Бүгін Тұран ауданының әлеуметтік – инфрақұрылыммен қамтылу көрсеткішін арттыру мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарды БАҚ өкілдеріне таныстыру үшін арнайы пресс-тур ұйымдастырылды.
Қазіргі уақытта аудан тұрғындарына қолайлы жағдай жасау мақсатында аудан аумағындағы бірнеше нысандарда құрылыс жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Соның бірі – Құрсай елді мекені. Тұран ауданы аумағында орналасқан Құрсай елді мекенін сапалы ауыз сумен қамту құрылысы II кезек бойынша 2021 жылы басталған.
Бүгінде Құрсай I кезек бойынша, 185,5 шақырым ауыз су құбырының 95,5 %-ы орнатылды. Ал II кезек бойынша, барлығы 151 шақырым ауыз су құбырының 92 %-ы аяқталды. Құрылыс жұмысы биыл маусым айында аяқталып, абоненттеу жұмысы жүргізілетін болады. Нәтижесінде, Құрсай елді мекеніндегі 22 мыңнан астам тұрғын сапалы ауыз сумен қамтылады. Сондай-ақ, Құрсай елді мекеніне су беру мақсатында жоба бойынша 1000 м3-тан 2 дана су жинау резервуарының құрылысы қарастырылған. Резервуардан шыққан ауыз су екі сорғы станциясы арқылы абоненттерге беріледі. Қазіргі таңда, резервуардың қабырғалары құйылуда. Құрылысын желтоқсан айында аяқтап, іске қосу жоспарланған. Бүгінгі таңда, Құрсай елді мекені тұрғындары ауыз суды кестемен тұтынуда. Жыл соңында Құрсайдағы 8 336 абонент, яғни 41 680 адам сапалы ауыз сумен қамтылатын болады.
Айта кетейік, Тұран ауданы 99,5 % сапалы ауыз сумен қамтылған. Биыл Құрсай елді мекеніндегі құрылыс жұмысы аяқталу нәтижесінде, аудан тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамту көрсеткішісі 100 %-ға жетеді.
Сондай-ақ, биыл Құрсай елді мекеніндегі Аққыстау, Таңатар және Қармақшы көшелері жарықтандырылатын болады.
Шымкент қаласында мемлекеттің инженерлік инфрақұрылымды дамыту бағдарламалары сәтті іске асып жатыр. Мәселен, Шымкент қаласы республикалық мәртебе алған 5 жыл ішінде тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету көрсіеткіші 93 пайыздан 98 пайызға артты.Жалпы, Шымкентте ауыз суды кестемен тұтынатын тұрғын алаптар саны жыл сайын азайып келеді. Шымкент қаласындағы 81 елдімекеннің 78-і сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілген.Жоспарға сәйкес, Шымкент қаласының тұрғындары 2023 жылы 100 пайыз сапалы ауыз сумен қамтылады.