Бүгінде Шымкентте мемлекет бюджеті есебінен 67 көпқабатты тұрғын үй салынып, 17 үйдің абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Бүгін қала әкімі Мұрат Әйтенов Әкімшілік іскерлік орталығы аумағынан бой көтерген 9 қабатты сегіз тұрғын үйдің абаттандыру құрылысын тексерді. Тұрғын үйлердің ирригациялық жүйелері тартылып, ішкі жолдары асфальттелген. Қазір аулада көгал төселуде, бригада ауланы абаттандыру жұмыстарын аяқтап жатыр. Мұрат Дүйсенбекұлы жауаптыларға қолданысқа дайын 432 пәтерді мемлекеттік бағдарлама арқылы баспана кезегіндегі тұрғындарға үлестіруді ұйымдастыруды тапсырды.
Айта кетейік, 2023 жылдың басында 976 отбасыны арендалық пәтермен қамту жоспарланған болатын. Бүгінгі таңда жұмыс істейтін жастарға 300 пәтер бойынша тұрғын үй комиссияның шешімі қабылданып, пәтерлердің кілттері беріліп жатыр. 1 сәуірде 161 пәтер бойынша тұрғын үй комиссиясының шешімі шықты. Бұл ретте жетім балаларға 10 пәтер, көпбалалы отбасыларға 106 пәтер, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобына 45 пәтер беріледі. Комиссияның келесі отырысы мамыр айында өтеді деп күтілуде. 2023 жылдың соңына дейін кезекте тұрған азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету үшін 1 580 пәтер сатып алу жоспарланған. Пәтер сатып алуға 22,5 млрд теңге қаржы бөлінді. Нарықтағы жеке құрылыс салушылардың тізімі анықталып, талдау жұмыстары жүргізілуде. Жыл соңына дейін кредиттік негізде 4 197 отбасыны пәтермен қамту көзделуде. 2023 жылы мамыр айында жергілікті бюджет есебінен бастапқы жарна үшін, 300 млн. теңгеге дейін (әр азаматқа 1 млн теңгеге дейін) тұрғын үй сертификаттарын беру жоспарда. Сонымен қатар, 2023 жылы жергілікті бюджет есебінен бөлінген 6 млн. теңгеге «Тұрғын үй сертификаттарын беру» мемлекеттік көрсетілетін қызметі автоматтандырылды.