Бейсенбі, 16 Мамыр 2024 22:59

Сауран ауданы: Жүйнекте «Ынтымақ, бірлік, келісім – ең асыл бақыт ел үшін» атты жиын өтті

Бүгін «Ынтымақ, бірлік, келісім – ең асыл бақыт ел үшін» тақырыбында Жүйнек ауылдық округінде жиналыс болып өтті.

Жиналысқа Сауран ауданы әкімінің кеңесшісі Жұмадуллаев Мұхамеджан Ергешбайұлы, Сауран аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ахметов Сейлхан Ыбыханұлы, Сауран аудандық Өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Рысбеков Құрманбай Жолданбайұлы, «Қоғамдық келісім» КММ-нің Сауран аудандық филиалының басшысы Раматуллаев Арсылан Серікұлы және Жүйнек ауылдық округ әкімі Абдікарімов Төребай Асқарұлы қатысты.

Жиналыстың негізгі мақсаты Сауран ауданында өмір сүріп жатқан түрлі этнос өкілдері арасындағы татулықты нығайту, этносаралық кикілжіңдердің алдын-алу, қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті қамтамасыз ету болып табылады.

Баяндамашылар қоғамды демократияландыруды тереңдету, оны топтастыру, азаматтық татулықты, тұрақтылықты, этносаралық және конфессияаралық келісімді қамтамасыз ету негізінде еліміздің мемлекеттік тәуелсіздігі мен егемендігін, қоғамдық келісімді және ұлттық бірлікті одан әрі нығайту бағытында баяндама жасады.

Жиналыс барысында тыңдаушылар тарапынан көптеген ұсыныс-пікірлер айтылды. Көтерілген мәселелер мен ұсыныстар назарға алынып, жұмыс жалғасатын болады.

Аудан көлемінде дін саласындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету бойынша аудандық ақпараттық-түсіндірме жұмыс тобы жұмыс жасайды. Жергілікті ақпараттық-түсіндірме тобының мүшелері мен облыстық «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің дінтанушы, теолог мамандары жат діни ағымдардың қауіптілігі, тиым салынған діни экстремистік ұйымдар жөнінде мектептерде, арнаулы оқу орындарында, мекемелерде, елді мекен тұрғындары арасында жыл басынан бері 35 кездесу ұйымдастырылып, оған 1200-ден астам адам қамтылған.

Сауран ауданында Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасына қарасты - 37 мешіт, 16-намазхана жұмыс істейді. 37 мешітте 56 діни қызметкер жұмыс жасайды. Бүгінде Сауран ауданында 111282 халық тұрады. Оның ішінде: қазақтар – 49531, өзбектер – 61101, орыстар – 93, татарлар – 46, әзірбайжандар – 182, тәжіктер – 154, кәрістер – 1, ұйғырлар – 163, шешендер – 1, қырғыздар – 4, бақұрттар – 2, чуваштар – 2. Сауран ауданында Сауран аудандық өзбек  этномәдени бірлестігі заңды тұлға ретінде тіркеліп, жұмыс атқаруда.Сауран ауданы өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Құрманбай Рысбеков. Бірлестік мүшелерінің саны 12-ні құрап отыр.

Қазіргі таңда Сауран ауданында 10-нан астам этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүріп келеді. Этнос өкілдері бір шаңырақ астында тірлік қылып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлестерін қосуда. Тарихи топырақта бой көтерген Сауран ауданының құрылғанына да 3 жылдан аса уақыт өтті. 2021 жылдан бастап, өзбек этно-мәдени бірлестігімен қатар, Ассамблея жанындағы «Ақсақалдар кеңесі», «Аналар кеңесі», облыстық «Қоғамдық келісім» мекемесінің аудандық филиалы құрылып, этносаралық татулықты нығайтуда белсенді жұмыс атқарып келеді.

Қазақстанда қоғамдық келісімді қалыптастыру мәселесі елдің көпұлтты болмысымен түбегейлі тығыз байланысты. Ал өзіндік ерекше, көп бағытты және кейде өзара шектелетін мүдделері бар әр түрлі топтарды бір бүтінге біріктіру - өте күрделі міндет. Әдетте, бұл процесс ұлттық өзін-өзі тану жағдайындағы белгілі бір қиындықтармен, этно-ұлтшылдық сезімдердің мерзімді көріністерімен бірге жүреді.

