Дүйсенбі, 11 Қыркүйек 2023 18:15

Отырар ауданы: Қоғам, Қарғалы ауыл округтерінің әкімдері биыл атқарған жұмыстарының есебін берді

Отырар аудандық қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өтіп, күн тәртібінде Қоғам, Қарғалы ауыл округі әкімдерінің 2023 жылы атқарған жұмыстарының есебі және Түркістан облыстық мәслихатының 10.07.2023 жылғы №4/42-ҮІІІ шешімінің негізінде жүргізілетін өзгерістер жобасы талқыланды.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша алдымен Қоғам ауыл округінің әкімі Жеңіс Зернабиев есепті баяндама жасап, атқарылған жұмыстардың жайы мен алға қойған міндеттеріне тоқталды. Әлеуметтік, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, инфрақұрылым салаларында туындаған міндеттердің орындалуы, қол жеткізген көрсеткіштер талданып, бағыттар бойынша түсіндірілді.

Қоғам ауыл округінде жыл басынан 26 азаматқа гигиеналық құралдар, 17 азаматқа демалыс орындарына жолдама берілсе, облыстық оңалту орындарына 13 азамат жіберіліп емделіп қайтты, «Ардагерлер» демалыс үйіне 5 азамат, «Мейір» емделу шипажайына 2 азамат, Арыс шипажайына 6 азамат сауықтыру шараларымен қамтылып, демалған.

Халықтың әлжуаз топтарының өтініштері бойынша аудан әкімдігі жанындағы Мұқтаж азаматтардың жекелеген топтарына әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі комиссиясы арқылы қаржылай көмек берілген. Атап айтар болсақ, әлеуметтік мәні бар аурумен ауырған 24 науқастың емдеу шараларына, 1 жалғыз ілікті азаматшаның тұрғын үйіне орта жөндеу жұмыстарын жүргізуге қаржылай көмек көрсетілді.

Ауыл шаруашылығында, оның ішінде мал шаруашылығында қысқы мезгілге қажетті жем-шөп қоры дайындалуда. Ауыл округіне қарасты жайылым, шабындық жердің жетіспеушілігіне байланысты, биылғы жылғы қуаңшылыққа сәйкес Орман шаруашылығы және көрші ауыл округтердің жайылым, шабындық жерлерін, мал жаю үшін пайдалана жүріп, мал азығын дайындап, тасымалдау ұйымдастырылды. Бүгінгі таңда мал қыстатуға қажетті 18 900 тн жем-шөп дайындалды.

Округтегі Ж.Смайлов, Атамекен, көшелеріне тиісті жөндеу жұмыстары жүргізілсе, ауыл тұрғындарының сұранысы жоғары болған медтіректің жаңа ғимараты қарқынды жүргізілуде. Аталған жұмыстардың жай-жапсарын баяндаған ауыл округінің әкімі кеңес мүшелерінің сауалдарына да тұщымды жауап беріп өтті.

Мұнан соң сөз алған Қарғалы ауыл округінің әкімі Еркеғали Жұмабек ауыл округінде қолға алынған тың бастамаларға тоқталды. Бюджеттік-салықтық саясат, қоғамдық-саяси жұмыстар, ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым салаларында туындаған мәселелер мен жоспарлы жұмыстардың орындалу барысын баяндады.

Соңғы жылдары таулы аудандарда жауын-шашын және мұз деңгейінің аздығынан ағын су жетіспеушілігі орын алып келеді. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімімен бірлесе отырып, далалық семинарлар өткізу нәтижесінде ауылдағы шаруалар бидай өсіру ісін қолға алғанын айтты. Мұнан бөлек, байланыс сапасын арттыру бағытында Қарғалы ауылының тұрғындары 4G дейгейлі байланыспен қамтылғанын атады. Алдағы күндері «Кселл» АҚ жаңа базалық байланыс станциясын орнататынын жеткізді.

Аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Асқар Көлбай Түркістан облыстық мәслихатының 10.07.2023 жылғы №4/42-ҮІІІ шешімінің негізінде жүргізілетін өзгерістерді баяндап өтті.  «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту» Ұлттық жобасын іске асыру, «Күміс жас», «Алғашқы жұмыс» жобалары, Шәуілдір ауылындағы жаңа ықшамауданға газ құбырын салу, Бестам ауылында ауыз су құбыры және ауыз су ғимараты (сооружение) құрылысына байланысты белгіленген өзгерістерді атады.

Жиын қорытындысы бойынша кеңес мүшелері өз пікірлерін ортаға салып, жұмыстарды одан әрі жетілдіру бағытында ұсыныстарын енгізді. Күн тәртібіндегі көтерілген мәселелер мен ұсыныстар хаттамаға түсіріліп, орындау үшін тиісті салаға жолданды.

