Сәрсенбі, 18 Қазан 2023 11:47

Түркістан облысында президент тапсырмалары жүйелі түрде орындалып жатыр

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңесте Президент Үкімет пен атқарушы органдарға отандық өндірісті ұлғайту, азаматтардың нақты табысын арттыру, экономиканы әртараптандыру, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, инвестиция тарту, инфрақұрылымды одан әрі дамыту жөнінде тапсырма берген болатын. Түркістан облысында осы бағытта қарқынды жұмыс жүруде. Орталық коммуникациялар қызметінде ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында Дархан Сатыбалды осы мәселелерге жеке-жеке тоқталды.

Облыста қолайлы бизнес климат қалыптасқан. Кәсіпкерлік субъектілерінің саны жыл сайын өсіп келеді. 5 жылда олардың саны 184 мыңға жетті. 5 жылда шығарылған өнім 11 есеге дейін өсіп, 1 трлн. теңгеден асты (2018 ж. 130,9 млрд. теңге). «Кәсіпкерлікті дамытудың» ұлттық жобасы шеңберінде өткен жылы бизнес субъектілері 46 млрд. теңгеге жеңілдетілген несиемен қамтамасыз етілді. Өз ісін бастауға ынталы азаматтарға «Түркістан» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы» арқылы өткен жылы 22 336 қызмет түрі тегін көрсетілді.

– Түркістан қаласын рухани астана ретінде дамыту бастамасы негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемінің өсуіне ықпал етті. 5 жылда инвестиция көлемі 3 есеге артып, облыс экономикасына жалпы 3 трлн. теңгегедей инвестиция тартылды. Негізгі капиталға бағытталған инвестицияның басым бөлігі жеке инвестицияға тиесілі. 5 жылда облысқа салынған тікелей шетелдік инвестиция көлемі 2 млрд. АҚШ долларын құрады. Жалпы сомасы 422 млрд. теңгеге 133 инвестициялық жоба іске асырылып, 9 347 жұмыс орны құрылды, – деді Дархан Сатыбалды.

Биыл инвестиция тұрақты өсуде. Өсім қарқыны бойынша өңір республикада алдыңғы орында (5 айда 196,1 млрд. тг.). Түркістан облысында 5 жылға арналған 368 инвестициялық жоба жоспарланды. Құны 2,8 трлн. теңге болатын жобалар арқылы 18,5 мың жұмыс орны ашылады. 2023 жылы 48 жоба іске қосылып, 1168 адам жұмыспен қамтылды.

Биыл Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толды. Осы қысқа ғана уақытта облыс пен Түркістан қаласының жаңа дәуірі басталды. Тарихи шаһарда 250-ден аса жаңа нысан бой көтеріп, адам танымастай өзгерді. Бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркістанға тарихи және рухани елорда мәртебесін беру тапсырмасы аясында жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр.

Жалпы Түркістан облысында соңғы 5 жылда 13 мәдениет мекемесі салынып, пайдалануға берілді. Олардың басым бөлігі облыс орталығында бой көтерді. Тарқата айтсақ, «Фараб» ғылыми әмбебеп кітапханасы, «Ұлы Дала Елі» орталығы, Түркістан музыкалық драма театры, «Конгресс холл» көпсалалы кешені, «Ақжайық» музыка мектебі, Оқушылар сарайы, Амфитеатр, Түркістан қаласының әкімшілік-іскерлік орталығындағы қалалық саябағы, Қожа Ахмет Ясауи музейі, Тұңғыш Президент саябағы және Созақ ауданындағы С.Қожанов атындағы музейі т.б. нысандар бар. Сондай-ақ өңірде өткен жылы құрылысы басталған 13 ауылдық мәдениет үйі биыл, яғни жыл соңына дейін ел игілігіне тапсырылмақ. Сонымен қатар, биыл облыста 6 мәдениет үйінің құрылысы басталып, 2024 жылы қолданысқа беріледі.

Бес жылдық белестің қарсаңында, облыс әкімдігінің қолдауымен өңірімізде бірқатар шаралар қолға алынды. Соның бір айғағы – «Фараб» әмбебап-ғылыми облыстық кітапханасының ұйымдастыруымен «Бес жылдыққа — бес әдеби сапар» атты игі жоба қолға алынған. Тараз қаласынан басталған кітап керуені Алматы, Астана, Қызылорда қалаларында жоғары деңгейде кездесу кешін өткізді. Аталған жоба аясында «Ауыл кітапханаларына 20 мың кітап» акциясы да жүзеге асты. Жалпы бұл кітапхананың қор сақтау бөлімінде қазіргі таңда 400 мыңға жуық кітап бар.

Түркістанның туристік, мәдени әлеуетін дамыту мақсатында сәуір-шілде айлары аралығына жоспарланған «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясында әр аудан, қаланың мәдени күндері өтіп жатыр. Аталған мерекелік шара бүгінде шетелдік туристердің де ерекше қызығушылығын арттырды.

