Сонымен, атом электр станциясы бізге қандай мүмкіншіліктер береді, оның пайдасы қандай деген сауалдарға жауап іздеп көрсек. Біріншіден, Энергетикалық тәуелсіздік: АЭС Қазақстанның энергетикалық тәуелсіздігін арттыруға көмектеседі. Қазіргі уақытта елде электр энергиясы негізінен көмірден өндіріледі, ал атом энергиясы бұл саладағы әртараптандыруға ықпал ете алады. Екіншіден, экономикалық тиімділік: Ұзақ мерзімді перспективада АЭС арзан әрі тұрақты энергия көзі болуы мүмкін. Бұл ел экономикасының дамуына және өнеркәсіптің өркендеуіне үлес қосады. Үшіншіден, технологиялық даму: АЭС салу жоғары технологиялық саланы дамытуға, ғылым мен техниканың алға жылжуына септігін тигізеді. Төртіншіден, атом электр станциясын салу климаттың өзгеруіне қарсы күреске оң әсер ете алатын маңызды шешім болып табылады.
Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің мәліметінше, әлемде атом энергетикасын дамыту мүмкіндігін қарастырып жатқан 27 елдің ішінде бірінші АЭС-ті салу бойынша 17 мемлекет қатарында Қазақстан шешім қабылдау сатысында тұр. Ал өз шешімін қабылдаған 10 мемлекет инфрақұрылымын салуда келісімшартқа қол қойып, жақын арада бірінші атом электр стансасының құрылысын бастамақшы. Мамандар зерттеуінше бір АЭС жыл сайын орта есеппен 20 млн тоннаға дейін СО2 қалдықтардың алдын алса, 1 кг уран 100 тонна көмір немесе 60 тонна мұнайға тең энергия шығарады екен. Бағамдасақ, бұл электр стансасының қоршаған ортаны қорғауға қосқан үлесі айтарлықтай екендігіне көз жеткізуге болады.
Күннің жарығы мен жылуы адам баласына қандай қажет болса, АЭС те еліміздің өркениетті елдер қатарына қосылып, электр жарығына тәуелсіз өмір сүруі үшін өте қажет. Ертеңгі күнді бүгіннен ойлаған дұрыс. Болашақта электр жарығының тапшылық қаупі тұрғанда АЭС салудан бас тартпай, белді бекем буып, ел болып қолдау керекпіз. АЭС-тің арқасында ең алдымен, тасымалданатын жарықтан құтылып, өзімізде өндірілген жарыққа қол жетеді. Одан кейін экологияға зияны жоқ жасыл аймаққа айналамыз. Дені сау ұрпақ – ұлт болашағы. Көмір мен газ түтінін азайтуға үлес қосуымыз керек.
Экономика мен энергетика саласы әртүрлі сала болғанымен, бір-біріне тәуелді. Экономиканы энергетикасыз, энергетиканы экнономикасыз елестету қиын. Яғни, энергетика дамымаса, экономикада да алға жылжу болмайды. Қуат көзі бір сағатқа өшсе, бірнеше сала зардап шегеді. Сондықтан бүгінде адамзат энергетикаға өте тәуелді. Экономикамыз гүлденіп, алға бассын десек, бірінші кезекте энергетика саласын дамыту керек. Өйткені алдымызда энергия жетіспеушілігі сынды әлемдік мәселе күн тәртібінен түспей келеді. осы мәселені шешудің бір жолы – ғылым жетістігі саналатын АЭС салу екенін дамыған мемлекеттер әлдеқашан мойындаған.
2050 жылға қарай барлық әлем елдерінің АЭС-інен өндірілетін электр энергиясы 792 ГВт-қа дейін өседі деген болжам бар. Бұл қазіргі қажеттіліктен 2 есе көп. Ал АЭС – базалық генерацияның экологиялық ең таза түрі. Атом электр стансасынан экология еш зардап шекпейді. Олар көміртексіз энергияның негізгі құрамдас бөлігі. Сондықтан экология зардап шекпейді. Керісінше, бұл электр орталығы парниктік газдың әсерін азайтуға көмектеседі. Мәселен, қуаттылығы 1 000 МВт болатын атом электр стансасын жыл сайын пайдаланса да, парниктік газдар шығыны 8 миллион тоннаға азайып отырады. Атом электр стансалары көмір немесе табиғи газ қондырғыларына қарағанда отынды әлдеқайда аз тұтынады, бұл көміртегі бейтараптығы мақсаттарына қол жеткізуге көмектеседі. Оның үстіне ол сарқылмас қуат көзі.
Елімізде соңғы жылдары энергия тапшылығы айқын сезіле бастады және бұл көрсеткіш жыл сайын үш пайызға өсіп отыр. 2035 жылы Қазақстанның энергия қажеттілігі 26 ГВТ-қа жетеді. Сондықтан ең таза энергия көзі ретінде бүгінде АЭС салу қарастырылуда. Жаңартылған энергия көздеріне көшу туралы да айтылып жатыр. Алайда баламалы энергия көздері еліміздегі энергия тапшылығын жаба алмайды. Сондықтан негізгі энергия көзі ретінде АЭС салуды қарастыру керек.
«WWW.AQ-QARA.KZ»