Мыңдаған шымкенттік «Орталық саябаққа» жиналып, «Менің гүлді аулам» гүлдер фестиваліне қатысты. Қала тұрғындары мен қонақтарына арналған мерекелік шарада эстрада жұлдыздары ән шырқап, көпшілікті көтеріңкі көңіл-күйге бөлеуде. Сонымен қатар, қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесі, гүлдер көрмесі, арнайы шеберлік сағаттары өтіп, суретшілер өздерінің ең жақсы деген жұмыстарымен таныстырды.
Саябақ кәдімгі сахнаға айналып, әдемі безендірілген гүлдер композициялары мен түрлі инсталляцияларда қонақтар естелік суреттерге жарыса түсуде. Қызғалдақ гүлі кейпіндегі бишілер мың бұрала билеп, ерекше әсер сыйлады. Оған қоса бүгінгі ауа-райы да ерекше құлпырып, тұрғындардың жүзі бал−бұл жайнап, керемет көңіл- күйде жүр.
Сондай-ақ, мерекеге келген қала тұрғындары қазақтың ұлттық тағамдары мен дәмді кәуаптарынан дәм татты. Арнайы шақырылған аниматорлар балаларды жарқын әсерге бөлеп, ойын түрлерімен жарысса, қонақтар арасында түрлі ұтыс ойындары ойнатылып, түрлі сыйлықтар ұсынылды.
Мерекелік іс-шараның екінші жартысында күннің басты оқиғасы «Менің гүлді аулам» байқауының жеңімпаздарын марапаттау сәті ұйымдастырылды. «Менің гүлді аулам» байқауының жеңімпаздарын қала әкімінің орынбасары Ергешбек Нұрсадық құттықтап, қаржылай сыйлықтарды табыстады.
Айта кетейік, қаламызда 1300-ден астам аула бар. «Менің гүлді аулам» байқауына 92 аула өтінім берген екен. Бүгін оның 31-і жүлделі орыннан көрініп отыр.
«Менің гүлді аулам» байқауы өткен жылдың қазан айында басталып, сәуірде өз мәресіне жетті. Қатысушылардың еңбегін комиссия өкілдері 10 критерий негізінде бағалап шықты. Қазылар алқысаның төрағасы, А.Асқаров атындағы дендрологиялық саябақтың директоры Гүлнара Сапарымбеттің айтуынша, байқауда жүлдегерлердің санын арттыру үшін қаржылай сыйлыққа өзгеріс енгізілді. Бүгінгі салтанатты марапаттау рәсімінде 9 аулаға – 1 миллион теңге, 6 аулаға – 500 мың теңге, 9 аулаға – 250 мың теңге, 8 аулаға – 150 мың теңге, 1 аулаға – 100 мың теңге қаржылай сыйлық табысталды.