Дүйсенбі, 09 Желтоқсан 2024 17:50

Сауран: аудан әкімі этнос өкілдері және ҚХА жанындағы ақсақалдар мен аналар кеңесі мүшелерімен кездесті

Таяуда Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров Шорнақ ауылдық округіндегі «Қамқорлық» орталығында этнос және қоғамдық ұйымдармен және зиялы қауым өкілдерімен кездесіп, еркін форматта пікір алмасты.

Жиынға «Қоғамдық келісім» мекемесінің аудандық филиалының басшысы Арсылан Раматуллаев, аудандық өзбек-этно мәдени бірлестігінің төрағасы Құрманбай Рысбеков, ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілхан Ахметов, Қазақстан Халқы Ассамблеясы жанындағы Сауран аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Оразбек Әміреев, Қазақстан Халқы Ассамблеясы жанындағы Сауран аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Нышанкүл Жұманова, этнос және зиялы қауым өкілдері қатысты.

- «Бірлік - береке бастауы» демекші, елдің бірлігін ұйыстыруда сіздердің көмектеріңіз қажет. Ауызбіршілігіміз мықты болса, берекеміз молаяды. Өздеріңізге қарасты ауылдарда елді ынтымақ, бірлікке шақыруда, жастар тәрбиесіне қатысты мәселелерді алға тартып, насихат жұмыстарын жүргізуге ықпал етсеңіздер. Алдымызда көптеген жоспарлы жұмыстар күтіп тұр. Ауданның экономикасын көркейтіп, халықтың әл-ауқатын көтеру кезек күттірмейтін мәселе», - деді Мақсат Асылбекұлы.

Кездесу барысында аудан әкімі Мақсат Таңғатаров аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап өтті. Жиында ақсақалдар өздерінің ұсыныс пікірлері мен мәселелерін ортаға салды. Кездесуде түрлі бағытта жастар тәрбиесі, той мәдениеті, елді ынтымаққа шақыруда ауызбіршіліктің болуы тағыда басқа көптеген мәселелер айтылды.

Қазіргі таңда Сауран ауданында 10-нан астам этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүріп келеді. Этнос өкілдері бір шаңырақ астында тірлік қылып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлестерін қосуда. Тарихи топырақта бой көтерген Сауран ауданының құрылғанына да 3 жылдан аса уақыт өтті. 2021 жылдан бастап, өзбек этно-мәдени бірлестігімен қатар, Ассамблея жанындағы «Ақсақалдар кеңесі», «Аналар кеңесі», облыстық «Қоғамдық келісім» мекемесінің аудандық филиалы құрылып, этносаралық татулықты нығайтуда белсенді жұмыс атқарып келеді.

Бүгінде Сауран ауданында 111282 халық тұрады. Оның ішінде: қазақтар – 49531, өзбектер – 61101, орыстар – 93, татарлар – 46, әзірбайжандар – 182, тәжіктер – 154, кәрістер – 1, ұйғырлар – 163, шешендер – 1, қырғыздар – 4, бақұрттар – 2, чуваштар – 2. Сауран ауданында Сауран аудандық өзбек  этномәдени бірлестігі заңды тұлға ретінде тіркеліп, жұмыс атқаруда.Сауран ауданы өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Құрманбай Рысбеков. Бірлестік мүшелерінің саны 12-ні құрап отыр.

Еліміздің этносаясатын күшейту, ел бірлігін нығайту бағытындағы елеулі қадам 2008 жылы жасалды деуге болады. Осы жылы қабылданған Қазақстанның ел бірлігі доктринасы көп мәселелердің шешілуіне түрткі болды. Аталмыш маңызды құжатта еліміздегі барлық этнос өкілдерін біріктірудің маңызды негізгі мақсаттары мен ұлттық бірлікке жету міндеті қойылған. Тұтастай алғанда, этносаралық қатынастар мен қоғамдық келісімге қатысты мемлекеттік саясатты жүргізудің нәтижесінде бұл салада саяси-құқықтық үлгі қалыптасты. Бұл үлгіде жергілікті халықтар, яғни, қазақтар мәдени-тарихи өркениетті өзек ретінде көрініп, мемлекет құраушы негізгі ұлт ретінде танылған.

Бір шаңырақтың астында ұзақ жылдар бойы 140-қа жуық ұлт пен ұлысты, қырық түрлі дінді уағыздайтын үш мыңға жуық діни бірлестіктерді тату-тәтті ұстап отыру оңай емес. Алайда, еліміз қанша уақыттан бері шашау шығармай, достық пен бірлікті ту етіп, ортақ мүддеге жұмылдырып, олардың ортақ Отаны бола алып отыр. Егер кезінде еліміздің құрамы көпэтносты және көпконфессиялы болуына байланысты күмәнді болжамдар айтылып, сонау Тәуелсіздік алып, еліміз енді аяғынан тұра бастаған тұста сарапшылардың «Қазақстанды қақтығысқа қолайлы, яғни, конфликт қаупі жоғары аймаққа жатқызғанын» ескерсек, мұның қаншалықты қиын шаруа екенін түсінеміз. Алайда, тәуба! Тәуелсіздік алған кезеңнен бастап, күні бүгінге дейін еліміз мемлекет үшін ең маңызды ұлтаралық татулықты, конфессияаралық келісімді, өзара түсіністік пен тұрақтылықты, достықты өзіндік ұстаным етіп өмір сүруде.

