыздың әлсіз жақтарын түсініп, түзетуге тырысамыз, - деді Әсемгүл Балташева.

1414 Бірыңғай байланыс орталығы – бұл қызмет сапасына шағымданудың жалғыз жолы емес. Www.facebook.com/gos.corporation және www.instagram.com/gos_corp әлеуметтік желілерінде «Азаматтарға арналған үкімет» ресми аккаунттары арқылы қызмет көрсету сапасы мәселелері бойынша түскен әрбір шағымға қатысты әр фактіге шұғыл түрде тексеріс жүргізіледі және шағымданған пайдаланушыларға орын алған жағдай бойынша егжей-тегжейлі жауап ұсынылады. Шағымдар мен өтініштер «Азаматтарға арналған үкіметке» Мемлекеттік корпорацияның интернет-ресурсында Басқарма төрағасының блогы арқылы да түседі, ондағы бір де бір құжат қараусыз қалдырылмайды. Сонымен қатар ХҚКО-ларға апта сайын ешбір ескертусіз қарапайым қызмет алушылар кейпінде «жасырын сатып алушылар» келіп тұрады. Әсемгүл Балташеваның айтуынша, мұндай тексерістер мемлекеттік қызметтерді көрсету барысындағы «осал жерлерді» анықтауға көмектеседі, ол келешекте ХҚКО инспекторларын оқытуға мүмкінді береді екен.

«Жасырын сатып алушылар» ХҚКО-ларға келген кезде барлық кемшіліктерді тіркеп, ол бойынша егжей-тегжейлі есеп дайындайды, оның негізінде біз фронт-офистердің басшыларына ұсынымдар береміз. Мысалы, кеңес беру кезінде мамандар қандай да бір қызметті көрсету бойынша ақпарат бере алмаса, менторлар жұмыскерлерге жұмыс орындарында оқыту сабақтарын жүргізеді», - дейді Балташева. Корпорацияның баспасөз қызметі мәлім еткендей, менторлық институт халыққа қызмет көрсету орталықтарында 2011 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Менторларға ХҚКО жұмыскерлерінің ішінен үздіктері таңдалады. Әдетте, мемлекеттік қызмет көрсету жүйесіндегі олардың еңбек жолдары қарапайым өтініштерді беруден басталады, одан кейін жұмыс тәжірибесі мен өтілі арта келе, осы қызметкерлер өз әріптестерін оқыта алатын болады.

Халыққа қызмет көрсету орталықтары қызметінің қағидаларының жалпы ережелерінде не айтылған? Енді осыған қысқаша тоқталып өтсек. 1. Осы Халыққа қызмет көрсету орталықтары қызметінің қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Қазақстан Республикасы Заңы (бұдан әрі – Заң) 9-бабының 2) тармақшасына сәйкес әзірленді және Халыққа қызмет көрсету орталықтары (бұдан әрі – Орталықтар) қызметінің тәртібін, сондай-ақ өтініштерді (құжаттарды) қабылдау және өтініштердің уәкілетті органдарға уақтылы табысталуын және қабылдануын қамтамасыз ету, Орталықтарда құжаттарды беру тәртібін айқындайды. 2. Орталықтар өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына, Заңдарына, Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, жарғыға, сондай-ақ осы Қағидаларға, мемлекеттік қызметтерді көрсету стандарттарына сәйкес жүзеге асырады. 3. Орталықтар Заңға сәйкес, өтініштерді қабылдау және құжаттарды беру бойынша «жалғыз терезе» қағидаты бойынша жеке және (немесе) заңды тұлғаларға мемлекеттік қызметтерді ұсынуды қамтамасыз етеді.

Мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің ұсынылуын қамтамасыз ететін ретте Орталықтар, «Ақпараттандыру туралы» Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, ақпараттық жүйелерінен мәліметтер алу мүмкін. 4. Орталықтар мемлекеттік қызметтерді, Заңның 3-бабына сәйкес келесі қағидаттар негізінде ұсынады: қызметті алушылардың тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша қандай да бір кемсітушіліксіз теңдей қол жеткізуі; мемлекеттік қызметтерді көрсету кезінде төрешілдік пен сөзбұйдалық көріністеріне жол бермеу; мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы есептілік және ашықтық; мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қолжетімділігі; мемлекеттік қызметтер көрсету процесін үнемі жетілдіру; мемлекеттік қызметтер көрсету кезіндегі үнемділік және тиімділік. 5. Орталықтардың құрылымын және штаттық санын Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрлігінің «Халыққа қызмет көрсету орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының (бұдан әрі – «ХҚКО» РМК) бас директоры бекітеді. 6. Орталықтарды қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету, мемлекеттік сатып алу туралы келісімшарт шеңберінде алынатын қаражат құралдары шегінде жүзеге асырылады.

Орталықтар қызметінің тәртібі

7. Орталықтарда Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес бес күндік және алты күндік жұмыс аптасы белгіленеді. Бес күндік және алты күндік жұмыс аптасы кезінде күнделікті жұмыс уақытының ұзақтығы 40 сағаттық жұмыс аптасы болғанда 8 сағаттан аспауы керек. 8. Орталықтар үшін олардың үздіксіз жұмысын сағат 9.00-ден 20.00-ге дейін қамтамасыз ететін, қызметкерлерге арналған түскі үзіліспен бірге, Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасынасәйкес жылжымалы кесте бойынша ауысымды жұмыс кестесі белгіленеді. 9. Орталықтар қызметкерлерінің жұмыс орындары Орталықтардың жергілікті есептеу желісіне қосылады. 10. Орталықтардың үй-жайларындағы температуралық режим Цельсий бойынша 20-21 градус шегінде болуға тиіс. 11. Орталықтар ғимараттарының кіреберісінде жұмыс орындарын алмастыру сызбасы белгіленеді. 12. Орталықтардың реттеу залы мен күту залдары бейне камералардың көмегімен визуалды бақылау жүйесімен жабдықталуы мүмкін. Орталықтардың кіреберісінде бейнебақылау жүйесі болған жағдайда бейнебақылау жүйесінің бар екендігі туралы ескерту маңдайшасы орнатылады. 13. Орталықтардың ғимараттарында осы Қағидалар туралы ақпарат, ұсынылатын қызметтердің тізбесі, мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің стандарттары, анықтамалық және түсіндіру материалдары орналастырылады. 14. Орталықтарда өтініш берушілерге ұсынылатын қызмет бойынша анықтамалық ақпаратты ұсыну, мемлекеттік және орыс тілдерінде әзірленген мемлекеттік қызмет стандарттарымен танысу қамтамасыз етіледі. Көрсетілген ақпарат және стандарттар ыңғайлы нысанда, көруге қолайлы қолжетімді орындарда орнатылған тақтайшаларға орналастырылуы қажет (соның ішінде келушілер саны көп болған жағдайда).

 

Оқылды 179 рет