Әмбебап механизм жоқ, оның арқасында белгілі бір идея негізінде азаматтық ұлт қалыптастыруға болар еді. Әр мемлекет өз мемлекетінің этникалық құрамына, тарихи -аумақтық ерекшеліктеріне, заңнамалық нормаларына, стратегиялық және идеологиялық принциптеріне назар аудара отырып, этнополитика мәселесін шешеді. Қоғамдағы тұрақтылықтың негізгі шарты - әр түрлі этностардың мүдделерін үйлестіруді жүзеге асыру әлеуметтік тұтастықтың бұзылуына әкелмейді және ұлтаралық шиеленістің көрінуіне ықпал етпейді. Жалпы, ұлтаралық шиеленістің болуы әрқашан ашық қақтығыстарға әкелмейді, сондықтан бұл құбылыстың факторларын уақытында болжап, алдын алу қажет.

Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, қоғамдық келісім мен ұлттық бірлік қоғамдағы азаматтық бейбітшілікті сақтаудың ең оңтайлы әдісі ретінде мемлекет пен оның институттарының белсенді ынтымақтастығы жағдайында мүмкін болады. Қазақстан үшін қоғамдық келісімді сақтау мен ұлттық бірлікті нығайту саласындағы негізгі институт - Қазақстан халқы Ассамблеясы. ҚХА бейбітшілік пен рухани келісім принциптерінің дирижері ретінде бүкіл Қазақстан бойынша көптеген этномәдени бірлестіктердің қызметін біріктіреді.

Бүгінде республикада 367 этномәдени бірлестік аккредиттелген, оның ішінде 14 республикалық. Жалпы алғанда, бүкіл ел бойынша 43 этностың 1025 этномәдени бірлестігі жұмыс істейді.

Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделі, «әртүрлілікте бірлік» принципіне сүйене отырып, қазірдің өзінде елде де, одан тыс жерлерде де жеткілікті түрде қайталанатын бренд болып табылады. Бұған көп күш пен мемлекеттік бағдарламалық құжаттар бағытталды.

Көп ұлтты қоғамдағы диалогтың табысы кешенді шаралар мен идеологиялық конструкцияларды әзірлеу мен енгізуді қамтамасыз етеді. Осыған байланысты қоғамдық келісімнің моделі мемлекеттің республиканың барлық этностарымен қарым-қатынасын анықтайтын және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын құрметтеудің, ұлттық мүдделерді қорғаудың, әріптестік қарым-қатынастың демократиялық принциптеріне негізделуімен анықталады.

Қоғамдық келісімді жасанды түрде сақтауға болмайтыны түсінікті. Қоғамның өзі бұл процеске мемлекет пен азаматтық институттардың өзара әрекеттестігі негізінде қатысуы керек. Қазақстан халқы Ассамблеясы ұлттық масштабта азаматтық сектормен, халықаралық ұйымдармен, мемлекеттік органдармен, ғылыми және шығармашылық интеллигенциямен, бұқаралық ақпарат құралдарымен белсенді түрде өзара әрекет жасайды. Осылайша этносаяси және этномәдени құзыреттіліктердің қалыптасуы мен дамуын қамтамасыз етеді.

Қызмет аясы кеңейіп, қойылған міндеттер жүйелі түрде жүзеге асқанда, ҚХА жергілікті деңгейдегі қоғамдық бақылау, қайырымдылық, делдалдық және т.б сияқты жұмыстың жаңа институционалды бағыттарын дамытады.

Барлық аймақтарда ҚХА қамқорлығымен 3 мыңнан астам қоғамдық келісім кеңестері мен облыстық, қалалық, аудандық және ауылдық деңгейдегі 1793 аналар кеңестері, сондай-ақ ірі кәсіпорындар жұмыс істейді. Қоғамдық кеңестер құрудың негізгі мақсаты азаматтық институттардың, саяси және басқа да бірлестіктердің қоғамдық келісімді, ұлттық бірлікті нығайтудағы күш-жігерін шоғырландыру болды.