Мемлекет басшысы елімізде бірлік пен тұрақтылықтың сақталуына айрықша мән береді. Мұны оның халыққа арнаған Үндеулерінен де байқауға болады. Яғни, өзінің баяндамаларының барлығында әрқашан да елдегі ұлтаралық және конфессияаралық тұрақтылықты сақтап қалудың маңыздылығын айрықша атап өтіп отырады. Сондықтан, елдік ұстанымға сай, еліміздегі барлық этностар арасында достық қатынас орнатып, олардың ауызбіршілікте өмір сүруі және әртүрлі діндер арасында өзара түсіністіктің орнауы берік қамтамасыз етіледі. Нәтижесінде, бүгінде елімізде этносаралық тату-тәтті қарым-қатынас пен қоғамдық келісімнің қазақстандық өзіндік үлгісі қалыптасқан. Бұл қазақстандық үлгінің астарында «алуан түрлілік арқылы тұтастыққа» деген халқымызды біртұтастыққа шақырушы ұстаным жатыр. Бұл ұстанымның еліміз үшін бағасы қашанда қымбат болған! Және алдағы уақытта да қымбат бола береді. Өйткені, елдік ұстаным осы!

Осы орайда атап өтер жайт, еліміздегі барлық этностардың өздерінің ұлттық тілі мен әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, мәдениетін дамытуға деген ұмтылысын, ынтасын байқап, еліміз барлық қажетті жағдайлармен қамтамасыз етіп қана қоймай, ұдайы қолдап отырады. Елбасының елімізде нәсiлдiк, этникалық, тiлдiк, дiни және өзге де белгiлерiне байланысты кемсітуге жол бермеy туралы нақты ұстанымын да айта кеткен жөн. Бұл бағытта елімізде бірде бір заң жоқ. Яғни, еліміздегі барша ұлттың баласы теңдікте өмір сүріп жатыр деуге болады. 

Сонау аласапыран жылдары елімізге мыңдаған саяси тұтқындар келіп, қоныстанды. Бүгінде қазақ жерін мекен етіп отырған ұлттардың қай-қайсысы да кезінде елімізге жетіскеннен келмеген. Оларды сол кездегі саясат еркіне қарамай қоныс аудартты. Алайда, жарты бидайды бөліп жеген қонақжай қазақ халқының кең пейілінің арқасында олар естерін жинап, етектерін жапқан. Мұны сол кезде елімізге табан тіреген, көз көрген көнекөздердің барлығы да ашық айтады, алғысын жаудырып отырады. Қиыр Шығыс, Күнгей Кавказ, Солтүстік Кавказ, Қырым, Еділ арнасынан және өзге де елдерден жаппай жер аударулардың арқасында елімізге келген өзге ұлт өкілдері бүгінде өсіп, өніп отыр. Тіпті олардың бүгінгі ұрпақтары қазақ тілінде ана тіліндей сайрайды. Қазақстанның кең-байтақ жерін игеру, тың және тыңайған жерлерге түрен салуға қатысты ұрандатқан жылдары мыңдаған жастар Қазақстанда өз жаңа Отандарын тапты. Қандай мақсатта болмасын, елімізге табаны тиген өзге ұлт өкілдерін халқымыз ерекше жылылықпен және кең пейіл мінезімен қарсы алғандарын еске сала кету қажет.Мұны олардың өздері де сан қайтара айтып жүр.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары кейбір мысықтілеулер Қазақстан Республикасын құру мүмкін емес деген болжамдар айтып жатты. Олардың мұндай «диагноз» қоюына республиканың көп ұлтты болуы себеп болса керек. Тіпті, елімізге қатысты «көп ұзамай ұлтаралық жанжалдар туындайды» деген болжамдар да айтылды. Әлбетте, мұндай негізсіз, дәйегі жоқ болжамдардың барлығы барша халықтың еліміздің ертеңіне, ұлтымыздың болашағына, күдікпен қарауға себеп болды. Тәуелсіздік алған жылдары талай жұрттың елімізді тастап көшкені соның дәлелі. Алайда, соның өзінде елімізде қалған сан түрлі этнос өкілдері жетерлік еді. Сондықтан, осынау аумалы-төкпелі кезеңде еліміздегі ұлтаралық қарым-қатынасты, конфессияаралық жағдайды тезірек қолға алу қажет болды. Жағдайды тез бағдарлап үлгерген Мемлекет басшысының ұзақ жылдарға арналған, стратегиялық саясатының арқасында көздеген мақсатымызға жете білдік. Осы жылдар ішінде ел бірлігі бұзылған емес. Еліміздің бұл бағыттағы ұстанымы алдағы уақытта да жалғаса берері сөзсіз.

Сан түрлі ұлттың әртүрлі сенімде болатыны айтпаса да түсінікті. Сондықтан, ел бірлігіне қоса діни көзқараста да тұтастық қажет екенін мемлекет басшысы түсініп, бұл мәселені де қолға алды. Осы орайда соңғы жылдары еліміз дін саласында біршама мәселелерді шешіп, діни жаңғыруды бастан өткізіп жатқанын айта кету керек. Шын мәнінде, солақай саясаттың кесірінен бір кездері атеистік көзқарасқа ие болған еліміздің елеулі бөлігі дінге сенушілердің қатарына өте бастады. Уақыт өте «Ұлтаралық және дінаралық келісімнің Қазақстандық моделін жаңғырту жөніндегі 2006-2008-жылдарға арналған бағдарлама» қабылданып, ол табысты жүзеге асырылды. Күрмеуі түйінделген талай мәселені осы бағдарлама айқындап берді. Ал, 2011 жылы елімізде Дін істері агенттігі құрылды. Өмірге жаңадан келген агенттік осы саладағы түйткілдердің шешілуіне мұрындық болды. Және сол жылы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» жаңа заң қабылданды, жаңа заңның талабына сәйкес діни ұйымдарды қайта тіркеу жүзеге асты. Бұл елімізде сол жылдары қаптап кеткен түрлі діни бірлестіктерді сүзгіден өткізіп, олардың жауапкершілігін көтерді. Аталмыш Заңды қабылдар алдында елімізде 50-ге жуық конфессия мен деноминацияларды білдіретін 4500-ден астам діни қауымдастық бар болатын. Қайта тіркеу нәтижесінде он жеті конфессияны білдіретін 3100-ден аса діни бірлестіктер қалғаны белгілі болып отыр. Бұл да болса дер кезінде ушыққан мәселені қолға алып, шешілуіне түрткі болған жайт. Өйткені, осынау статистикаға қарап-ақ заңның қоғам жауапкершілігін қалай көтергенін байқаймыз. Шын мәнінде бір республиканың астында он жеті конфессияны насихаттайтын үш мыңнан астам діни бірлестік пен жүзден астам ұлт пен ұлыс өкілін тату-тәтті ұстап тұру үлкен күш-жігерді қажет етері сөзсіз. Алайда, елімізде тиімді жүргізілген саясаттың арқасында бұл мүмкін бола алып отыр.

