Сенбі, 08 Қазан 2022 03:39

Отырар ауданы әкімінің есепті кездесуі Көксарай, Аққұм ауылдарында жалғасын тапты

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес өңір әкімдерінің тұрғындармен тоқсан сайын кездесуі тапсырылған. Осы мақсатта бүгін аудан әкімі Сәкен Сұлтанханов Көксарай, Аққұм ауылының тұрғындарымен есепті кездесуін өткізді. Аудан басшысы 3- тоқсанды қорытындылап, ауылдың экономикалық даму көрсеткішін баяндап, елді мекендерді аралау кезінде көтерілген мәселелердің шешілуі бойынша есеп берді.

Кездесуде халық тарапынан «Аққұм ауыл округінде Кеңес кезеңінде суармалы жер ретінде пайдаланылған Құдайбергенов каналы бойындағы орман қорына қарасты 80-100 га жуық жерді мемлекет меншігіне қайтарып, тұрғындарға суармалы жер ретінде берілсе» деген өтінішіне аудан басшысы С.Сұлтанханов «Сырдария-Түркістан» өңірлік табиғи паркіне қарап кеткен 80 га суғармалы жерге зерделеу жұмыстары жүргізілгенін мәлімдеді. Аталған аумақ аудан әкімдігінің 24.06.2002 жылғы №1262 қаулысымен 861 316 га жерлер орман қорына тұрақты жер пайдалану құқығымен берілген. 2003 жылғы 8 шілдедегі Қазақстан Республикасының Орман кодексінің 1-бабының 32-тармағында «Орман – ағаш пен бұта өсiмдiктерiнiң және тірі табиғаттың басқа да компоненттерiнiң жиынтығы негiзiнде белгiлi бiр аумақта қалыптасатын, қоршаған ортамен өзара байланыстағы және маңызды экологиялық, экономикалық және әлеуметтiк мәнi бар табиғи кешен», 34-тармағында «орман дақылдары – орманның ағаш және бұта тұқымдыларынан қолдан өсірілген екпелер», 35-тармағында «орман дақылдарының қоры – орман көмкермеген жерлер (ағашы кесілген орындар, өртеңдер, алаңқайлар, селдір ормандар) және ормандануы орманды қолдан өсіру арқылы ғана мүмкін болатын ормансыз жерлер»- деп көрсетілген.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» 2006 жылғы 7 шілдедегі Заңының 1-бабының 3-тармағына сәйкес «ерекше қорғалатын табиғи аумақ – ерекше қорғау режимi белгiленген мемлекеттiк табиғи-қорық қорының табиғи кешендерi мен объектiлерi бар жер учаскелерi, су объектiлерi және олардың үстiндегi әуе кеңiстiгi»-деп көрсетілген. Аталған баптарға сәйкес ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды ауданның жер қорына алуға сондай-ақ ауыл тұрғындарына уақытша пайдалану құқығымен беруге мүмкіндік жоқ екендігін мәлімдеді. Ауылдағы Көккөл, Құдайберген каналдарына жаңа су айдайтын насос қосу үшін 2 насос, Құдайберген каналына 1 насос «Қазсушар» РМК тарапынан жалпы 3 дана СНП-500 насосы келесі жылға күрделі жөндеуден өтікізіп, орналастыру жоспарға енгізілгенін тілге тиек етті.

Сондай-ақ аудан басшысы Аққұм ауылының тұрғыны С.Молдабекованың тұрғын үйіне дейінгі бөлікке орташа жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Осыған орай, азаматшаның тұрғын үйіне дейінгі бөлікке жалпы ұзындығы 160 метр болатын Л.Оспанов көшесіне демеушілер есебімен ағымдағы жылдың қазан айында тас төселетінін жеткізді. Көксарай ауылы, Шеңгелді елді мекеніндегі «Көларық» каналын 2023 жылға механикалық тазалаудан өткізу жоспарланып жатқанын, ал, насос қою бойынша «Қазсушар» РМК-і тарапынан тиімділігі қаралуда екенін айтқан аудан әкімі С.Сұлтанханов қосымша 2023 жылға «Беларық» каналындағы 2-дана СНП-500 насосын күрделі жөндеуден өткізіп, жаңадан 1-дана носос орнату жоспарға енгізіліп, осылардың нәтижиесінде аталған канал бойындағы суармалы жерлер толық ағын сумен қамтамасыз етілетіндігін, Сонымен қатар, Көксарай ауыл округінде орналасқан «Қазсушар» РМК-нің теңгеріміндегі ұзындығы 7,6 шақырымды құрайтын «Сарыбел» каналын аудандық коммуналдық меншікке өткізу жөнінде «Қазсушар» РМК-не аудан әкімінің орынбасарының атынан 01.08.2022 жылы №13/02-13/48 және 09.08.2022 жылы №13/02-13/75 санды хаттары жолданған. Қазіргі уақытта ұсыныс қаралып жатқанынын хабарлады.