Облыстың 5 жылдығына арналған мәні терең мәдени, рухани іс-шаралар алдағы айларда да жалғасады. Атап айтсақ, тамыз айында «Арыс жағасында» ретрофестивалі мен «Ұлы дала дәстүрі» этнофестивалі, қыркүйек айында «Түркістан дауысы – 2023» республикалық эстрада әншілерінің байқауы, қазан айында дәстүрлі халықаралық «Voice of Turan – 2023» қазақ әндері байқауы, сондай-ақ «Ән, жырым саған, Түркістан» атты Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармониясының концерті т.б. кең ауқымды мерекелік іс-шаралар өтеді. Еске сала кетсек, қазіргі таңда Түркістан облысында 688 мәдениет және өнер мекемесі халыққа қызмет көрсетіп келеді. Оның ішінде 396 кітапхана, 251 клуб мекемесі, 3 театр, 1 орталық, 1 филармония, 1 конгресс холл, 1 фильм мекемесі және 9 саябақ бар.

Бүгінгі таңда өңірде орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған елді мекендердің жалпы саны 720-ға жетіп, қамту деңгейі 86,4% құрады (2 025 мың адам немесе 95,6%). Биыл 18 елді мекенге жаңадан ауыз су құбыры салынады, 12 елді мекеннің тозығы жеткен су жүйелері жаңартылады. 465 елді мекенге газ жүргізіліп, қамту деңгейі 56% құрады (1 537,6 мың адам немесе 72,6%). Биыл 68 нысанның құрылысы аяқталып, қосымша 57 елді мекен табиғи газға қосылуға мүмкіндік алады.

5 жылда 6 100 км жол құрылыс-жөндеуден өтіп, жергілікті маңызы бар жолдардың нормативтік үлесі 71,2%-дан 92%-ға жетті. Биыл 2 мың шақырымға жуық жолға құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізіледі. 2025 жылдың соңына дейін қанағаттанарлық жағдайдағы жолдар үлесін 95%-ға жеткізу жоспарланып отыр.

«Жайлы мектеп» – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тікелей бақылауында тұрған жоба. Аталған жоба аясында өңірде 49 мың оқушыны қамтитын 63 мектеп салынады. Оның 29-ының құрылысы биыл басталып, 2024 жылы аяқталады.Ал қалған 34 мектептің құрылысы 2024 жылы басталады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен салынатын бұл білім ұялары өңірдегі үш ауысымды және апатты мектептер мәселесін түбегейлі шешуге серпін бермек.

Аталған ауқымды құрылысқа байланысты облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен ұлттық жобаны жүзеге асыру жөніндегі алгоритм жасалды. Алгоритмге сәйкес облыс көлемінде арнайы жұмыс тобы құрылып, құрамына облыс әкімінің орынбасарлары, аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдері, басқарма басшылары, депутаттар, білім саласы және инфрақұрылымға қатысты мекеме өкілдері енгізілді. Жұмысшы топтың отырысы айына кемінде 1 рет өткізіліп, өзекті мәселелер талқылануда. Әрбір білім ұясының құрылысы қатаң бақылауға алынды. Инфрақұрылымы, инженерлік жүйелері, жері, суы мен газы, электр жүйесі, жалпы әрбір өзекті мәселесін шешу жолдары жоспарланып, нақты жұмыс жүріп жатыр. Оқушылардың саны зерделеніп, қауіпсіздігі де басты назарға алынған. Сонымен бірге мектептердің жобасы, қолданылатын құрылыс материалдары мен жиһаздары бойынша да ортақ стандарт қабылданған. Ол мердігерлерге ұсынылды.

Жүйелі әрі жедел жұмыстар нәтижесінде 2023 жылы құрылысы жоспарланған 29 мектептің 19-ының жер телімдері бөлінді. Құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізетін мердігер мен жобалаушы мекемелері анықталды. Ал қалған 10 мектеп бойынша «Samruk-Kazyna Construction» акционерлік қоғамы тарапынан сатып алу конкурсының ашылуы өткізіліп жатыр. Бұл орайда, өңірде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынатын 63 мектептің құрылысына отандық материалдар қолданылады. Сонымен бірге жергілікті өндірушілерге басымдық беріледі. Әрбір мектептің құрылыс материалдары қатаң бақыланады және арнайы стандарт бекітіледі.

Жалпы, өңірдегі 63 мектепке екі орындық 25100 парта, 50200 орындық, ұстаздарға арналған 2470 үстел, 2550 кресло, лаборанттарға арналған 3012 үстел, 6034 орындық алу жоспарланған. Шкафтар, асханаға қажетті үстелдер мен орындықтар, тақталар, кеңсе орындықтары және өзге де жиһаздар қажет. Осы қажеттілікті өтеу үшін Түркістан облысы әкімдігінің осы салаға жауапты басқармалары облыстағы және республиканың өзге өңірлеріндегі отандық компаниялармен келіссөздер жүргізіп, алдын ала меморандумдар жасамақ. Бұл бағаның қымбаттауының алдын алуға да мүмкіндік береді. Қажетті жиһаз көлемі ауқымды болуына байланысты Түркістан облысында жиһаз шығаратын кәсіпорын ашылып жатыр.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 281 рет