Жұма, 14 Сәуір 2023 11:52

Шымкент: 2025 жылға дейін 6 емхана, 200 орындық перзентхана салынады

Шымкент — республикалық маңызға ие, миллионнан астам тұрғыны бар қала. Осы орайда демографиялық және урбанизациялық өсім есебінен денсаулық сақтау саласында да бірқатар қажеттіліктер туындап отыр.

— Шымкентте медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз етіп, қызмет сапасын арттыру мақсатында бірқатар жұмыс атқарылды. Денсаулық сақтау ұйымдарына бекітілген талапқа сай 1 емханаға 30 мың тұрғыннан келуі тиіс. Шымкентте бүгінде 45 емхана халыққа қызмет көрсетіп отыр. Яғни, 1 емханаға орта есеппен 26 мың тұрғаннан келіп тұр. Алдағы уақытта жұмыс сапасын арттыру үшін бұл көрсеткішті 24 мың тұрғынға дейін жеткізу көзделген. Сонымен қатар, 2025 жылға дейін қалаға 6 емхана қажет. Бұл емханалардың құрылысына инвестиция тарту жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, республикалық бюджет есебінен 2025 жылға дейін 200 төсек-орынды перзентхана салынады. Бұл №1 перинаталдық орталықтың жүктемесін азайтып, ана мен бала денсаулығын жақсарту үшін сапалы медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік бермек, - дейді Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Н.Асылбеков.

Шымкент қалалық №2 перинаталдық орталықтың іргетасы Ақжайық шағын ауданында қаланбақ. Бүгінде 200 төсек-орынға арналған перинаталдық орталық құрылысын жүргізу үшін мамандардың қорытындысы алынған.

Айта кетейік, қазіргі таңда жобаның сәулет-жоспарлау тапсырмасы әзірленіп, жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеу үшін бюджеттен қаржы қарастырылып, мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілуде.

Оқылды 426 рет