Сәрсенбі, 10 Мамыр 2023 22:34

Шымкентте мемлекеттік бағдарламамен 1200 отбасы баспаналы болды

Шымкентте өткен жылы тұрғын үйге мұқтаж 1641 азамат несиелік баспанаға қол жеткізген болатын. Ал биыл мегаполисте жыл басынан бері баспана кезегінде тұрған 1293 азаматқа жаңа пәтердің кілті табысталды. Қоныс тойын тойлаған шымкенттіктер пәтер құжатын ипотекалық негізде «Отбасы банк» арқылы рәсімдеді. Оның ішінде, 1047 пәтер «5-20-25» бағдарламасы, 246 пәтер «2-10-20 Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша берілді. Атап өтсек, бағдарламаға тұрғын үй кезегіне тіркелген «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы отбасылар, жетім және ата анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, ерекше бала тәрбиелеп отырған отбасылар, сонымен қатар 1 және 2 топ түгедектігі бар азаматтар қатыса алады. Елімізде тұрғын үймен қамтамасыз ететін мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігі зор. Мәселен, «Бақытты отбасы» бағыты бойынша жылдық 2%-дан аспайтын сыйақы мөлшерлемесімен, бастапқы жарна 10 %-дан кем емес мөлшерде 20 жылға тұрғын үйді сатып алуға несие беру қарастырылған. Ал, «5-20-25», «Шаңырақ» пилоттық жобасы бағыты бойынша тұрғын үйге мұқтаж азаматтар тізімінде кезекке тіркелген кез келген азаматқа өтінім беруге мүмкіндік бар.

Осы тұста айта кетейік, Биылдан бастап Шымкент қаласында тұрғын үй кезегі бойынша арнайы санаттарға жатпайтын азаматтардың да баспанамен қамтылуына мүмкіндік қарастырылатын болады. Іске қосылатын «Қамқор» өңірлік бағдарламасы арқылы алғашқы кезеңде 150 адамды пәтермен қамту жоспарланып отыр. Биыл мегаполисте халықты баспанамен қамту жұмыстары қарқынды жүргізіледі. Көпбалалы аналар мен жетім балаларға, әлеуметтік осал топтағы азаматтарға, жастарға жыл соңына дейін 2 мың пәтер беру жоспарланып отыр.

“Жылдан жылға қалада халық саны артуына байланысты баспанаға мұқтаж азаматтар көбейіп келеді. Осыны ескере отырып, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын “Қамқор ” бағдарламасын іске қостық. Қала бюджетінің артуына орай, бұл бағдарламамен пәтерлі болатындар саны да жыл сайын көбейіп отыратын болады” – деді қала әкімі.




Оқылды 377 рет