Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов бүгін Тұран-2 шағынаудандарындағы көпқабатты тұрғын үйлердің инженерлік-инфрақұрылым жұмыстарын тексерді.
Қазір Тұран-2 елдімекенінде 1 112 пәтерлі 18 көпқабатты тұрғын үй құрылысы жүргізілуде. Былтыр осы аумаққа жылу, су, кәріз және электр жүйесі тартылған болатын. Қазір мұнда ішкі орамды тегістеу, абаттандыру, аяқжол және асфальт төсеу жұмыстары қолға алынды.
Сонымен қатар шағын ауданның 25,26 орамдарына инженерлік инфрақұрылым желілері тартылуда. Нысандарды толық қолданысқа беру биыл екінші жартыжылдыққа жоспарланған.
Айта кетейік, 2023 жылдың басында 976 отбасыны арендалық пәтермен қамту жоспарланған болатын. Бүгінгі таңда жұмыс істейтін жастарға 300 пәтер бойынша тұрғын үй комиссияның шешімі қабылданып, пәтерлердің кілттері беріліп жатыр. 1 сәуірде 161 пәтер бойынша тұрғын үй комиссиясының шешімі шықты. Бұл ретте жетім балаларға 10 пәтер, көпбалалы отбасыларға 106 пәтер, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобына 45 пәтер беріледі. Комиссияның келесі отырысы мамыр айында өтеді деп күтілуде. 2023 жылдың соңына дейін кезекте тұрған азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету үшін 1 580 пәтер сатып алу жоспарланған. Пәтер сатып алуға 22,5 млрд теңге қаржы бөлінді. Нарықтағы жеке құрылыс салушылардың тізімі анықталып, талдау жұмыстары жүргізілуде. Жыл соңына дейін кредиттік негізде 4 197 отбасыны пәтермен қамту көзделуде. 2023 жылы мамыр айында жергілікті бюджет есебінен бастапқы жарна үшін, 300 млн. теңгеге дейін (әр азаматқа 1 млн теңгеге дейін) тұрғын үй сертификаттарын беру жоспарда. Сонымен қатар, 2023 жылы жергілікті бюджет есебінен бөлінген 6 млн. теңгеге «Тұрғын үй сертификаттарын беру» мемлекеттік көрсетілетін қызметі автоматтандырылды.