Жұма, 26 Ақпан 2021 21:30

Түркістан: Қала әкімі тұрғындармен жүздесуде

Мұстафа Шоқай атындағы №24 жалпы орта мектебінде қала әкімі Рашид Аюпов ақсақалдармен, қала тұрғындарымен кездесу өткізді.

Кездесу барысында қарапайым халықты мазалаған түрлі сауалдар мен шешімі табылмаған мәселелер сөз болды.

Қала әкімі ең алғашқы кездесуін «Тұран» тұрғын үй массиві №122 көше бойындағы істен шыққан газ құбыры бойынша «ҚазТрансГаз» мекемесі өкілдері және көше тұрғындарынан бастады. Тұрғындардың бірі үйіне су жүйесін кіргізу барысында ортақ газ құбырына абайсызда зиян келтіріп, газға қосылған 30-ға жуық көрші үй көгілдір отынсыз қалған. Бұл мәселе бойынша «ҚазТрансГаз» мекемесі өкілдеріне хабарласып, сол күннен қалдырмай құбырды жөндеп, үйлерге жылу беруді тапсырды. Кездесуде көпбалалы аналардың да жеке мәселелерін талқылап, оны тез шешу жолдарына да тоқталды. Сонымен қатар, «Тұран» тұрғын үй массивінің бірнеше көшесінде биыл асфальт төсеу, кәріз жүйесін жүргізу жұмыстары жоспарланғанын атап өтті.

– Бүгінгі жүздесуде аумақта ел игілігіне атқарылып жатқан қандай да жобаларға тұрғындардың ой бөлісіп, белсене қатысуын сұраған едім. Бұл жиынға қатыса алмаған «Тұран» тұрғындарынан да сұрарым осы. Қаламыздың әр аумағын барынша қолайлы және көрікті ету бірлесіп жұмыс жасауымызға байланысты. Әрбір жерлесіміз кемінде тазалық сақтап, өз үйінің аумағын гүлдендіруге асық болса, қол жеткізе алған дүниеге жанашыр болса, қаламыздың әп сәтте бәріміз мақтан тұтардай өзгеретініне сенімдімін, – деді қала әкімі өз сөзін қорытындылап.

Айта кетейік, көкейіңізде мазалаған сан сауалдарыңыз бен ой-пікірлеріңіз, ұсыныстарыңыз болса «109» нөміріне хабарласып, арыз-шағымдарыңызды қалдырсаңыздар, қала әкімдігі мәселеңізді қарайтын болады.

 «AQ-QARA.KZ»-ақпарат 

 

Оқылды 408 рет