Жексенбі, 21 Мамыр 2023 20:32

ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ ТҰРАНДЫҚТАРДЫҢ БАСТАМАСЫН ҚОЛДАДЫ

Бүгін қала әкімі Мұрат Әйтенов Тұран ауданы тұрғынының гүлзар салу бойынша ұсынысын пысықтау үшін Самал-1 шағынауданына арнайы барды. Белсенді азамат Ералы Күнходжаев бұл бастамасын жуырда қала әкімінің аудан тұрғындарымен есептік кездесуінде көтерген болатын.

Мұрат Дүйсенбекұлы қажеттілікті ескере келе Жандосов көшесінің қиылысындағы бос алаңшада гүлзар құрылысын жүргізуге қолдау көрсетті.

Ауданның жанашыры жыл соңына дейін демалыс орнының жобалау-сметалық құжаттамасын ұсынатынын жеткізді. Қала әкімі қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасына келесі жылы гүлзар құрылысын бастауды тапсырды. Сондай-ақ демалыс аймағының жобасын жергілікті тұрғындармен бірлесе отырып, бекіту қажеттігін ескертті.

Естеріңізге сала кетейік, былтыр мамыр айында өткен Шымкент қаласының жетінші шақырылған мәслихатының кезекті он алтыншы сессиясында қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы Ғалымжан Ілиясов Шымкент қаласында алдағы жылдары жалпы аумағы 70 гектарды құрайтын 80 гүлзар пайда болатынын мәлімдеген еді.

 –Шымкент қаласында алдағы жылдары жалпы аумағы 70 гектарды құрайтын 80 гүлзар пайда болады. Ол үшін қаланың бас жоспарына түзетулер енгізіліп, орындары анықталды. Сонымен қатар Шымкент-Сити шағын ауданында аумағы 40 гектарлық, Тұран шағын ауданында 37 гектарлық, ал, Сәуле шағын ауданында 2,5 гектарлық саябақ ашу үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде, –деді Ғ.Илиясов. Сонымен бірге сала жетекшісі 2021 жылы аудан әкімдіктерімен 75,5 мың дана, жасыл белдеуге 200 мың дана, саябақтар мен гүлзарларға 10 мың дана ағаш көшеттері егілгенін, ал биылғы жылдың көктем айларында жалпы 21 455 ағаш көшеті отырғызылғанын атап өткен еді.

Бүгінгі таңда мегаполисте 8 саябақ, 39 гүлзар бар. Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің хаттамалық тапсырмасына және шаһарды көгалдандыру мен көріктендіруге байланысты жасалған арнайы бағдарламаға сәйкес 2025 жылға қарай қосымша 23 гүлзар, 4 саябақ салынады деген жоспар бар.

Оқылды 326 рет