Жол мәселесіне келер болсақ, аудан әкімі Көксарай ауылындағы ұзындығы 1400 метр болатын Сеңгірбеков көшесіне аяқжол салу үшін Көксарай ауыл округі әкімі аппараты арқылы жерге құқық беретін мемлекеттік актіні рәсімдеп, аяқ жол салу жұмыстарын 2023-2025 жылдар аралығында жүзеге асыру жоспарда бар екенін жеткізді. Жиын соңында сөз алған С.Сұлтанханов: «Бізде барлық мүмкіндік бар. Кедергілерге терең үңіліп, үлкен жауапкершілікпен және адамгершілік тұрғыдан қарау керек. Сонымен қатар, сабыр сақтап, төзімділік таныту да мәселені шешуге оң ықпал етеді деп ойлаймын. Шешілмейтін мәселе жоқ. Түйінді мәселелерді дұрыс әрі тиімді шешу үшін біз бар күш-жігерімізді салатын боламыз» деп ауыл тұрғындарын бірлесіп, жұмыс жасауға шақырып, барлық мәселердің біртіндеп шешілетініне сендірді. Есептік кездесу барысында тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға нақты жауаптар берілді. Сонымен қатар, күрделі мәселелер бақылауға алынып, мүмкіндігінше шешімін табатын болады.

Елімізде түрлі деңгейдегі әкімдердің халықпен кездесуі жүйелі түрде өткізіліп келеді. Осы үдерісті өткізу үшін мемлекет басшысы арнайы Жарлық та шығарды. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 3 наурыздағы №826 "Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы" Жарлыққа қол қойған болатын. Барлық деңгейдегі әкімдер жыл бойы халықпен кездесулер өткізсін, олардың барысында халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерге баса назар аудара отырып, Қазақстанды жаңғыртудың жаңа бағдарының негізгі бағыттары туралы хабардар етсін және проблемалық мәселелерді шешудің жолдары мен мерзімдерін түсіндірсін", - деп құжатта айтылған.

Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың әкімдері: 1) жыл сайын 15 қаңтарға дейін мыналарды: жарты жылда бір рет облыс әкімінің әр ауданда және облыстық маңызы бар әр қалада кемінде бір көшпелі кездесуін; республикалық маңызы бар қала, астана әкімінің қаланың әр ауданында тоқсан сайын кемінде бір көшпелі кездесуін; аудан әкімінің әр ауылда, кентте, ауылдық округте, аудандық маңызы бар қалада тоқсан сайын кемінде бір көшпелі кездесуін; облыстық және аудандық маңызы бар қала, ауылдық округ әкімінің қаланың, ауылдық округтің құрамына кіретін әр ауданда (шағын ауданда), ауылда, кентте тоқсан сайын кемінде бір көшпелі кездесуін; ауыл, кент, қаладағы аудан әкімінің тоқсан сайын кемінде бір кездесуін өткізу көзделген әкімдердің халықпен кездесулерінің икемді жылдық күнтізбесін (бұдан әрі – күнтізбе) әзірлеп, оны мәслихатпен келісу бойынша бекітіп отырсын. Қажет болған жағдайда күнтізбені мәслихатпен келісу бойынша түзетуге жол беріледі; 2) жыл сайын 20 қаңтарға дейін Қазақстан Республикасының Үкіметіне бекітілген күнтізбені ұсынсын.  Барлық деңгейдегі әкімдер: 1) халықтың талап етуі бойынша және қажет болған кезде күнтізбеден тыс халықпен кездесу өткізсін; 2) техникалық мүмкіндіктерді ескере отырып, халықтың әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттарда міндетті түрде пікір білдіру мүмкіндігімен онлайн-трансляциялар, сондай-ақ қажет болған жағдайда бейнеконференцбайланыс ұйымдастыру арқылы кездесулер өткізуді қамтамасыз етсін; 3) кездесу үшін жоспарланған уақыттың төрттен бірден аспайтын бөлігін баяндаманы таныстырумен, уақыттың қалған бөлігін «сұрақ-жауап» форматында өткізсін; 4) халықпен кездесулер өткізгенге дейін: проблемалық мәселелердің пулын жасау үшін жергілікті қоғамдастық жиналысы және қоғамдық кеңестер мүшелерінің қатысуымен халықтың сұраулары мен ұсыныстарын жинау жөнінде комиссия құруды;   ашық деректердің интернет-порталына және әкімдердің блог-платформасына, сондай-ақ коммуникацияның басқа да нысандарында халықтан келіп түскен сұраулар мен ұсыныстарды жинауды және талдауды; бұқаралық ақпарат құралдарында, оның ішінде өңірлік баспа басылымдарында, радиода, ресми интернет-ресурстарда және «электрондық үкімет» веб-порталында, ашық деректер интернет-порталында, сондай-ақ әкімдіктердің (әкімдер аппараттарының) ресми аккаунттарында, әлеуметтік желілерде және барлығына қолжетімді жерлерде ақпараттық-насихат  жұмысын жүргізуді; әкімнің халықпен кездесуін өткізу туралы хабарландыруды: облыс, республикалық маңызы бар қала және астана, аудан, облыстық және аудандық маңызы бар қала әкімі өткізетін кездесу күніне дейін екі апта бұрын; ауыл, кент, ауылдық округ, қаладағы аудан әкімі өткізетін кездесу күніне дейін бір апта бұрын ұйымдастыруды қамтамасыз етсін; 5) халықпен кездесулер өткізгеннен кейін: жергілікті атқарушы органдардың, прокуратура және ішкі істер органдарының басшылық құрамымен, мәслихат депутаттарымен, қоғамдық кеңестер мүшелерімен, жергілікті зиялылармен бірлесіп, азаматтарды жеке қабылдауды өткізсін; проблемалық мәселелерді қаржыландыру мүмкіндігін мәслихат сессиясында қарай отырып, жүйеге келтірсін; кездесулер мен азаматтарды қабылдау аяқталған күннен бастап күнтізбелік он күннен кешіктірмей, өткізілген кездесулердің қорытындылары туралы ақпаратты, проблемалық мәселелердің тізбесін, проблемалық мәселелерді шешудің нақты мерзімдерін, жауапты орындаушыларды көрсете отырып, оларды шешу жөніндегі іс-қимыл жоспарын бұқаралық ақпарат құралдарында, оның ішінде ресми интернет-ресурстарда және «электрондық үкімет» веб-порталында орналастыруды қамтамасыз етсін; тоқсан сайын есепті кезеңнен кейінгі айдың 25-күніне қарай кездесулерде халық көтерген проблемалық мәселелерді шешу барысы туралы ақпаратты ресми интернет-ресурстарда және «электрондық үкімет» веб-порталында орналастырсын.

Қазақстан Республикасының Үкіметі: 1) жыл сайын есепті жылдан кейінгі 1 ақпанға дейін өңірлердің бекітілген күнтізбелерін Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне ұсынуды; 2) жыл сайын есепті жылдан кейінгі жылдың 15 ақпанына және 15 тамызына дейін орталық атқарушы органдар, ұлттық холдингтер мен компаниялар деңгейінде шешуді талап ететін проблемалық мәселелердің тізбесін және оларды шешу жөніндегі ұсыныстарды жинауды; 3) әкімдердің халықпен көшпелі кездесулерінің қорытындысы бойынша халық көтерген мәселелерді шешу жолдары мен олардың орындалу барысын көрсете отырып, олардың ішінен  құзыретіне кіретін проблемалық мәселелердің тізбесін орталық атқарушы органдардың, ұлттық холдингтердің, компаниялардың ресми интернет-ресурстарында орналастыруды және тоқсан сайын жаңартуды қамтамасыз етсін» - делінген болатын президент Жарлығында.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат»

 

Оқылды 524 рет