Бейсенбі, 06 Қазан 2022 23:39

Отырар ауданының әкімі Балтакөл, Маяқұм ауыл округтерінің халқымен кездесті

Тәуелсіз еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес жыл көлемінде барлық деңгейдегі әкімдердің халықпен кездесулері тұрақты түрде өткізілетін болады. Халықты толғандыратын өзекті мәселелер қозғалып, оларды шешу жолдары қарастырылатын осындай келелі жиын Балтакөл және Маяқұм ауыл округтерінде өткізілді.

Мақсат – өткен тоқсанда округ тұрғындары тарапынан көтерілген өзекті мәселелер бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен таныстырып, басқа да мәселелердің шешілу жолдарын бірігіп талқылау, азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту ісінде қосымша ұсыныс-пікірлерді тыңдау. Отырар ауданының әкімі Сәкен Сұлтанханов кездесуде жиналған тұрғындарға ауданның әлеуметтік-экономикалық жағынан даму қорытындысы мен биылғы жылға белгіленіп отырған міндеттер туралы баяндады. Мағынасы да мәнді өткен жүздесуде ауыл тұрғындары өздерінде атқарылу кезегін күтіп тұрған өзекті мәселелерді сұрақ-жауап бөлімінде іркілмей қозғай білді. Жайылымдық жерлердің жай-күйі, салауатты өмір салтының берік кепілі денсаулық пен спортты дамытып, өркендету секілді тағы да басқа мәселелер сөз болды.

Мәселен, Балтакөл ауылындағы ұзындығы 2000 метр болатын М.Әжіқабылов көшесіне аяқ жол салу үшін Балтакөл ауыл округі әкімі аппаратымен жер учаскесіне жерге орналастыру жобасы әзірленіп, мемлекеттік актісі алынған. Қазіргі таңға сметалық құжаты әзірленді. Құны 27,4 млн теңге болатын нысан 2023 жылы бюджеттен қаржыландыруға ұсынылатын болады. Балтакөл-Маяқұм елді мекен шекарасындағы Аққұм каналына қазіргі таңда «Қазсушар» РМК тарапынан СНП-500 дизель отынын тұтынатын насосы жеткізілген, суғару маусымы басталғанға дейін орналастырылып берілетін болады.

Ауыл тұрғындарымен өткізілген жиналыс барысында мәселесін айта алмаған азаматтар үшін де жеке қабылдау өткізген Сәкен Асылханұлы көтерілген мәселелердің түйінін тарқатуды тиісті бөлімдерге нақты тапсырмалар берді. «Тұрғындар тарапынан айтылған мәселелер аяқсыз қалмауы керек. Бәрі хаттамаға енгізілсін. Әрбір бөлім басшылары өздеріне қатысты салалар бойынша жұмыс жасаңыздар. Бүгін айтылған мәселе келесі кездесуде қайта көтерілмеуі керек» деді Сәкен Асылханұлы. Қос ауыл округінде өткізілген келелі жиындарда ардагерлер қауымы Сәкен Асылханұлының жауапты қызметіне табыс тілеп, ақ баталарын берді.

Түрлі деңгейдегі әкімдердің халықпен кездесуі биылдан бастап жүйелі түрде өткізіліп келе жатқаны белгілі. Осы үдерістің тарихына тереңірек тоқтала кетсек. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 3 наурыздағы №826 "Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы" Жарлыққа қол қойған болатын. Барлық деңгейдегі әкімдер жыл бойы халықпен кездесулер өткізсін, олардың барысында халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерге баса назар аудара отырып, Қазақстанды жаңғыртудың жаңа бағдарының негізгі бағыттары туралы хабардар етсін және проблемалық мәселелерді шешудің жолдары мен мерзімдерін түсіндірсін", - деп құжатта айтылған.

Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың әкімдері: 1) жыл сайын 15 қаңтарға дейін мыналарды: жарты жылда бір рет облыс әкімінің әр ауданда және облыстық маңызы бар әр қалада кемінде бір көшпелі кездесуін; республикалық маңызы бар қала, астана әкімінің қаланың әр ауданында тоқсан сайын кемінде бір көшпелі кездесуін; аудан әкімінің әр ауылда, кентте, ауылдық округте, аудандық маңызы бар қалада тоқсан сайын кемінде бір көшпелі кездесуін; облыстық және аудандық маңызы бар қала, ауылдық округ әкімінің қаланың, ауылдық округтің құрамына кіретін әр ауданда (шағын ауданда), ауылда, кентте тоқсан сайын кемінде бір көшпелі кездесуін; ауыл, кент, қаладағы аудан әкімінің тоқсан сайын кемінде бір кездесуін өткізу көзделген әкімдердің халықпен кездесулерінің икемді жылдық күнтізбесін (бұдан әрі – күнтізбе) әзірлеп, оны мәслихатпен келісу бойынша бекітіп отырсын. Қажет болған жағдайда күнтізбені мәслихатпен келісу бойынша түзетуге жол беріледі; 2) жыл сайын 20 қаңтарға дейін Қазақстан Республикасының Үкіметіне бекітілген күнтізбені ұсынсын.  Барлық деңгейдегі әкімдер: 1) халықтың талап етуі бойынша және қажет болған кезде күнтізбеден тыс халықпен кездесу өткізсін; 2) техникалық мүмкіндіктерді ескере отырып, халықтың әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттарда міндетті түрде пікір білдіру мүмкіндігімен онлайн-трансляциялар, сондай-ақ қажет болған жағдайда бейнеконференцбайланыс ұйымдастыру арқылы кездесулер өткізуді қамтамасыз етсін; 3) кездесу үшін жоспарланған уақыттың төрттен бірден аспайтын бөлігін баяндаманы таныстырумен, уақыттың қалған бөлігін «сұрақ-жауап» форматында өткізсін; 4) халықпен кездесулер өткізгенге дейін: проблемалық мәселелердің пулын жасау үшін жергілікті қоғамдастық жиналысы және қоғамдық кеңестер мүшелерінің қатысуымен халықтың сұраулары мен ұсыныстарын жинау жөнінде комиссия құруды;   ашық деректердің интернет-порталына және әкімдердің блог-платформасына, сондай-ақ коммуникацияның басқа да нысандарында халықтан келіп түскен сұраулар мен ұсыныстарды жинауды және талдауды; бұқаралық ақпарат құралдарында, оның ішінде өңірлік баспа басылымдарында, радиода, ресми интернет-ресурстарда және «электрондық үкімет» веб-порталында, ашық деректер интернет-порталында, сондай-ақ әкімдіктердің (әкімдер аппараттарының) ресми аккаунттарында, әлеуметтік желілерде және барлығына қолжетімді жерлерде ақпараттық-насихат  жұмысын жүргізуді; әкімнің халықпен кездесуін өткізу туралы хабарландыруды: облыс, республикалық маңызы бар қала және астана, аудан, облыстық және аудандық маңызы бар қала әкімі өткізетін кездесу күніне дейін екі апта бұрын; ауыл, кент, ауылдық округ, қаладағы аудан әкімі өткізетін кездесу күніне дейін бір апта бұрын ұйымдастыруды қамтамасыз етсін; 5) халықпен кездесулер өткізгеннен кейін: жергілікті атқарушы органдардың, прокуратура және ішкі істер органдарының басшылық құрамымен, мәслихат депутаттарымен, қоғамдық кеңестер мүшелерімен, жергілікті зиялылармен бірлесіп, азаматтарды жеке қабылдауды өткізсін; проблемалық мәселелерді қаржыландыру мүмкіндігін мәслихат сессиясында қарай отырып, жүйеге келтірсін; кездесулер мен азаматтарды қабылдау аяқталған күннен бастап күнтізбелік он күннен кешіктірмей, өткізілген кездесулердің қорытындылары туралы ақпаратты, проблемалық мәселелердің тізбесін, проблемалық мәселелерді шешудің нақты мерзімдерін, жауапты орындаушыларды көрсете отырып, оларды шешу жөніндегі іс-қимыл жоспарын бұқаралық ақпарат құралдарында, оның ішінде ресми интернет-ресурстарда және «электрондық үкімет» веб-порталында орналастыруды қамтамасыз етсін; тоқсан сайын есепті кезеңнен кейінгі айдың 25-күніне қарай кездесулерде халық көтерген проблемалық мәселелерді шешу барысы туралы ақпаратты ресми интернет-ресурстарда және «электрондық үкімет» веб-порталында орналастырсын.

Қазақстан Республикасының Үкіметі: 1) жыл сайын есепті жылдан кейінгі 1 ақпанға дейін өңірлердің бекітілген күнтізбелерін Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне ұсынуды; 2) жыл сайын есепті жылдан кейінгі жылдың 15 ақпанына және 15 тамызына дейін орталық атқарушы органдар, ұлттық холдингтер мен компаниялар деңгейінде шешуді талап ететін проблемалық мәселелердің тізбесін және оларды шешу жөніндегі ұсыныстарды жинауды; 3) әкімдердің халықпен көшпелі кездесулерінің қорытындысы бойынша халық көтерген мәселелерді шешу жолдары мен олардың орындалу барысын көрсете отырып, олардың ішінен  құзыретіне кіретін проблемалық мәселелердің тізбесін орталық атқарушы органдардың, ұлттық холдингтердің, компаниялардың ресми интернет-ресурстарында орналастыруды және тоқсан сайын жаңартуды қамтамасыз етсін» - делінген болатын президент Жарлығында.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат»

 

Оқылды 527 рет