Атап айтсақ, төтенше жағдай кезеңінде міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға төлемдерді жүзеге асыру және аз қамтылған отбасыларға әлеуметтік қолдау, базар аумағындағы санитарлық жағдай, сауда қызметін ұйымдастыру және бағаны тұрақтандыру жұмыстары, төтенше жағдай кезіңінде қаладағы пошта байланыс бөлімшелерінде азаматтарды көп шоғырландырмау мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар туралы мәселелер тыңдалды.
Күн тәртібіне сәйкес, алғашқы болып жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Н.Бурибаева еліміздегі төтенше жағдай кезінде берілетін 42500 теңге әлеуметтік төлем кімдерге төленетінін, ол 7 санат бойынша жүргізілетінін атап өтті. Атап айтсақ, 1) жалақысы сақталмайтын демалыста жүрген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің жұмыскерлері, 2) карантин енгізілген елді мекендерде қызметін жүзеге асыратын ірі кәсіпкерлік субъектілерінің жалақысы сақталмайтын демалыста жүрген жұмыскерлері, 3) жалдамалы еңбекті қолданбайтын дара кәсіпкерлер, 4) жеке практикамен айналысатын адамдар, 5) бірыңғай жиынтық төлем төлеуші болып табылатын жеке тұлғалар, 6) нысанасы жұмыстарды орындау болып табылатын азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша кіріс алатын, салық агенттері олар үшін міндетті зейнетақы жарналарын төлеген жеке тұлғалар, 7) мемлекеттік ұйымдардан басқа коммерциялық емес ұйымдарға жататын заңды тұлғалардың жалақысы сақталмайтын демалыста жүрген жұмыскерлер болып табылады. Бұл әлеуметтік төлем төтенше жағдай кезеңінде ең төменгі жалақы 42500 теңге мөлшерінде белгіленгенін бұл жөнінде атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап өтті.
Бұдан соң базар аумағындағы санитарлық жағдай, сауда қызметін ұйымдастыру және бағаны тұрақтандыру жұмыстары туралы бизнесті қолдау және туризм бөлімінің басшысы Г.Даханова хабарлап өтті. Қаланың орталығында орналасқан 13 сауда алаңының барлығына дерлік санитарлық залалсыздандыру жұмыстары жүргізілген. Жалпы алаңы 7,5 га жерді құрайды. Түркістан облысы бойынша бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің 2020 жылдың 3 сәуіріндегі №10 қаулысына сәйкес қаланың тыныс тіршілігі үшін қажетті қызметтерден бөлек, барлық жабылуы тиіс кәсіпкерлік нысандар жұмыстарын тоқтатқан. Тек «Эврика» сауда үйінің 2 сауда алаңы жабылмай отырғаны анықталған. Бүгінгі таңда 50 кіші сауда орындары мен «Қуаныш» пен «Азиз» базарлары бекітіліп берген азық-түлік тауарлары бойынша халыққа қызмет көрсетуде.
Мәжіліс соңында қала әкімі Р.Аюпов қала аумағында санитарлық талаптарды күшейту бағытында жұмыстарды өз деңгейінде жүргізу керектігін, қала тұрғындарына сақтық шаралары бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.