Дүйсенбі, 15 Мамыр 2023 18:01

Шымкентте «Ылғалды барьер» қондырғылары қалыпты жұмыс істеп тұр

Мегаполистегі халық санының өсуіне, тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар құрылысының артуына, қала тазалығын сақтауға байланысты қала әкімі М.Әйтенов тазалау қондырғысын салу жоспарымен танысты. Нақты айтсақ, кәріз суынан шыққан қалдықтарды қазіргі аумақтан орнын алыстатуға және залалсыздандыру тұздарын уақытылы, мөлшерге сай шашып тұруға тапсырма берді.

Қазір қала аумағында жағымсыз иістерді бейтараптандыруға арналған «Ылғалды барьер» қондырғылары қалыпты жұмыс істеп тұр.

Сондай-ақ, жағымсыз иісті болдырмау үшін шұңқырларды тұзбен толтыру жұмыстары үздіксіз жүргізіліп келеді. Бүгінге дейін кәріз суларын тазалау аумағын қоршай 2000 түптен аса көшет отырғызылып, тамшылатып суғару жүйесі құрылған. Аумақта жалпы ұзындығы 1100 метрді құрайтын қолданыстағы лай төсеніштерінің айналасына темірбетон қоршауын салу жұмыстары басталды. Жұмыс биылғы жылдың шілдесіне дейін аяқталатын болады.

Жоспарға сәйкес, 2024-2025 жылдары тазарту қондырғысының бүкіл аумағында толығымен 10 000-нан аса көшет отырғызылады.

Алдағы уақытта жағымсыз иіс тұрғындарға келеңсіздік тудырмас үшін еуропалық стандарттағы жаңа технологиялық тазарту қондырғысы қолданылатын болады. Сонымен қатар, қондырғының қуаттылығын тәулігіне 200 мың текше метрге дейін арттыру, 50 мың текше метрге дейін тазарту үшін қосымша құрылыстар салу басты жоспарда.

Осыған орай мамандар миллиондаған тұрғыны бар Берлин, Мәскеу, Ташкент секілді ірі қалалардың тазарту қондырғыларының жұмысымен тәжірибе алмасады.

Тілге тиек етейік, жалпы, қаладан шығатын шайынды судың кешенде тазартылатын көлемі 150 мың текше метр. Шымкент аумағының күннен-күнге ұлғаюына байланысты шайынды су өңдеу кешенінің қуаттылығын қосымша 50 мың текше метрге арттыру бойынша жұмыс басталып кетті. Оған Еуропалық қайта құру, Даму банкінен несие алынды және Үкіметтен қолдау көрсетілуде. Нәтижесінде бүгінде кешен Орта Азия елдерінде баламасы жоқ ауқымды жобаға айналып отыр.

Айта кетейік, жыл басынан бері «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС тұрғын алаптарда су құбыры және кәріз желілерінің тозығы жеткен бөліктерін жаңартуды және ауыстыруды қолға алған.

Оқылды 285 рет