Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Барлық деңгейдегі әкімдер жыл бойы халықпен кездесулер өткізсін. Олардың барысында халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерге баса назар аудара отырып, Қазақстанды жаңғыртудың жаңа бағдарының негізгі бағыттары туралы хабардар етсін және проблемалық мәселелерді шешудің жолдары мен мерзімдерін түсіндірсін» деп тапсырма берген болатын.
Оранғай жұртымен кездескен аудан әкімі Ғани Құрмашұлы аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстар туралы және оның ішінде Оранғай ауылдық округі бойынша кеңінен тоқталып өтті. Бұған дейінгі өткен кездесулерде ауыл тұрғындары тарапынан көтерілген мәселелердің басым бөлігінің шешілгенін айтып, алдағы уақытта шешімін табатын мәселелерді тілге тиек етті.
Еркін форматта өткен кездесу барысында тұрғындар тарапынан бірнеше сұрақтар қойылды. Атап айтсақ, Қошқорған елді мекеніне жарықтандыру мәселесі, ауылдық округте учаскелік полицейлердің тұрақтамайтынын, Бостандық елді мекеніндегі Мешіт көшесін асфальттау, көшелерге камера қою, тратуарлар салу, трансформаторлар орнату, ауыз су мәселелерін көтерді. Ауыл тұрғындарының көтерген мәселелері бойынша аудан әкімі Ғани Құрмашұлы заң аясында кезең-кезеңімен шешілетінін, бұл бойынша тұрақты бақылауда болатынын жеткізді.
Кездесуден соң аудан әкімі жеке қабылдау өткізді. Оған ауыл тұрғындары Ю.Қасимов Қосқорған ауылында орналасқан скважиналарды ауыз суға пайдалану бойынша тазалап беруді сұраса, И.Турметов жеке тұрғын үйді стадион салу мақсатында ауыстыруын, Ж.Егембердиев Кентау-Түркістан жолы бойына камера қоюды, өздері пайдаланып отырған ауыз суға фильтр орнатып беруді сұрады.
Жеке қабылдауға келген өтініштер бойынша алдағы уақытта тиісті жұмыстар жүргізілетінін, бұл бойынша жауапты бөлім басшыларына нақты тапсырма беріп, алдағы уақытта шешілетінін жеткізді.
Өздеріңіз білетіндей, биыл түрлі деңгейдегі әкімдердің халықпен кездесіп тұруын міндеттейтін президент жарлығы шыққан болатын. Жыл басында Ашық Үкімет порталында «Әкімдердің халықпен тұрақты кездесулер өткізу туралы» құжатының жобасы жарияланды. Құжатта Президент Жарлығы бойынша әкімдер кездесулерге қалай дайындалып, оларды қалай жариялап отыру керектігі, халықпен жергілікті басшылар қанша уақыт аралығында кездесіп тұруы керектігі, есеп беру жиындарында неше уақыт сөйлеп, не мәселелерді талқыға салу керектігі айтылған. Ашық Үкімет порталында жарияланған жоба 16 ақпанға дейін қоғамдық жария талқыға шығарылған болатын. Естеріңізде болса, мұндай құжат бұған дейін де болған. Атқарушы билік өкілдері бұған дейін сол нұсқаулықтар негізінде жұмыс істеп келді. Алайда, қаңтардағы жағдай бұндай шоу сипатындағы есеп берулердің заманы өткенін, әкімдердің тек сандарға ғана сүйенетін сала құлаш баяндамаларын оқып кететін кезеңдерінің келмеске кеткенін көрсетті. Қаңтар оқиғасынан кейінгі айда жарияланған құжатта қандай мәселелер айтылады, оның бұрынғы нұсқаулықтардан айырмасы қандай? ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі әзірлеген «Орталық атқарушы органдар басшыларының халықпен тұрақты кездесуін ұйымдастыру және өткізу туралы» құжат барлық деңгейлі әкімдер жұмысын жыл бойы халықпен тұрақты көшпелі кездесу өткізу керектігінен басталады.
Қоғамды одан әрі демократияландыру, халықты елде жүргізіліп жатқан реформалардан хабардар ету, жергілікті атқарушы органдардың ашықтығын, жауапкершілігін арттыруды мақсат ететін құжатта «Қазақстанды жаңғыртудың жаңа бағдарының негізгі бағыттарын және нақты мерзімдерін көрсете отырып, өзекті проблемаларды шешудің жолдарын түсіндіру» міндеті жайлы айтады. Және бұл міндетті онлайн платформалар арқылы, әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында, оның ішінде өңірлік баспа басылымдарында, радиода, ресми интернет-ресурстарда және «электрондық үкімет» веб-порталында, ашық деректер интернет-порталында, сондай-ақ, әкімдіктердің (әкімдер аппараттарының) ресми аккаунттарында және әкімдердің жеке аккаунттарында» әкімдер мен әкімдік қызметкерлері атқаруы керектігі нақтыланған.