Қазақстанның теңдестірілген этносаралық саясаты демократияның тұжырымдамалық негіздерін құрайды. Бірақ демократия, біз білетіндей, басқаша. Бұл жағдайда қазақстандық демократия этносаралық қатынастардағы принциптерді бөлу парадигмасынан интеграциялық қатынастарды біріктіру принциптеріне айналды.

Біз тәуелсіз ел атанған соң бейбітшілік пен келісімнің қазақстандық үлгісі заңнамаға, мемлекеттік және азаматтық бастамаларға, сондай -ақ азаматтық қоғам институттары мен мемлекет арасындағы сындарлы диалог негізінде қалай байып, дамығанын көрдік. Сонымен қатар, осы салыстырмалы қысқа уақыт ішінде, іс жүзінде, мүмкін болатын іске асыру тұрғысынан оларды шешуді және талдауды қажет ететін көптеген мәселелер жинақталды.

Этносаралық және конфессияаралық қатынастардың саласы өте күрделі. Мұнда кез келген жағымсыз фактор үлкен шиеленіс немесе күрделі мәселе тудыруы мүмкін. Жаһандық үдерістерге тән экономикалық дағдарыс, әлеуметтік әділеттілік принциптерінің бұзылуы, адамгершіліктен айырылу этникалық топтардың агрессивтілік, әлеуметтік қашықтықтың ұлғаюы, алыстау сияқты қорғаныс реакцияларын туғызады, бұл түптеп келгенде ұлтаралық шиеленістің күшеюіне әкеледі. Бұл елдің имиджіне де, одан әрі дамуына да әсер етері сөзсіз.

Жалпы алғанда, кез-келген мемлекет үшін қоғамдық келісімді сақтау мен нығайтудың маңызы жоғары болып қала береді, өйткені ол тұрақтылық пен ұлттық бірліктің нығаюының кепілі, олар мемлекеттің даму саясатының негізгі принциптері ретінде берік бекітілген.

Ұлтаралық татулық мәселесіне келер болсақ, дана халқымыз: «Татулық табылмас бақыт», «Жолдасы көптің – олжасы көп» – деп тектен-тек айтпаса керек. Хакім Абай атамыз: «Татулықтан артық жолдас жоқ» – деген. Бейбітшілікте, есендікте өмір сүруге ұмтылу қазақ халқының қанына сіңген асыл қасиеттерінің бірі екені сөзсіз. Мемлекет басшысының: «Қазақ халқы сан ғасырлар бойы өзінің егемендігі мен тәуелсіздігі үшін күресіп келді. Өзінің ең жақсы қасиеттерінің: қатер төнген сәтте бірігіп, ұйымдаса білуінің, сондай-ақ басқа халықтармен бейбітшілік, келісім мен тату көршілік жағдайында тұруға деген ынта-ықыласының арқасында ол тарих тасқынының астында қалып қоймай, өзінің мемлекеттігін қалпына келтіре алды», – деген сөзі кешегі мен бүгінгі тарихымызды ұштастырып тұр. Тіпті қазақ жеріне табан тигізген әлем саяхатшылары, ғалымдар, дипломаттар естеліктерінде қазақ халқының қонақжай, сабырлы, ежелден бейбітшілік пен ынтымақ сүйгіш, өз бетінше ешкімге ұрынбаған, соғыс ашпаған ел екенін сүйсіне жазған.

Тәуелсіздікке қол жеткен тұстан бері де бұл қасиеттерден айнымаған халқымыз ел егемендігіне де үлесін қосып келеді. Бүгінде азат ел атанған, өзін әлемге ынтымағы жарасқан ел екендігін мойындата білген Қазақстан – ғаламдық татулықты сақтау мен нығайту ісінде өзге елдерге үлгі екені жасырын емес. «Бірлігі бар елдің белін ешкім сындырмас» дейді ұлы халқымыз. Расында халықтың ынтымағы мен ауызбірлігін сақтау әрқашанда маңызды болып қала бермек. Кешегі бабалар өмірі де мұны бізге сабақ етеді.

