Дүйсенбі, 01 Сәуір 2024 10:32

Отырар ауданында 2023 жылы 19 елді мекенге табиғи газ берілген

Отырар аудандық мәслихат төрағасы Уәлихан Ұзақовтың төрағалығымен сегізінші шақырылымдағы Отырар аудандық мәслихатының кезекті он үшінші сессиясы өтті.
Сессия отырысына аудан әкімі Сәкен Сұлтанханов, аудан әкімінің орынбасарлары, ауылдық округтердің әкімдері, бөлімдердің, аумақтық ұйымдардың басшылары, ардагерлер кеңесінің, Қоғамдық кеңестің төрағасы және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Сессияның қарауына 10 мәселе енгізіліп, қаралды.
Алдымен күн тәртібіндегі мәселеге байланысты аудан басшысы өзіне жүктелген функциялары мен міндеттерінің орындалуы туралы есеп берді. Айта кету керек, 2023 жылы аудан бюджетінің кірісі 8 млрд 981 млн 445 мың теңгені құрады. Оның ішінде жергілікті өзіндік кірістер жоспары 2 млрд 646 млн 911 мың теңгеге бекітіліп, жоспар толығымен орындалған. Соның ішінде ауданды газдандыру жұмыстары қарқын алып келеді. Мәселен, 2025 жылға дейін 34 елді мекенді табиғи газбен қамтамасыз ету жоспарланған болса, бүгінде 21 елді мекенге құрылыс жұмыстары жүргізіліп аяқталды. 2023 жылы 19 елді мекенге табиғи газ берілген.
Жиын барысында депутаттар баяндамаға қатысты сауалдарын қойып, тұщымды жауаптарын алды. Сондай-ақ сессия жұмысында аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Асқар Көлбай, аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Саттар Нәлібай, аудандық сәулет, құрылыс және қала құрылысы бөлімінің басшысы Мұрат Есінбек, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының міндетін атқарушысы Олжас Жандарбековтер хабарлама жасап, мәселелерге қатысты туындаған сауалдарға жауап берді.
Сонымен қатар сессия барысында аудандық мәслихат төрағасы аудандық мәслихаттың 2023 жылы атқарған жұмыстары мен оның тұрақты комиссияларының қызметі туралы есеп берді. Төрағаның айтуынша 2023 жылы аудандық мәслихаттың жалпы саны 11 сессиясы өтіп, 55 мәселе қаралған. Оның ішінде аудандық бюджетке 3 рет және ауылдық округтердің бюджеттеріне 2 рет өзгерістер енгізілсе, ауданның 2022 жылға арналған бюджетінің орындалуы туралы есептері қаралған. Бұдан өзге де түрлі салалар бойынша атқарылатын жұмыстар пысықталып, тиісті шешімдер қабылданған. Бұдан бөлек мәслихат төрағасы әр аптаның сәрсенбі күні азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, күні бүгінге дейін тіркелген 18 арыз-шағымның ішінде 3 өтініш тиісті салалары бойынша жауапты мекемелерге жолданған. Қалған ауыз су, көше, жарықтандыру, газ және басқа да жеке мәселелерге қатысты 15 өтініш қанағаттандырылған.
Сессия жұмысының соңында аудан әкімі С.Сұлтанханов депутаттық корпусқа ағымдағы жылы сессия мәселелерін қараудағы жемісті, сапалы жұмысы үшін алғыс айтып, мәслихаттың депутаттық корпусы атқарушы билікпен бірлесіп алдағы жылы ауданның әл-ауқатын арттыруға жұмыстанатынына сенім білдірді.
Оқылды 326 рет