Сейсенбі, 18 Қазан 2022 01:23

Отырар ауданында ардагерлердің қатысуымен Республика күніне арналаған іс-шара өтті

Отырар ауданының орталғы Шәуілдір ауылындағы «Белсенді ұзақ өмір» әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» КММ-де 25-қазан Республика күні мерекесіне орай ардагерлердің қатысуымен жиын өтті.

Шараның мақсаты Тәуелсіз Қазақстанның егемендік алғаннан кейінгі қалыптасу тарихымен таныстыру, сондай-ақ еліміздің қоғамдық-саяси, экономикалық, әлеуметтік және рухани өміріндегі оң өзгерістерді кеңінен насихаттау болып табылады. Жиынға ардагерлер қауымы Тәуелсіздік жылдарындағы жеткен жетістіктерімізді сөз етіп өз ойларын ортаға салды. Сондай-ақ, 2022 жыл 1 қыркүйектегі мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылған өзекті мәселелерге тоқталды.

Қазақ халқы үлкенге қарап бой түзейтін халықпыз. Алдыңғы буыннан үлгі алып, үлкендерге жол беріп, батасын алуға тырысамыз. Отбасының берекесі, шаңырағының тыныштығы мен татулығының тұтқасы болған абыз ақсақалдар, ақ жаулықты әжелеріміз біз үшін әрқашан да үлгі-өнеге болмақ. Шара соңында ардагерлер осындай келелі жиынның ұйымдастырушыларына ризашылықтарын білдіріп, ақ батасын берді. Айта кетерлігі, алдағы уақытта аудан көлемінде жоспар аясында түрлі мәдени іс-шаралар өткізу жоспарланып отыр. Мәселен, мереке қарсаңында еріктілер мен қоғамдық ұйымдар қайырымдылық және экологиялық акциялар өткізіліп, бірқатар спорттық нысандар ашылатын болады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл жыл басында Тәуелсіздік алған күн мен Республика күнінің ара-жігін ажыратып, 25-қазанды «Республика күні», ұлттық мереке ретінде бекітті. Нақтырақ айтқанда, 13 жылдан кейін бұл мереке алғаш рет тойланайын деп отыр. Біріншіден, 1990 жылы 25-қазанда Қазақстанның Мемлекеттік Егемендігі туралы Декларация қабылданып, еліміз Тәуелсіздік алуға алғашқы қадамын жасады. Осыдан кейін «Республика күні еліміздің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек» деген ұран пайда болды. Екіншіден, қабылданған Декларацияда алғаш рет ел аумағының тұтастығы, қазақ халқының және Қазақстандағы басқа да ұлт өкілдерінің мәдениетін, дәстүрін, тілін қайта түлету, ұлттық болмысты қалыптастыру әрі нығайту сияқты мемлекеттік қағидаттар бекітілді. Үшіншіден, құжатта саяси, экономикалық және әлеуметтік мәселелерді өз бетінше шешу принципі жарияланды. Одан бөлек, мемлекетке ішкі әскер, мемлекеттік қауіпсіздік және ішкі істер органдарын құру құқығы берілді. Ал Президент Мемлекет басшысы, әкімшілік-атқарушы жоғарғы биліктің басшысы болып танылды. Осы қағидаттардың негізінде кейінірек – 1991 жылғы 16-желтоқсанда – «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң қабылданғаны бәрімізге белгілі.Төртіншіден, Республика күні мемлекеттік емес, ұлттық мереке санатына енді. Ұлттық мереке кезінде мемлекеттік органдарда міндетті түрде ресми іс-шаралар өткізіледі. Себебі олар ерекше тарихи маңызы бар және мемлекеттіліктің дамуына елеулі әсер еткен оқиғалар қатарына жатады.Бесіншіден, бұл – тарихи және өте маңызды шешім болды. Еліміздің тәуелсіздігі шынымен де осы күннен басталады. Болашақта бұл мереке тәуелсіздікті дәріптеп, нығайтуға септігін тигізеді деген сенім бар.

Айта кетейік, Республика күні 2001 жылдан бастап ұлттық мерекелер тізімінде болған. Алайда 2009 жылы алынып тасталып, 2022 жылдың 16-шілдесінде Ұлттық құрылтайда Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық мереке мәртебесін Республика күніне қайтаруды ұсынды. Қыркүйек айының ортасында Қазақстан Республикасының парламенті «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» заңға түзетулер енгізді. Құжатқа сәйкес, «25-қазан Республика күні» – ұлттық мерекеге, ал «16-желтоқсан Тәуелсіздік күні» – мемлекеттік мерекеге айналды. Бұл – тәуелсіздік күнін «еске алу», «қазалы күн» деген тіркестермен халық санасына сіңіру болып тұр. Биыл бәрі өзгермек. Әр мерекеге тарихи баға беріліп, халық санасына қозғау салатындай бағдар көрсетілді.13 жылдан кейін оралған Республика күні бәрімізге құтты болсын!

 

 

Оқылды 420 рет