Ата-баба арманы болған Мәңгілік елге айналу ісін жүзеге асыруды мақсаттаған Елбасымыз: «Мәңгілік Ел – жалпы қазақстандық ортақ шаңырағымыздың ұлттық идеясы», – деп болашақтың бағытын да айқындап берді. Халқымызда «Ынтымақсыз елді – ұрысы билейді. Ынтымақты елді – дұрысы билейді» деген қанатты сөз бар. Елін ынтымаққа жетелеген Елбасымыздың да арманы қазақ халқын «Мәңгілік елге» айналдыру. Әрине, ол оңай шаруа емес екенін бәріміз мойындаймыз. Әйтсе де, «Саусақ бірікпей, ине ілікпейді» демекші, баршамыз бір шаңырақ иесіндей жұдырықша жұмылар болсақ, бейбітшілікті әлемге талай паш етеріміз белгілі. Бүгінгі еліміздің бейбітшілігі мен бірлігі – біздің ортақ еңбегіміздің нәтижесі ғана емес, ол келер ұрпаққа өнеге болып қала беретін тарихи шындық.

Қандай қиын кезеңдерде де қыран тамырлы қазақ бөлінген емес, бір-біріне арқа сүйегендіктен аман қалып, дінін, тілін сақтап қалды. Сондықтан қазақ қай тұста болмасын «Бірлік болмай тірлік болмас», «Бірлік түбі – береке», «Алтау ала болса – ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса – төбедегі келеді», «Ел ішінде дау көбейсе, ел сыртында жау тұрар» деп түйіндеп отырған. Данышпан Абай: «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос», – деп адамды, ұлттың қадірін, елінің қасиетін тануға үндеді. Себебі бірлігі кеткен елден береке қашатынын түсінді.

«Бірлігі бар ел озады, бірлігі жоқ ел тозады». Бұл – тарихи заңдылық. Сондықтан, қазақ елінің бірлігі – мемлекетіміздің кілті. Қандай мемлекет болмасын оны  еш уақытта сырттан жау алмайды. Қазақ әлсіресе, алауыздықтан әлсіреген. Қуатты, іргелі ел болса, бірліктің арқасында «мойындыны идіріп, тізеліні бүктірді». Ең алдымен ел арасында бірлік, ынтымақ, сабыр мен парасат, байсалдылық керек. Отбасының берекесі шаңырағының тыныштығымен және отбасындағы татулықпен келген. Мем­лекет те сол сияқты. Ендеше, жастың да, қайсыбір жасамыстың да елге қатысты байсалды да өміршең ұстанымда болуына көп болып ықпал еткеніміз абзал.

«Ынтымақ болмай іс оңбас» дейтін бабамыздан қалған сөз бар. Шындығында, бүгінгідей қатерлер аяқ астынан туындап жататын алмағайып заманда береке мен бірлік, татулық пен достық ауадай қажет. Өйткені, Тәуелсіздіктің тірегі - тұрақтылық. Осы тұста Ататүріктің «Үйде тыныш болса, сыртта да тыныш» деген сөзі де еске оралады. Ендеше бірлік, татулық арқылы тұрақтылық қамтылып, ол Тәуелсіздігімізді берік ете түсері сөзсіз. Шындығында, Тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі сан салалы істері, тұтастай жеткен жетістіктері тек бірліктің, ынтымақ пен тыныштық арқылы келетін тұрақтылықтың арқасында ғана орын алды.

Жылдар бойына жалғасып келе жатқан дінаралық, ұлтаралық қақтығыстар бойынша әлемдік дипломатияның небір озық үлгілері де отты нүктелердің шоғын сөндіре алмай отырғанына әлем жұртшылығы куә. Ендеше, осындай дамуға кері әсер беретін құбылыстарды сараласақ, бірлігі, ынтымақтастығы жарасқан елде ғана тіршілік қайнап, тұрақтылық сақталып, болашақ дамуы да баянды болмақ.

Қазақстандық ұлтаралық татулық үлгісі де осыған негізделген. Ендеше, Кеңес Одағынан қалып, қызыл империямен бірге құрдымға кетпеген, керісінше жаңа мемлекетте жаңаша түлеп, ұлттар арасындағы ыстық ықыластықты дәріптеуге бет алған Мамыр мерекесін жаңғыртудың түпкі мәнісі осы - бірліктің, ынтымақ пен берекенің игілігіне шақыру деп білген ләзім.