Негізінен, халқымыздың этно-демографиялық құрамына орай ислам дінін ұстанатындардың көп болуына орай Қазақстан ислам дінді елдер қатарына жатқызылады. Өйткені, халықтың 70 пайыздан астамы мұсылман дінін ұстанады. Алайда, ислам дінінің басымдық етуі басқа діндердің іс-әрекетіне ешқандай кедергі келтірмейтінін байқап отырмыз. Тәуелсіздігімізге түрлі діни конфессиялардың артуы да еш көлеңке түсіре алмайтынын бір кездері анық дәлелдедік. Елімізде мұсылмандық емес конфессиялардың күрт артқан кездері де болған. Алайда, олардың арасында діни сенім қайшылығы орын алмауын ел саясаты қамтамасыз етті. 2006 жылы елімізде өмір сүріп жатқан негізгі діндер — ислам және христиан мерекелері — демалыс күндері болып жарияланды. Елімізде салынып жатқан мешіттер мен шіркеулердің саны арты түсті. Халықтың діни сауатын арттыру мақсатында дінтанушылар шекара асып, діни білімдерін жетілдіріп келді. Мұның өзі дінге қатысты құрметті арттыра түсіп, азаматтардың діни сеніміне қатысты құрметті арттыра түсті. Ел ішінде дінге бет бұрған азаматтардың қатары арта түскені осының дәлелі бола алады.

Сондай-ақ, Қазақстанда Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің төрт рет өткізілуі кездейсоқтық емес. Атап айтар болсақ, 2008 жылдың қазан айында Астанада «Ортақ әлем: әралуандылық арқылы прогреске» атты ислам елдерінің Сыртқы істер министрлерінің форумы өтсе, 2010 жылы маңызы жоғары ЕҚЫҰ саммиті өткізілді. Ал, 2011 жылы Ислам ынтымақтастық ұйымы елдерінің Сыртқы істер министрлерінің кеңесі болып өтті. Бұл халықаралық жиындардың барлығы саяси маңызы салмақты жиындар болатын. Еліміз бұл жиындарды сауатты өткізіп қана қоймай, өз көзқарасын да батыл білдіріп отырды. Соның айғағы — төрағалық ету жылында Елбасы бастамасымен Ислам конференциясы ұйымы Ислам ынтымақтастық ұйымы болып атауы өзгертілді. Осының өзі Қазақстанның әлемді ынтымақтастыққа шақыруының бір белгісі еді. Бұл әлем елдерінің назарын елімізге аудартқан жиындар болды десек қателеспейміз.

Бүгінде Қазақстан дінаралық үнқатысу орталығы ретінде әлемге танылып отыр. Оның айқын дәлелі — үздіксіз, Астанада араға үш жыл салып, 2003, 2006 жылдары және 2009, 2012, 2015 жылдары тұрақты түрде өтіп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер өкілдерінің съездері дәлел бола алады. Бұл айтулы шаралардың әрқайсысы бір-біріне ұқсамайтын, өзіндік маңызымен ерекшеленеді. Өйткені, барлығында әртүрлі әлемдік мәселелер қамтылды. Бұл шараларға сол жылдары әлем елдері жоғары баға беріп, Қазақстанның жағымды бет-бейнесін қалыптастыруға себеп болды.

Ең бастысы, біз Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары елімізді мекен еткен барлық халықтың арасындағы этникааралық келісімді, дінаралық ауызбіршілікті сақтай алдық. Елімізде мұндай деңгейде тұрақтылықты сақтау мемлекетіміздің негізгі бағыттарының біріне айналды десек те болады. Соның ішінде елімізде Ассамблеяның құрылуы ұлтаралық жағдайдың дұрысталyына айтарлықтай үлес қосты. Бұл консультативтік кеңесші органның арқасында этносаралық және конфессияаралық келiсiмнiң стратегиялық бағдарламасы жүзеге асты. Бұл осындай мәселелерге ықпал ететін бірден бір орган болып саналды. Осы орайда айта кетер жайт, Қазақстанда ұлтаралық жағдайлардың дұрыс шешілуінің арқасында ұлтаралық жанжалдар мен қақтығыстар жоқтың қасы. Осының арқасында Қазақстан әлемнің басқа мемлекеттері үшін ұлтаралық келісімнің, тұрақты дамудың үлгісі бола алды. Осынау береке-бірлігімізді мақтанышпен айтып, ұлттар мен диаспоралары осындай келісімде, түсіністікте өмір сүріп жатқан бірде бір ел жоқ деп айта аламыз.