Халық пен билік арасында дәнекер болатын, ел ішіндегі өзекті мәселелерді қозғап, оның шешілуін қамтамасыз ету үшін қажетті мемлекеттік органдарға уәжін жеткізетін ұйымдарды Қоғамдық кеңестер деп атаймыз. Қоғамдық кеңестерді құру бастамасы Қазақстанда 2013 жылы қолға алынды. Аз уақыттың ішінде өзінің тиімділігін көрсете білген ұйымдардың 2015 жылы құқықтық мәртебесі айқындалды. Сол жылы қарашаның екісінде Қоғамдық кеңестер туралы арнайы заң қабылданды. Қоғамдық кеңестердің маңыздылығы туралы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлт жоспары – бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам» бағдарламасында айтылды.

Заңға сай, Қоғамдық кеңестер дегеніміз – Қазақстан Республика­сының Пре­зи­дентіне тікелей ба­ғынатын және есеп беретін органдар, жергілікті мем­ле­кет­­тік басқару органдары, квази­мем­лекеттік сектор субъектілері құ­ра­тын кон­суль­тативтік-кеңесші, бай­­­­­қау­шы органдар.Қоғамдық кеңестер екі деңгейде – республикалық және жергілікті деңгейлерде құрылады. Заң бойынша, Қоғамдық кеңестер автономды және дербес болып саналады.

Бүгінде елімізде 251 Қоғамдық кеңестер жұмыс істеп жатыр. Оның 35-і республикалық деңгейдегі ұйымдар, 216-сы жергілікті деңгейдегі ұйымдар екен. Қоғамдық кеңестер құрамында қазір 3801 адам бар. Оның 402-і республикалық, 3399-ы аймақтық деңгейдегі өкілдер. 2021 жылы ква­зимемлекеттік сек­тордың 12 субъектісі жанынан Қоғамдық кеңестер ашылды.

Қоғамдық кеңестердің негізгі міндеті ол – азаматтық қоғамның маңызы бар мәселелері бойынша пікір білдіру. Халықтың тілегімен, ой-пікірімен санасу. Бюджеттік бағ­дарламалардың, стратегия­лық жос­пар­лар­дың немесе аумақтарды дамыту, тіпті мемлекеттік бағдарламалардың жобаларын талқылау – Қоғамдық кеңестердің құзіретіне кіреді. Одан бөлек ұйым мүшелері қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарларын талқылау, атқа­рушы органдардың нысаналы инди­ка­торларға қол жеткізуі туралы есеп­терін тыңдау, жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша жергілікті мемлекеттік басқару органдарының жұмысына қатыса алады. Сондай-ақ мониторингтік бақылау жүргізу құқығына ие.  Қоғамдық мониторинг мемлекеттік органдардың  мемлекеттік қызметтер көрсетуі, мемлекеттік бағдарламаларды, стратегиялық жоспарларды және бюджеттік бағдарламаларды, аумақтарды дамыту бағдарламаларын іске асыруы, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің ұлттық басқарушы холдингтердің,  және ұлттық компаниялардың даму жоспарларын, іс-шараларын іске асыруы, мемлекеттік қызметтер көрсетуі.  Сондай-ақ Қазақстан Республикасы заңнамасының нормаларын қолдану нәтижесінде азаматтар үшін теріс салдарларды және қоғамдық мүдделерге қысым жасалуын анықтау мақсатында жүзеге асырылады.

Қоғамдық кеңестердің орасан зор әлеуетке ие екенін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев наурыздағы халыққа жолдауында айтқан болатын.«Біз елімізде азаматтық белсенділікті жандандыруымыз керек. Мемлекет пен қоғамның саналы әрі сындарлы серіктестігіне жол ашуымыз қажет. Сол себепті орталық және жергілікті органдардың квазимемлекеттік секторының жанындағы қоғамдық келісімдерді дамытып жатырмыз. Мен бірнеше рет олардың қызметіне қатысты сын айтқан болатынмын. Дегенмен бұл кеңестердің орасан зор институционалдық әлеуеті бар», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қоғамдық кеңестер - мемлекет қабылдайтын шешімдердің жариялы, ашық болуын қамтамасыз ететін консультативтік-кеңесші, әрі бақылаушы органға айналуы тиіс. Құрамына мемлекеттік органдардың өкілдері мен қарапайым азаматтар кіретін ұйым кез келген мәселе бойынша азаматтық қоғамның ой-пікірін тыңдап, онымен санасуға міндетті. Ол үшін арнайы қоғамдық тыңдаулар өтеді. Осылайша, қарапайым азаматтар елде жүріп жатқан істерге өз ықпалын тигізіп, өзекті мәселелерді көтеруге мүмкіндік алады.Президент айтқандай Қоғамдық кеңестердің жұмысын жандандыру уақыт талабы. Халықтың билік қабылдаған әр шешімге үн қосуы демократиялы мемлекеттегі қалыпты құбылыс.

 

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат»

 

Оқылды 463 рет