Сейсенбі, 27 Ақпан 2024 12:38

Сауран ауданының әкімі санитарлық тазалық жұмыстарына барынша ден қоюды тапсырды

Аудан әкімі Мақсат Таңғатаровтың төрағалығымен ауданның апталық мәжілісі болып өтті. Мәжіліске аудан әкімінің орынбасарлары, кеңесшілері, дербес бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері және тиісті сала басшылары қатысты.

Мәжілістің күн тәртібінде 3 мәселе қаралды. Онда санитарлық тазалық және қасбеттерді ретке келтіру, қызметтік тұрғын үйлер туралы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Самат Рысбеков, жұмыспен қамту мәселелері бойынша Азамат Әуез, аялдамалар мен көпірлердің жай күйі туралы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Шынболат Оспанов баяндама жасады.

Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Самат Рысбековтің мәлімдеуінше Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары З.Жолдасовтың аудан, қалаларда санитарлық тазалықты қамтамасыз ету бойынша мобильді топ құру тапсырмасына сәйкес, қазіргі таңда топ құрылып, ауылдық округтерін аралау жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлім етті.

Осыған сәйкес, магистральды және елді мекен арасындағы автомобиль жолдарының бойларын, саябақ, скверлерге тазалық жұмыстарын ұйымдастырып, жандандыру қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, аудан бойынша тұрмыстық қатты қалдықтарды жинауға, тасымалдауға, сұрыптауға және көмуге арналған тарифі бекітілген. Осыған орай, ауылдық округтерде ниет білдірген кәсіпкерлерді анықтап, жұмысты ұйымдастыру қажеттегіне тоқталды.

“Мансап” орталығының директоры Азамат Әуез жұмыспен қамту саласы бойынша мәлімет берді. 2024 жылы аудан бойынша әлеуметтік шаралармен 6242 азаматты жұмыспен қамту жоспарланған. Оның ішінде тұрақты 3888, уақытша 2354 адамды құрайды. 2024 жылы Ұлттық жоба шеңберінде ашылатын жаңа жұмыс орындарына 27 жоба бекітілген. Осы жобаларға сәйкес, 227 азаматты жұмыспен қамту көзделіп отырғанын жеткізді.

Мәжілісті қорытындылыған аудан әкімі Мақсат Таңғатаров күн тәртібіндегі қаралған мәселелер бойынша тиісті бөлімдер мен ауылдық округ әкімдеріне санитарлық тазалық жұмыстарына барынша ден қоюға, күн тәртібінде айтылған кемшіліктер бойынша шұғыл жұмыс жасауға нақты тапсырмалар беріп, орындалуы тұрақты бақылауда болатынын жеткізді.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

 

Оқылды 322 рет