Ақыр соңында еліміздегі татулық пен бірліктің басқаға емес, ең алдымен қазақтың өзіне керектігін Мемлекет басшысы ұдайы көтеріп келеді. Мемлекет басшысының айтуынша, қазақстандық қоғамда ешкімнің де этностық артықшылығы жоқ және бәрі де Заң алдында тең. Барлық қазақстандықтар - бір туған жердің балалары. «Біз бәріміз - біртұтас Қазақстан халқының әртүрлі және бірдей балаларымыз. Біздің бәрімізді бір мәселе толғандырады - бүкіл Қазақстан халқының әл-ауқаты. Біздің бәріміздің мақсатымыз бір - біздің ортақ Отанымыздың өркендеуі. Бұл біздің ортақ табысымыз, ортақ мақтанышымыз. Бұл осы жылдар бойына Мемлекет басшысы ретінде мен жүргізіп келген, жүргізіп отырған және жүргізе беретін саясат. Тұрақтылық пен келісім - әрбір әкімнің, әрбір басшының, әрбір азаматтың күн сайынғы жұмысы!» - дейді ол.

Бір шаңырақтың астында ұзақ жылдар бойы 140-қа жуық ұлт пен ұлысты, қырық түрлі дінді уағыздайтын үш мыңға жуық діни бірлестіктерді тату-тәтті ұстап отыру оңай емес. Алайда, еліміз қанша уақыттан бері шашау шығармай, достық пен бірлікті ту етіп, ортақ мүддеге жұмылдырып, олардың ортақ Отаны бола алып отыр.

Егер кезінде еліміздің құрамы көпэтносты және көпконфессиялы болуына байланысты күмәнді болжамдар айтылып, сонау Тәуелсіздік алып, еліміз енді аяғынан тұра бастаған тұста сарапшылардың «Қазақстанды қақтығысқа қолайлы, яғни, конфликт қаупі жоғары аймаққа жатқызғанын» ескерсек, мұның қаншалықты қиын шаруа екенін түсінеміз. Алайда, тәуба! Тәуелсіздік алған кезеңнен бастап, күні бүгінге дейін еліміз мемлекет үшін ең маңызды ұлтаралық татулықты, конфессияаралық келісімді, өзара түсіністік пен тұрақтылықты, достықты өзіндік ұстаным етіп өмір сүруде.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде бірлік пен тұрақтылықтың сақталуына айрықша мән береді. Мұны оның халыққа арнаған Жолдауларынан да байқауға болады. Яғни, өзінің баяндамаларының барлығында әрқашан да елдегі ұлтаралық және конфессияаралық тұрақтылықты сақтап қалудың маңыздылығын айрықша атап өтіп отырады. Сондықтан, елдік ұстанымға сай, еліміздегі барлық этностар арасында достық қатынас орнатып, олардың ауызбіршілікте өмір сүруі және әртүрлі діндер арасында өзара түсіністіктің орнауы берік қамтамасыз етіледі. Нәтижесінде, бүгінде елімізде этносаралық тату-тәтті қарым-қатынас пен қоғамдық келісімнің қазақстандық өзіндік үлгісі қалыптасқан. Бұл қазақстандық үлгінің астарында «алуан түрлілік арқылы тұтастыққа» деген халқымызды біртұтастыққа шақырушы ұстаным жатыр. Бұл ұстанымның еліміз үшін бағасы қашанда қымбат болған! Және алдағы уақытта да қымбат бола береді. Өйткені, елдік ұстаным осы!

Осы орайда атап өтер жайт, еліміздегі барлық этностардың өздерінің ұлттық тілі мен әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, мәдениетін дамытуға деген ұмтылысын, ынтасын байқап, еліміз барлық қажетті жағдайлармен қамтамасыз етіп қана қоймай, ұдайы қолдап отырады. Елбасының елімізде нәсiлдiк, этникалық, тiлдiк, дiни және өзге де белгiлерiне байланысты кемсітуге жол бермеy туралы нақты ұстанымын да айта кеткен жөн. Бұл бағытта елімізде бірде бір заң жоқ. Яғни, еліміздегі барша ұлттың баласы теңдікте өмір сүріп жатыр деуге болады. 

Оқылды 261 рет