Сонымен қатар, дүниежүзіне этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісімнің қазақстандық моделін паш ету, мемлекет пен саяси элитаны біріктірген Ассамблея құру, ел ауызбірлігі үшін ең қажетті құндылықтарды қалыптастыру еліміздің дамуының негізі болып табылады. Ұлтаралық келісім де үнемі мемлекеттік саясатымыздың негізі болып келеді.Рас, қайбір жылдары еліміздің кейбір аймақтарында бірқатар ұлтаралық шиеленісті жағдайлар туындағаны мәлім. Алайда, ол оқиғалардың барлығы жаман ұлт болмайтынын, ел ішінде бір тентегі жүретінін көрсеткендей болды. Ұлтаралық сипатта өрбіген қайшылықты сол кездегі ішкі саяси жағдайға қауіп төндірген бірлі-жарым оқиға десек те, дер кезінде мемлекет тарапынан қажетті іс-шаралар қабылдамағанда, оның соңы неге апарып соғатыны белгісіз еді. Дер кезінде ұлтаралық қақтығыстарға апарып соқпай, мұның барлығы дер кезінде ауыздықталып үлгерді. Өйткені, ел бірлігіне сына қаққысы келгендер ол оқиғаларды өз мүдделеріне пайдаланғысы келгені де жасырын емес. Осы орайда айта кетер жайт, Ассамблеяның бір жұмыс істеу бағыты медиация болуы тегіннен тегін емес. Өйткені, бірлі-жарым ондай оқиғаларды өз мүддесіне жұмыс істеткісі келгендер қай уақытта та болады. Сондықтан, шиеленісті жағдайға жеткізбей, мәселені дер кезінде ауыздықтап отыру бүгінде медиациялық кабинеттердің міндеті десек те болады. Бүгінде бұл шешімнің дұрыс болғанын уақыт дәлелдеп келеді. Осы орайда айта кетер жайт, еліміздің аумағындағы түрлі ұлт пен ұлыстардың ұзақ уақыт бойы түсіністікте өмір сүруі, үлкен қақтығыстарға бармауы, қоян-қолтық тіршілік кешіп, мамыражай өмір сүруіне бұл мемлекеттің түпкі иесі — қазақ халқының қанында бар кеңпейілділігі мен сабырлы-салиқалылығы себеп болып отырғанын елдің даму тарихына жіті қарап отырған кез келген сарапшы жоққа шығармайды. Сондықтан, халықаралық сарапшылар мұны керісінше, жоғары бағалап отыр.

Бүгінгі таңда әлем бойынша түрлі қақтығыстар мен тұрақсыздықтардың барлығы дерлік ұлттар мен діндер өкілдерінің арасындағы қарама-қайшылықтардан, өзара түсіністіктің жоқтығынан туындап жатқанын ескерсек, еліміздегі ауызбіршіліктің маңызы зор екенін түсінеміз. Кезінде талай сарапшылардың елімізді «көп ұзамай-ақ өзара түсініспей, мемлекетті құлатып тынады» деп, «ұлттар лабораториясы» атандырып, ертеңімізге күмәнді болжам айтқанымен, ел бола алатынымызды дәлелдедік. Тіпті, бүгінгі күні еліміздің өз бірлігін сақтап қана қоймай, әлем халқына тұрақтылықты, бейбітшілікті насихаттап, бірнеше жыл қатарынан саяси маңызды халықаралық жиындар өткізуге мұрындық болып, діндер мен ұлттар арасында түсіністіктің қалыптасуына ықпал еткен бірегей тәжірибелі, елге айналуымыз талай елдің ерекше қызығушылығын тудырып отыр.

Ел ішінде қалыптасқан осындай ахуалдың арқасында еліміз ұдайы даму үстінде. Жыл сайын ішкі жалпы өнімнің үлесі артып, зейнетақы мен әлеуметтік жәрдемақылар еселеніп көбейіп, халықтың өмір сүру көрсеткіші артып келеді. Бұл, ең алдымен, еліміздегі тұрақтылықтың арқасы екені даусыз. Алдағы уақытта одан әрі дамуды мақсат еткен еліміз бәсекеге қабілетті елдер қатарына қосылуды мақсат етіп отыр. Әрқашан ел ішінде ғана емес, әлемде бейбітшілікті, ауызбіршілікті қолдаған елдің ертеңі жарқын болары сөзсіз. Этносаралық мәселелерді әрқашан әділетті түрде шешіп, еліміздегі барша ұлт пен ұлыстың көңілін табу арқылы, ел егемендігін сақтап, еліміздің дамуына тиімді жағдай жасай алдық. Бүгінгі күні бұл ұстанымымыздың дұрыс болғанын көріп отырмыз. Ең бастысы да — осы!

Тәуелсіз Қазақстанның 33 жыл ішінде қол жеткізген маңызды жетістіктерінің бірі қазіргі заманғы қазақ қоғамында ұлтаралық және дінаралық келісімге негізделген әлеуметтік тұрақтылық болып табылады. Бұған негіз болған 33 жыл бойына 18-қазан күні аталып өтілетін Рухани келісім күні! Егемендік алғаннан бері бұл күнді ерекше атап өтудегі мақсат -  еліміздегі 17 конфессия мен 140-тан астам ұлт өкілдіренің басын біріктіру, тұрақтылық пен тыныштық орнату. Бүгінгі таңда рухани келісім көптеген елдер үшін бірінші кезектегі міндетке айналды. Осы жағдайда Қазақстан ұлттық бірлігіне негізделген тұрақтылықты көрсетіп отыр. Елімізде өмір сүретін этностардың ауызбірлігі мен төзімділігі қазақстандықтар үшін егемендік құру жолындағы күрделі кезеңдерден өтуге жәрдемдесті және әлі күнге дейін ел дамуына үлкен күш-қуат беріп отыр. Көпұлтты еліміз үшін бұл күннің маңызы зор. 1992 жылдың қазанында Алматыда сол кездегі Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қамқорлығымен тұңғыш рет Дүниежүзілік рухани келісім конгресі өткен болатын. Аллa Тағаланың рахымымен, халқымыздың талпынысымен Ислам діні Қазақстанда қарқынды дамып келеді. Нәтижесінде мешітке келушілер мен намазға жығылушылар саны күн сайын артуда.

