Бейсенбі, 13 Қазан 2022 22:16

Саурандық ұстаз мемлекет басшысының қолынан «Шапағат» медалін алды

Мемлекет басшысы Түркістан облысының жұртшылығымен кездесті. Президент кездесу барысында жұмыс сапарының негізгі мақсаты облыстағы ахуалмен танысу екенін айтып, Түркістанды атажұртымыздың алтын қазығы деп атап өтті.

– Түркістан – бәріміздің мақтанышымыз, екі дүние есігі, ер түріктің бесігі атанған бүкіл әлемге танымал қасиетті жер. Осы киелі шаһардың төл тарихымызда айрықша орны бар. Түркістан төріндегі Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – руханиятымыздың мызғымас діңгегі. Сондықтан Түркістанға, жалпы, осы облысқа ерекше мән беруіміз керек. Бұл, ең алдымен, Үкіметіміздің басты міндеті, – деді Президент.

Президент жиын соңында бірқатар еңбек ардагерін мемлекеттік наградалармен марапаттады. Атап айтқанда, «Водные ресурсы-Маркетинг» ЖШС директоры Анарбек Орман І дәрежелі «Барыс» орденімен, еңбек ардагері Жарылқасын Әзіретбергенұлы ІІІ дәрежелі «Барыс» орденімен және еңбек ардагері Қойшыбай Әріпбай мен Мәдениет және спорт министрлігі «Қазқайтажаңарту» РМК Түркістан филиалының сәулетшісі Нұрғали Имажанов «Парасат» орденімен наградталды. Сондай-ақ, «Южный Казахстан» облыстық газетінің бас редакторы Марина Лимаренкоға «Ерен еңбегі үшін» медалі, Сауран ауданы, Ж.Тәшенов атындағы жалпы орта мектебінің география пәнінің мұғалімі Пернебай Арыновқа «Шапағат» медалі табыс етілді.

Сауран ауданында қарапайым мұғалім болып жұмыс істейтін Арынов Пернебай Сапарбайұлы ұстаздық еңбек жолын 2001 жылы Қызыл Әскер жалпы орта мектебінде бастап, қазіргі уақытқа дейін оса мектепте география пәні мұғалімі болып жемісті жұмыс атқарып келеді. Жақында ғана бұл мектеп Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен Мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Тәшеновтың атауы берілген болатын.

Пернебай Сапарбайұлы еңбек жолында түрлі марапаттаулар мен жетістіктерге жетіп келеді. «Бір жылға жоспар құрсаң - егін ек, жүз жылға жоспар құрсаң ағаш ек, ал мәңгілік мұратты көздесең - ұрпақ тәрбиеле» дегендей бала жауапкершілігі зор, салмағы ауыр міндет. Өйткені, бүгінгі жас буын ел болашағының ертеңгі кілті. XXІ ғасыр тың идеялар мен жасампаз жаңалықтың дәуірі. Оған лайық болу қазіргі жаһандану процесіндегі кез келген мемлекеттің негізгі ұстанымы. Ендеше, тәуелсіз елімізде өркениетке жетелер жолдың бастауы - оның жүрегі де, тірегі де педагогтар қауымы деп білеміз. Пернебай Сапарбайұлын Мемлекеттік «Шапағат» медалін алуымен шын жүректен құттықтаймыз.

Шәкiрттерiн бi­лiм нәрiмен сусындатып, тәлім-тәр­биe беру, жақсы қасиeттерді бо­йы­на дарытып, адамгершілік рухта ба­ғыт-бағдар берудe ұстaздың ең­бе­гi зор. Сондықтан да ол әрдайым құр­метке лайық! Ұстaз таудaн арқырaй аққaн тау өзені секiлді, айналасына қуат беріп, жолында кездескендерді суымен нәрлендіріп, тау­дай қиындықтарды тастай домалатып, білімнің сар даласында тыныштық тауып, дамылдайды. Ұстаз – Жер деген әлемнің бетін көркейткен, шәкірттеріне шуақ төккен Күн-ана тәрізді. Ұстаз – ақылдың тозбaйтұғын асылы. Жылда жаңа оқу жылымен қатарлас келетін Ұстаздар күні де күздің үлесіне тиеді. Елімізде қазан айының бірінші жексенбісі ұстаздар күні ретінде мерекеленіп келеді. Жас ұрпақтың санасына сыналай енгізетін тәлім-тәрбие, үлгі-өнеге өлшеусіз.

Сырттай қарапайым болғанымен, тарихтағы ұлы істі атқарып жүрген жұмыс – ұстаздыкі. Біліммен баулып, биікке ұшы­ра­тын оқушыларының оқуда озат, өмірде патриот болуы ұстаздың ұста­ны­мы­на байланысты. Мамандық көп. Бірақ мамандықтың түрлі болғаны маңызды емес, қанша мамандық болса да сізді маман қылатын тағы да ұстаз. Мейлі сіз ғалым болыңыз, жұлдыз, тіпті беделді азамат, президент болып кетсеңіз де сізді осы өмірге жетелеген, осы шыңға жетуге себепші болған ұстазды ұмытуға қақыңыз жоқ. Оның еңбегін сыйлау, оған құрмет көрсету – сол адамға деген сый-сияпат емес, сіздің тәрбиелі, тәлімді тұлға болғаныңыз. «Адамның адамшылдығы жақсы ұстаздан» деп Абай хакім айтпақшы, әрбір ісіңіз жеңіске жетіп жатса, оның артында ұстаздың бір тамшы болса да еңбегі барын есте сақтаңыз.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат»

Оқылды 418 рет