Атап айтқанда, «Қазығұрт», «Жібек жолы», «Қабланбек» арқылы күніне жүздеген жеңіл көліктер мен жүк көліктері қарым-қатынас жасауда. Сарыағаш ауданы Өзбекстанның бірнеше аудандарымен шектеседі. Осындай географиялық мүмкіндікті пайдаланып ауданда Өзбекстан Республикасымен сауда-саттықты дамыту үшін халықаралық сауда кешенін құру өте маңызға ие.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаев 2018 жылы «Орталық Азия» халықаралық сауда экономикалық ынтымақтастық орталығын құру туралы тапсырма берген болатын. Ағымдағы жылдың 26-қаңтарында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Үкімет басшысына «Орталық Азия» халықаралық сауда экономикалық ынтымақтастық орталығын құру мәселесін жеделдетуді тапсырды.
Осыған байланысты Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов және Өзбекстан Республикасының Инвестиция және сыртқы саудасының бірінші вице-министрі Л.Кудратов Сарыағаш ауданына жұмыс сапарымен келіп, шекара маңындағы бекеттердің жұмысымен танысты,- деп хабарлайды Сарыағаш ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Сонымен қатар, іс-сапар барысында «Жібек Жолы» шекара бекетіндегі кездесуде Өзбекстанның вице-премьері С.Умирзаковпен Халықаралық сауда-экономикалық ынтымақтастық орталығын құру мәселесі талқыланды.
Сапардың ең маңызды нәтижесі-көп жылдық келіссөздерге нүкте қою және алдағы айларда «Орталық Азия» халықаралық сауда-экономикалық ынтымақтастық орталығының жобасын нақты іске асыруға кірісу туралы шешім болды.
«AQ-QARA.KZ»-ақпарат