Бүгінде Қазақстан – бірлігі жарасқан, мейманасы тасқан, атағы әлемге асқан мемлекет. Жүз отыз ұлт баласы қазақ шаңырағының астында жиналып, дүрдараз болмай, дүрлікпей, бір үйдің баласындай тату-тәтті ғұмыр кешіп жатыр. Татулық, бірлік, береке, ынтымақ әр елде бола бермейді. Оны әлемнің әр тарапынан ақпарат жеткізіп отырған көк сандықтан көріп отырмыз. Қазақ елі осындай игіліктерге толы жұрт. Кей кездері бір әулеттің балалары сөзге келіп, біріне-бірі өкпе артып жатады. Діні бөлек, ділі басқа халықтарды бір мемлекетте ұйытып отырудың өзі үлкен күш. Бір-бірімен тіл табыстырып, алакөз қылмай, достықты сақтап қалу үшін қазақ билігі талай ауқымды шараларды, беделді бастамаларды қолға алды. «Тұрақтылық пен келісім дегеніміз не? Ол отбасылық әл-ауқат, қауіпсіздік, баспана. Бейбітшілік – ол әке мен ана қуанышы, ата-аналар денсаулығы және біздің балаларымыздың бақыты. Бейбітшілік – ол тұрақты жұмыс, жалақы және ертеңгі күнге деген сенім. Бейбітшілік пен тұрақтылық – күн сайынғы еңбекпен қорғап, нығайтуды қажет ететін жалпыхалықтық жетістік. Бүгінгі күні көпұлтты тәуелсіз Қазақ еліне дүниежүзіндегі көптеген елдер қызыға да қызғана қарауда. Себебі жүзден астам ұлт пен ұлыстардың береке-бірлігі мен ынтымағын жарастыра білген ел әлемде кемде-кем.

Біз біртұтас ел болып қуатты қоғамға айналдық, бейбіт өмір, қоғамдағы көпұлтты қазақстандықтардың ұлтаралық татулығы мен ынтымағының арқасында бой көтерді. Дегенмен, сын қатерлер аз емес, жаңа белестерді бағындырып бірегей құрылым артында ел бірлігін тағы да нығайтуымыз қажет. Еліміздегі бірлік пен ынтымақты дәріптейтін бір ғана конституциялық статусқа ие болған патриоттық қоғамдық институт яғни, бұл Қазақстан халқы Ассамблеясы.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХI сессиясында Қазақстан халқы Ассамблеясы қызметінің 3 негіз құраушы басымдығын айқындап берді. Біріншісі – саяси реформаларды жүзеге асыру ісіндегі Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлін күшейту. Екінші – ақпараттық жұмыстарды күшейту және Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдағы әлеуетін арттыру. Үшінші басымдық – құқық қорғау қызметін күшейту. Өңірде этностық теңсіздікке жол бермеуге, мәдени және тілдік оқшаулануды болдырмауға назар аударылып келеді.

Қазақ халқы – мемлекетіміздің өзегі, тірегі, негізі және қоғамдық келісімнің қалыптасуында маңызды тарихи рөл атқарады. Сондықтан қазақ тілінің этносаралық коммуникация тілі ретіндегі шоғырландырушы әлеуетін іске асыру – басты міндетіміздің бірі. Елдегі бейбітшілікті, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтудағы жауапкершілікті сезіне отырып, Мемлекет басшысының Жаңа Қазақстанды құрудағы жүйелі бастамаларын жүзеге асыруымыз қажет. Бұл ретте Түркістан облысын қоғамдық келісімнің, бірліктің үлгісі ретінде дамыту– баршаға ортақ шаруа.

Бірлік пен ынтымақ мемлекетіміздің тұрақты дамуына жол бастайды. Бірліктің арқасында еліміз әлеуметтік-экономикалық және саяси тұрақтылыққа қол жеткізе білді. Биыл Түркістан облысының құрылғанына 6 жыл толып отыр. Осы қысқа ғана уақытта облысты4 жаңа дәуірі басталды. Жүздеген нысан бой көтеріп, жаңара түсті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркістанға тарихи және рухани елорда мәртебесін беруді тапсырмасы аясында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Бүгінде Түркістан облысында 11 этномәдени бірлестік жұмыс істеуде. Астана қаласында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті ХХХІІ сессиясында Мемлекет Басшысы «Қазақстандағы барлық этнос өкілдері қазақтың болмысын бойына сіңіруде. Қазақстан олар үшін туып-өскен, ержеткен, білім алған, отбасын құрған қастерлі мекені, Отаны болып саналады. Бұл – табиғи үрдіс» - деді.

Қазақстан –  небір қиындықты бастан кешірген мемлекет. Бірақ әрдайым ғасырлар көшінде жасап, гүлденіп, тағдырдың тартысымен арпалысып келеді. Соның нәтижесінде, тәуелсіздігін алып, бейбітшілікке қол жеткізді. Ал, оның негізі, түп-тамыры – xалықтың бірлігінде, татулығында, біртұтастығында.

