Бейсенбі, 02 Қараша 2023 15:13

Түркістан: жолдардың қысқа дайындығы пысықталды

Өңірдегі жолдардың құрылыс сапасы мен оның қысқа дайындығы толық бақылауға алынған. Қыс кезінде қауіпті болуы мүмкін деген жолдарда қауіпсіз және үздіксіз қозғалысты қамтамасыз ету – басты назарда. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдыға жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының жағдайы мен жай-күйі туралы баяндалды.

Облыс басшысы жолдардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін техника мен көктайғаққа қарсы материалдың көлемі жеткілікті болуын қатаң тапсырды. Түркістан облысының Арыс қаласы, Шардара, Сайрам, Төлеби, Сауран, Отырар аудандарындағы жергілікті маңызы бар жолдарда ауыр жүк көліктерінің жүктеме көрсеткіштері сақталмауынан жолдар мерзімінен бұрын жарамсыз жағдайға жетуде. Мәселені шешу үшін облыстық және аудандық маңызы бар жолдарына автоматтандырылған өлшеу станцияларын орнату қаралуда.

Сонымен қатар жиналыста инертті материалдарды өндіретін карьерлерге салмақ өлшейтін таразыларды орнатуды міндеттеу мәселесі талқыланды. Облыс аумағында 159 карьер орналасқан. Олардың 140-да таразылар орнатылмаған. Өңір басшысы карьер иелерін жүк көліктеріне арналған таразымен толық қамтуды жүктеп, мәселені толық шешуді міндеттеді. Түркістан облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қуат Жұматаевтың баяндауынша, облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағатты жағдайдағы үлесі 92%-ды құрайды. Биыл жалпы 676 нысан не 1586,4 шқ. жолдар мен көшелерді жөндеуге қаражат қаралған.

Бүгінде Түркістан-Шәуілдір бағытындағы ұзындығы 64,1 шақырымды құрайтын жолдың 52,7 шақырымында қайта құру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Түркістан қаласының әуежайы мен Кентау қаласын қосатын 26 шақырым жолды қайта құру жұмыстары іске асырылды. Сауран ауданының Қарнақ, Ойық, Шоқтас ауылдарын облыс орталығы Түркістан қаласына қосатын 37,2 шқ облыстық маңызы бар жол құрылысы жыл соңына дейін аяқталады.

Сондай-ақ Жамбыл облысы мен Түркістан облысын байланыстыратын, Созақ ауданының елді мекендерін аудан және облыс орталығына қосатын 152 шақырымды құрайтын облыстық маңызы бар автомобиль жолдары орташа жөндеуден өтуде. Жыл қорытындысымен 63 шақырымы аяқталады. Аудандарда облыстық маңызы бар бірнеше жол жөнделіп жатыр. Келес ауданы мен және Шардара ауданын жалғайтын 29 шқ. жол жөндеуден өтуде. Мақтаарал және Келес аудандарында 2 көпір күрделі жөндеуден өтіп жатыр.

Түркістан облысында былтыр 1247,5 шақырым жолға құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізілді. 2022 жылы облыс аумағында құрылыс-жөндеу жұмыстарымен жалпы 2 094,9 шақырымды құрайтын жолдар мен көшелер қамтылып, жыл қорытындысымен 645 нысан немесе 1 247,5 шақырым жол мен көше пайдалануға берілген. Нәтижесінде облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағатты жағдайдағы үлесі 87%-дан 92%-ға өсті. 

Түркістан облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының тапсырысымен өткен жылы облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын жөндеуде негізгі басымдық облыс орталығы мен үлкен елді мекендерді «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» дәлізімен қосатын және туристік бағыттағы жолдарға берілді. Атап айтқанда, Төлеби ауданындағы Қасқасу және Біркөлік елді мекендеріндегі туристтік нысандарға баратын 18 шақырым жолдар толық жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді. Отырар ауданындағы Қазақстанның жалпыұлттық киелі орындары тізіміне енген Отырар ескі қалашығына баратын 16,9 шақырым жол жөндеуден өтті.

Сауран ауданы тұрғындарын облыс орталығы Түркістан қаласымен қосатын 52,6 шақырым облыстық маңызы бар жолға жөндеу жұмыстары жүргізілді. Түлкібас ауданының Келтемашат, Даубаба және Састөбе бағытындағы 37,6 шақырымды құрайтын жолға күрделі және орташа жөндеу жұмыстары атқарылды. Қазығұрт ауданындағы Тұрбат, Қақпақ, Қаржан, Жаңабазар елді мекендерін «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» көлік дәлізіне қосатын 56,7 шақырымдық күре жолдар орташа жөндеуден өткізілді. 

Ордабасы ауданындағы Бадам, Шұбар, Қайнар, Ұялыжар, Теспе елді мекендерін «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» көлік дәлізімен жалғайтын 53,4 шақырым жолдарда асфальт жабындылары жаңартылды. Бәйдібек ауданы аумағындағы Шаян-Жамбыл, Мыңбұлақ-Нұра, Шалдар-Сарқырама-Бірлік бағыттарындағы 71,4 шақырым жол жөнделіп, халық игілігіне тапсырылды. Жетісай ауданының Сұлубұлақ, Үтіртөбе, Көктөбе елді мекендерін қосатын 11,5 шақырым жол күрделі жөндеуден өтіп, толық пайдалануға берілді. Келес ауданындағы Жаңадәуір, Ынтымақ, 28 гвардияшылар, Диқан, Қазақстан ауылдарын қосатын 15 шақырым жол орташа жөндеуден өткізілді. Сайрам ауданының Көлкент, Ақсуабад, Әйтекеби және Сайрам, Абдуллабад елді мекендерін жалғайтын 38,2 шақырым жолдарға күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұдан бөлек, 1 көпірге күрделі жөндеу және 4 көпірге ағымдағы жөндеу жұмыстары атқарылды. 

