Жексенбі, 21 Мамыр 2023 21:37

ШЫМКЕНТТІҢ ЖАҢА ШАҒЫНАУДАНДА САЯБАҚ САЛЫНАДЫ

Шымкент қаласының әкімі М.Әйтенов бүгін Shymkenт City шағын ауданында болып, жаңадан салынатын саябақ құрылысының жобасымен танысты. Жалпы жаңа қалашықтың аумағы 20,4 гектар жерді алып жатыр. Бүгінде шағынауданды инфрақұрылыммен қамту жұмыстары толық жүргізілуде. Бұған дейін Shymkenт City аумағының даму жоспарына 15 инвестор тартылып, тұрғын үй құрылыстары қарқын алды. Сондай-ақ, заманауи ғимараттар, бизнес кеңселер, әкімшілік-іскерлік орталықтар салуға сырттан да инвестициялық жобалар тартылған. Сонымен қатар мұнда жеке инвесторлардың қаржыландыруымен жаңадан 300-ге жуық көп қабатты тұрғын үй, әрқайсысы 1200 орындық 3 мектеп, балабақшалар, емхана, саябақ және конгресс-холл құрылыстары жүргізілуде. Саябақ құрылысына келсек, нысанда көгалдандыру алаңы 164 000 шаршы метрді құрайды. Мұнда 53 балалар ойын алаңшасы, 19 спорттық алаң орналасатын болады. Сондай-ақ, 2,8 шақырымдық веложол, жасанды көл салынып, 5 мыңнан аса ағаш көшеті, 7 мыңнан аса гүл, 6 мың бұта егу жоспарланған. Қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы қала келбеті тағы бір саябақпен көмкеріле түсетінін, қаланы жасыл желекке бөлеу арқылы шаһар тынысы ашыла түсетінін айтып өтті. Нысан 2025 жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде. Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылы Шымкентте саябақтар мен гүлзарларға 2022-2026 жылдарға арналған даму концепциясының жобасы әзірлен-ді. Концепция жобасы аясында жалпы қалалық саябақтар жүйесін қалыптастыру, демалушыларға қолжетімді аумақта орналасуы, саябақтарда жаңа сценарийлерді құру және тағы басқа да жұмыстар жүргізілетін болады делінген еді. Қала аумағындағы халық санының артуын ескере отырып, жаңадан 23 гүлзар орындарын салу бойынша ұсыныс берілді. Ұсыныс қала әкімімен қолдау тауып, әр жыл сайын 5-10 гүлзардан салып, қаланың көгалдандыру аумағын 30,25 гектарға арттыру жоспарланған-ды. Қала аумағындағы саябақтарды кезең-кезеңмен жөндеу жұмыстарынан өткізу бойынша Жол картасы әзірленді. Аудан әкімдерімен келісіліп, бекіту жұмыстары жүргізілде. Сонымен қатар, қаладағы субұрқақтардың жұмыс уақытын айқындайтын кесте бекітілді.

Оқылды 180 рет