Қазақ елінде татулығы жарасқан 130-дан астам ұлт өкілдері тұрады. Олардың барлығының жүрегінде бір ел, бір арман, бір сенім және барлығы да Қазақстанмен байланысқан. Еліміздің шаңырағында алаңсыз өмір сүруіміз бірінші Жаратушының, екінші xалқымыздың еңбегінің жемісі.  Арманы мен мақсаты қиылысқан, кемел келешекке бір көзбен қараған, ынтымағы мен  бірлігі ұштасқан ұлттар болмаса, республикамыз мұнша жасамас еді. Әлем елдері қызғана да, қызыға да қарайтын мемлекетіміз көк аспанның астындағы бейбіт өмірінің тұғырын биік ұстауда.

Еліміз  тәуелсіздік алған тұста, мемлекетіміз үшін ең жауапты кезең  болды. Бүгінде тұрақтылықтың тұтқасына, бірлігіміздің бастауына, ұлттар арасындағы достықтың «алтын көпіріне» айналған Қазақстан халқы Ассамблеясының еліміз үшін маңызы зор. Тағдырдың жазуымен, ұлан-байтақ жерімізге  көптеген ұлт өкілдері жер аударып келіп, қоныстанды. Бүгінде олар қаны бөлек болғанымен, қазақ халқымен жаны бір, ұлты басқа болғанымен,  халқымызбен арманы ортақ біртұтас елге айналып отыр.

Бір шаңырақ астында ұлттың ұйытқысына себеп болып отырған, саясатымыз бен ата заңымыздың арқасында атқарылып жатқан шаралардың нәтижесі екендігі белгілі. Біздің елімізде әрбір ұлтқа деген қамқорлық шексіз. 18-ге толған азаматтар – тегіне, нәсіліне, ұлтына, тіліне қарамай сайлауға қатыса алады. Ата Заңымызда атап көрсетілгендей кез келген ұлт өкілдерінің құқықтары тең. Ата Заңымыздың бірінші бабының өзінде басты құндылық ретінде адам, оның өмірі мен еркіндігі атап көрсетілді. Адамды басты орынға қойған мемлекетімізде, адамға қамқорлық жасауда игілікті шаралардың жүзеге асырылып жатқанына куә болып жүрміз.

Жалпы елімізде халықтың тыныштығын алып, іріткі салуға қатысты барлық әрекетке тыйым салынған. Бұл туралы тіпті еліміздің Ата Заңында да анық көрсетілген. Онда «Ұлтаралық және конфессияаралық татулықты бұзатын кез келген әрекет конституциялық емес деп танылады», – делінген. Еліміздің бірлігі мен татулығы, ұлттар арасындағы достық әрқашан алдыңғы орында. Ал, бұл ауызбіршілікті сақтауда – Қазақстан халқы Ассамблеясы қызметінің жоғары екені айтпаса да түсінікті.

Қарапайым, сыйластық, үстемдік құрған жерлерге қашанда нәтижелі істердің үйір болатыны белгілі. Біздің елімізде қалыптасқан ұлттар тұтастығы мен халықтар достығының арқасында бүгінде мемлекетіміз өркендеп, ілгері басып келеді. Біздің мемлекетіміздің басты жетістігі еліміздің халықтарының ұлтаралық және конфессияаралық келісімі, өзара түсіністігі мен сыйластығы болып саналады. Қазақстанның көпұлтты халқының татулығы, ынтымақтастығы, бейбітшілігі біздің еліміздің баға жетпес байлығы. Қазақстан тарихының едәуір бөлігі оны мекендейтін халықтардың этностық және мәдени өзара іс-қимылдарының – тарихы. Бұл ретте, Қазақстанның көпұлттылығы ғасырларға созылып, уақыттардан жалғасын тауып, сабақтасып келеді.

Қазақстан тәуелсіздік алған алғашқы күннен-ақ адамзат үшін ең қымбат қазына – ұлтаралық татулықты, конфессияаралық келісімді, өзара түсіністік пен құрмет сезімін, жарастық пен келісімді – қастерлеп сақтай отырып, еркін дамуда. Бұрыннан қалыптасқан дәстүрлі достықтың бай тәжірибесі ұлттық татулық пен келісімнің ғана халықтардың экономикалық теңдігі, саяси және мәдени дамуын, өзара достықты, ұлттық мүдделер мен ұлттық ерекшеліктерді, тілдердің бір-біріне деген құрметін қамтамасыз ете алатынын көрсетеді. Елбасының, мемлекетіміздің стратегиялық мақсаттарында ұлтаралық татулықтың, халықтардың өзара түсіністігі мен келісімін нығайта беру, оларды алдағы уақытта топтастырып, жарастыра беру айрықша орын алды. Бүгінгі күні қоғамымыздағы ауызбіршілік, тұрақтылық пен туысқандық қарым-қатынас соның нәтижесі деп айта аламыз. Бүгінде тәуелсіз мемлекет атанып, ел, халық болып қалыптасудың күрделі үдерістерін бастан кешіріп жатқан кезеңде ұлттық келісімді, дінаралық татулықты қамтамасыз ету бүгінгі күннің өзекті міндеті болуы да сондықтан.

Еліміз қарқынды даму үстінде. Елімізде мекендеген барлық ұлттар арасында татулық пен бірлік сақталып, біртұтас ел ретінде күшімізді біріктіре отырып, бәсекеге қабілетті ұлт болуға күш салуымыз қажет. Бүгінде ауызбіршілігі қашқан елдердің экономикасы артқа кетіп, берекесі қашып отырғанын ұмытпай, этносаралық татулығымызды арттыра отырып, тек ұдайы дамуды мақсат етуіміз керек.