2023 жылы автомобиль жолдарының құрылыс-жөндеу жұмыстарымен жалпы 660 нысан немесе 1594,2 шақырым жолдар мен көшелер қамтылып, жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Жыл соңына дейін 1238,3 шақырымды құрайтын 604 нысан пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Айта кетейік, Түркістан облысында автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерінің ұзындығы 17 503,9 шақырымды құрайды. 

Түркістан облысы әкімдігі тарапынан жол мәселесіне қатысты жиындар мен мәжілістер үнемі өткізіліп келеді. Осы ретте, үстіміздегі жылдың мамыр айының соңында өткен Түркістан облысы әкімі аппаратының апталық мәжілісінде облыстық жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының жағдайы мен жай-күйі талқыланған болатын. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды саладағы мәселелерге тоқталып, жолдардың сапасын көтеру, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау жұмыстарын жалғастыруды тапсырған-ды. Сонымен бірге өңірдегі жолдардан өтетін шетелдік және отандық жүк көліктерінің заң талаптарын сақтауы маңызды екеніне тоқталды. Себебі, Түркістан облысының Арыс қаласы, Шардара, Сайрам, Төлеби, Сауран, Отырар аудандарындағы жергілікті маңызы бар жолдарда ауыр жүк көліктері үздіксіз жүруде. Жергілікті маңызы бар жолдардың жүктеме көрсеткіштері сақталмағандықтан жолдар мерзімінен бұрын зақымданып, жарамсыз жағдайға жетуде. Жиында облыстық және аудандық маңызы бар жолдарына автоматтандырылған өлшеу станцияларын орнату жөнінде де ұсыныс берілді.

– Жол – өте маңызды сала. Өңірдің экономикасының дамуына тікелей әсер етеді. Аудан, қалаларды аралау барысында тұрғындар үшін осы мәселенің өзекті екеніне тағы да көз жеткіздік. Жолдарды салу жұмысын тездету керек. Сапа басты назарда болуы тиіс. Жергілікті жолдардың қанағаттанарлық жағдайдағы үлесін 95 пайызға жеткізу міндеті жүктелген. Егер жұмысты ширатпаса, ол межені бағындыру қиынға соғады. Екіншіден, келісімшарттағы міндеттерін орындамаған әрі арнайы таразысы жоқ карьер иелеріне заң аясында шешім қабылдаңыздар. Шетелдік жүк көліктері де қатаң қадағалануы тиіс. Себебі белгіленген мөлшерден артық жүкті артып алатын ауыр жүк көліктері жолдардың тез жарамсыз күйге түсуіне ықпал етіп жатыр. Жолға жауапты мекемелер мен құқық қорғау органдары осы мәселені бақылауға алуы керек, – деген Дархан Сатыбалды осы салаға жауапты басқарма басшысы мен аудан, қала әкімдеріне тапсырма берді.

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Р.Ибрагимовтың айтуынша, 2022 жылы автомобиль жолдары саласын дамытуға республикалық, облыстық және аудандық, қалалық бюджеттен, сонымен бірге «Ауыл – Ел бесігі» жобасы арқылы 49,8 млрд. теңге бөлініп, құрылыс-жөндеу жұмыстарымен жалпы 794 нысан немесе 2094,9 шақырым жол мен көше қамтылды. 645 нысан немесе 1247,5 шақырым жол мен көше пайдалануға берілді.Жұмыстар нәтижесінде республикалық маңызы бар жолдардың жақсы және қанағатты жағдайдағы үлесі 93,4%-ға жеткен. Ал жергілікті маңызы бар жолдардың жақсы және қанағатты жағдайдағы үлесі 92%-ға жетіп отыр.

2022 жылы басқарма мен «Ұлттық жол активтері сапасы орталығы» РМК ТОФ арасында келісімшарт түзіліп, филиал тарапынан нысандарға 169 рет аралау жүргізіліп, 1330 дана сынама алынған. Басқарманың тапсырысы арқылы құрылысы қолға алынған нысандардағы сапаны қамтамасыз ету бойынша мердігер, техникалық және авторлық қадағалаушы мекемелерге 170-ге жуық ескерту хат жолданған. 19 нысан бойынша 12 мердігер, 1 техникалық қадағалаушы және 1 жобалаушы мекемеге 133,5 млн. теңгеге айыппұл салынған. Жалпы нысандарда сапасыз атқарылған 8874 м2 жол жамылғысы қайта төселген.

2023 жылы автомобиль жолдары саласын дамытуға бюджеттен 51,0 млрд. теңге бөлініп, құрылыс-жөндеу жұмыстарымен жалпы 660 нысан немесе 1594,2 шақырым жол мен көшелерді қамту жоспарлануда. Жыл қорытындысымен 604 нысан немесе 1238,3 шақырым жол пайдалануға беріледі деп көзделуде.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 351 рет