Тағдыр табыстырған, тарих тоғыс­тырған түрлі этнос өкілдері азат­тықтың арайлы таңында ортақ Отанымыздың іргесін бірге қалас­ты. Ынтымақты ырысқа, алуан­дықты байлыққа балаған біздің халық бір­лік­тің қазақстандық бірегей үлгісін қалыптастырды. Өнегелі ізгі бастамаларымен жаһандық бей­бітшілікке зор ықпал еткен Қазақстанның тағылымды тәжі­рибелері әлем жұртшылығына үлгі болды. Әрине, бұл жетіс­тік­тер бізге өздігінен, оңай келген жоқ. Еліміздің татулық пен тұ­рақ­тылықтың берекелі бекеті­не айналуына Қазақстан халқы Ассам­блеясы үлкен үлес қосып келеді. Бұл әрбір қазақстандық ұлт өкілінің жүрегінде жатталды.

Ассамблея 29 жыл ішінде барлық этностарды бір мақсат, бір мүддеге ортақ біріктіре алды. Жыл сайынғы сессияларында Қазақстан халқын толғандыратын мәселелер мен сұрақтар қызу, кейде өткір талқыланып, мемлекеттік, елдік мәселелер шешімін тапты. Толеранттылықты сақтап, елімізді ұлтаралық келісім мен бірліктің мекені ретінде әлемге таныттық. Тарихи оқиғаларға объективті көзқарас ұстанып, ел іргесінің негізін берік қаладық. Әр халықтың төл мәдениетін, тілін, ділін, әдет-ғұрып, салт-дәстүрін дамытуға қолайлы жағ­дай жасалды.

Алпауыт мемлекеттермен са­­лыс­­тырғанда, бізде аз ұлттар ұғы­­мы қолданылмайды, барлық эт­нос­­­тардың құқығы мен бостан­дық­­тары бірдей, үлкен-кіші деп жік­­теуге жол берілмейді. Соның нә­ти­­жесінде, бірде-бір этнос же­ке-дара оқшауланып, ерекше эт­нос­­тық мәртебесі туралы мәсе­ле көтер­ген емес. Кері­сінше, шығу тегі әртүрлі этностар Қа­зақ­станда дү­­ниеге ке­ліп, өсіп-өн­гендерін мақ­­тан тұта­ды. Өз Отан­ы­ның да­муы­на әрқай­сы­сы өз­дерінің қо­­мақты үлесін қо­сып, бел­сене ат­са­лысуға тыры­са­ды. Сон­дық­тан Қазақстан халқы Ас­сам­блея­сы­ның ширек ғасыр­лық жолын та­ра­­зылай отырып мемлекет билігінің бей­­біт­­шілік пен келісім саясаты өзін-өзі толық ақтағанын атап өткен жөн.

Басты фактор – Қазақстанда эт­но­саралық интеграция әуел бас­­тан азаматтық қағидаттарға не­гіз­­дел­гендігі болып отыр. Руха­ни мә­­де­­ниет­тің ортақтығы, әлеу­мет­­­­тік тұ­­тас­тық – саяси тұтас­тықты ­қам­­­тамасыз етуге мүмкіндік берді. Тәуелсіздіктің алғашқы жыл­дарын­дағы шетелдік сарап­шылардың сенімсіз болжамдарына қарамастан, Ассамблея Елбасының дара басшылығымен қасиетті қазақ жерін ұлтаралық қақ­ты­ғыстан аман сақтап, Қазақ­стан халқын біртұтас елге айналдыра алды.

БҰҰ Бас хатшылары Кофи Аннан мен Пан Ги Мун Қазақ­стан­ға келген сапарлары бары­сында Қазақстан халқы Ассамб­леясының қызметімен танысып, «Ассамблея принципі БҰҰ-ның жұмыс принципімен толық сәйкес келеді» деп атап өтті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақ­стан халқына арнаған «Сын­д­арлы қоғамдық диалог – Қазақ­станның тұрақтылығы мен өр­кен­деуінің негізі» Жолдауын­да қоғамдық келісімді нығайта түсу­ді тапсыра отырып, «Әлеу­меттік және этникалық топтар ара­сындағы келісім – бүкіл қоғамның бірлескен еңбегінің нәтижесі. Қазақ халқының мемлекет құраушы ұлт ретіндегі рөлін бекемдеп, этносаралық татулық пен дінаралық түсіністікті қалып­тастыра беруіміз қажет. Біздің ұстанымымыз: «Ел бірлігі – оның әралуандығында!» деп, халықтар достығының тереңдеуіне айрық­ша маңыз берді.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы «Баянды бірлігіміздің арқасында тәуелсіздігімізді ны­ғай­тып, халқымыздың жағдайын жақ­сартуға жол аштық. Бұл жасам­паздық пен ілгерілеу, бейбіт­шілік пен келісім кезеңі болды. Еліміздің даму жолын бүкіл әлем мойындап, қазақстандық, яғни Назарбаев моделі деп атады» деп атап өткен болатын. «Әралуандықтағы бірлік» – біздің мемлекеттік саясаттың бас­ты ұстанымы және басымдығы болып қала береді. Қазақстан Президенті этносаралық қатынастар сала­сындағы мемлекеттік саясаттың тиімділігін арттыру міндетін де жүктеп келеді. Уақыт талабы, заман ағы­мына сай елдегі этносаралық про­цестерді басқару тәсілдеріне бірқатар өзгерістер енгізілді.

Алғаш рет Ақпарат және қоғам­дық даму министрлігі жанынан республикадағы этносаралық қатынастарды реттеу және дамыту мәселелерімен тікелей айналысатын арнайы өкілетті орган – Этносаралық қатынастарды дамыту комитеті құрылды. Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметін қамтамасыз ететін «Қоғамдық келісім» республикалық мем­ле­кеттік мекемесі аталған Коми­теттің құрамына енгізілді. Этносаралық қатынастарды алдын ала зерттеп-зерделеумен айналысатын Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты жасақталды. Институттың міндетіне – эт­нос­а­ралық салада мониторинг жүргізу, кешенді зерттеулер ұйым­­­д­астыру, сараптамалық қо­ры­­­тын­дылар дайындау, саяси жос­­парлау бойынша ұсыныс­тар­ды терең талдау мен жедел және ұзақмерзімді болжамдар жасау жөніндегі ұсынымдар беру кіреді.

Нұр-Сұлтан, Алматы, Шым­кент қалалары мен облыс әкім­дерінің орынбасарлары арасын­дағы міндеттер қайта қаралып, Ішкі саясат және Қоғамдық даму басқармаларының құрамында этносаралық қатынастарды дамыту мәселелері бойынша жеке бөлімдер құрылды. Ассамблеяның өңірлік хатшы­лықтарының және «Қоғамдық келісім» КММ-нің мақсат-мүддесі сақтала отырып, ішкі саясат басқармасына берілді. Ендігі жерде әкімнің ішкі саясат саласына жетекшілік ететін орынбасарлары өңірлік ассамблея төрағасының орынбасары міндетін қоса ат­қарады. Олар қоғамдағы этнос­аралық келісімді сақтауға және жаңа құрылымдардың тиімді жұмысына жауап береді.

Мемлекеттік деңгейде этнос­аралық процестерді басқарудың бірыңғай жүйесі – мемлекет басшысының «Ел бірлігі – біздің ең құнды игілігіміз» деген ұстанымын ла­йық­ты жалғастыратын болады. Осыған сәйкес 2008 жыл­ғы 20 қазандағы «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Қазақ­стан Республикасының «қазақ хал­қының топтастырушы рөлін арқау ете отырып, қазақстандық пат­риотизм, Қазақстан этностарының аза­маттық және рухани-мәдени ор­тақ­­тығы негізінде Қазақстан Рес­­пуб­­ликасында қоғамдық келі­сім мен жалпыұлттық бірлікті қам­­та­масыз ету» туралы заңын Ассам­блея жерде бірнеше бағыт­та жүзеге асырып келеді. Атап айтқанда:

– ел азаматтарын, әсіресе өске­лең ұрпақты мемлекеттік тілді меңгеруге ынталандыру;

– ағартушылық жұмыс, ғылы­ми жобалар арқылы қазақ мәде­ниетінің құндылықтарын, тарихы мен дәстүрлерін насихаттау;

– жанжалдардың алдын алу құралы ретінде медиация институтын нығайту;

– азаматтардың әлеуметтік жауап­кершілігінің құралы ретінде қайырымдылықты, меценаттықты дамыту;

– Қазақстан этностарының тіл­дерін, салт-дәстүрлерін сақтау­ға қолдау көрсету;

– мәдениетаралық диалог, тарихи мұраны сақтау мәселелерін зерделеуге бағытталған жобаларды қолдау;

– волонтерлер қозғалысын дамыту;

– Қоғамдық келісім кеңестері­нің жұмыс тәжірибесін ескере отырып, жергілікті басқару және өзін-өзі басқару институттарын дамытуға жәрдемдесу;

– ҚХА Кәсіпкерлер қауымдас­тығының жұмыс тәжірибесіне сүйеніп, әлеуметтік кәсіпкерліктің дамуына ықпал ету;

– қазақстандық этностардың тарихи шығу елдерімен байланысын қолдау, халықтық дипло­матия мен гуманитарлық ынты­мақ­тастықты нығайту.

Яғни Қазақстан халқы Ассам­блеясының қызметі түрлі этнос­тық топтар өкілдерінің азамат­тық бірегейлігін үйлесімді дамы­туға бағытталған. Бірегейлік проце­сінің ұрпақтар арасындағы байланысын ұғыну аса маңызды.

Мемлекеттік саясаттың интеграциялаушы әлеуеті – тәуелсіздік идея­сы, мемлекеттік құрылым­ның тұтас­тығы, мемлекеттік тіл және адам мен азамат құқық­тары­ның ба­­сым­дығы төңірегінде құрылады.

Қазақстан халқы Ассамблеясы мемлекет құрылымының жаңа кезеңінде конституциялық мәр­тебесі бар институт ретінде мем­лекеттік-ұлттық бірегейлік пен бірлікті нығайтуда маңызды рөл атқаратын болады.

Ассамблеяның жинақтаған тәжірибесі, үкіметтік емес ұйым­дардың дамыған қоғамдық желісі азаматтардың барлық этностық топтар өкілдерінің әлеуметтік-мәдени, қоғамдық және білім беру процестеріне тартылуын ұл­ғай­туға мүмкіндік береді. Ассам­блея­­ның айналасында Қоғам­дық ке­лісім кеңестері, Аналар ке­ңес­тері, медиаторлар, ҚХА кә­сіп­кер­лері қауымдастығы, Ғылыми-сарап­шы­лық кеңес және өңір­лердегі ғы­лыми-сарапшылық топ­тар, жастар қозғалысы, масс-медиа, театрлар құрылып, табысты жұмыс істеуде.

Ассамблея мерейтойлық жыл аясында да этнос өкілдерін бірік­тіруді, стратегиялық сабақтас­тықты одан ары арттыруды бас­ты бағдар ретінде ұстан­ды. Каран­­тин талаптарын сақтай оты­рып, қо­ғамдық келісім мен жал­пы­ұлт­тық бірліктің қазақстандық үлгі­сін танытып, этносаралық қа­ты­­нас­тарды нығайту үшін рес­пуб­­ли­калық деңгейде онлайн фор­матта шаралар ұйымдастырды.

«AQ-QARA.KZ»- ақпарат

Оқылды 41 рет