Бұл құжаттың негізгі ерекшеліктерінің бірі деп атқарылуы тиіс іс шаралар мерзімінің белгіленіп, регламенттелуін және нақты нәтижеге жұмыс істеу тапсырылғанын айтуға болады. Талап көпке ортақ. Жергілікті басқару органдары ісінің нәтижелі болуы қоғамдық сенімге ие болудың төте жолы. Бұл ретте жобадағы мынадай талаптардың орындалуы маңызды:
«Тоқсан сайын есепті кезеңнен кейінгі айдың 25-і күніне қарай кездесулерде халық көтерген проблемалық мәселелерді шешу барысы туралы ақпаратты (проблемалық мәселе, орындалу барысы) ресми интернет-ресурстарда және «электрондық үкімет» веб-порталында орналастырсын.
Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың әкімдері:
1) жыл сайын 15 қаңтарға дейінгі мерзімде өңірдегі әлеуметтік жағдайды ескере отырып мыналарды көздейтін әкімдердің шығулары мен халықпен кездесулерінің икемді жылдық күнтізбесін әзірлесін және оны мәслихатпен келісу бойынша бекітсін:
– жарты жылда бір рет облыс әкімдерінің әр ауданға және облыстық маңызы бар қалада кемінде бір көшпелі кездесу;
– тоқсан сайын республикалық маңызы бар қалалар, астана әкімдерінің қаланың әр ауданына (шағын ауданына) кемінде бір көшпелі кездесу;
– тоқсан сайын аудан әкімдерінің әр ауылға, кентке, ауылдық округке, аудандық маңызы бар қалаға кемінде бір көшпелі кездесу;
– тоқсан сайын облыстық және аудандық маңызы бар қалалар, ауылдық округ әкімдерінің қаланың, ауылдық округтің құрамына кіретін әр ауданға (шағын ауданға), ауылға, кентке кемінде бір көшпелі кездесу;
– ай сайын ауылдар, кенттер, қаладағы аудандар әкімдерінің кемінде бір кездесу өткізуін.
Қажет болған жағдайда мәслихатпен келісім бойынша күнтізбені түзетуге жол беріледі:
2) халықтың талап етуі бойынша және қажет болған кезде күнтізбеден тыс халықпен кездесулер өткізсін;
3) жыл сайын 20 қаңтарға дейінгі мерзімде бекітілген күнтізбені Үкіметке ұсынсын:
Әкімдіктер мен әкімдер аппараттары кездесулерді ұйымдастыруға мүдделі тұлғалардың, мәслихат депутаттарының, сарапшылардың, заңгерлердің, партиялар, қоғамдық ұйымдар мен сындарлы оппозиция өкілдерінің кең аудиториясын тартатын болсын.
Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу кезінде барлық деңгейдегі мәслихаттар:
республикалық маңызы бар қалалар, астана мәслихаттарының депутаттарын қаланың нақты аудандарына (шағын аудандарына);
облыстардың мәслихаттарының депутаттарын нақты аудандар мен облыстық маңызы бар қалаларға;
аудандар мәслихаттарының депутаттарын нақты ауылдарға, кенттерге, ауылдық округтерге және аудандық маңызы бар қалаларға;
облыстық маңызы бар қалалар мәслихаттарының депутаттарын қаланың нақты аудандарына (шағын аудандарына), сондай-ақ, қаланың құрамына кіретін ауылдарға, кенттерге бекітуді қамтамасыз етсін.
Жарты жылда бір рет тиісті деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының сессиясында ауыл, кент, ауылдық округ және аудандық маңызы бар қала әкімдерін қоспағанда, әкімдердің күнтізбеге сәйкес өткізілген кездесулерінің қорытындылары және халық көтеретін проблемалық мәселелерді шешу үшін іс-шараларды қаржыландыру бойынша ұсыныстар бойынша есептері тыңдалады» – делінген жобада. Сарапшы мамандар «егер бұл әдеттегі науқандық сипатын жойып, осы нұсқау реті бойынша жүзеге асатын болса әкімдердің жұмысынан нәтижелі іс күтуге болады» – дейді. Бұдан бөлек, жобада әкімдердің жергілікті оппозиция өкілдерін де тыңдау қажеттігі, олардың да талабын зерделеу керектігі айтылған. Бұған дейінгі әкімдердің есеп беру жиынының көп бөлігін олардың баяндамалары алатын. Аталмыш жобада осы мәселеге өзгеріс енгізіліп, «әкімнің есеп беру жиынындағы баяндамасы жиын уақытының төрттен бірін» ғана қамту қажеттігі айтылады. Қалған уақыт тұрғындармен тікелей сұрақ жауап форматын қамтуға тиіс. Егер осы ұстаным шын мәнінде жүзеге асатын болса, атқарушы билік ісінде сәл де болса жергілікті халыққа жақындау, халықтық диалогқа бет бұру қолға алынғаны көрінер ме еді?!
Әрине, осы кезеңге дейінгі түрлі деңгейдегі әкімдердің халық алдындағы есебі қалай ұйымдастырылатыны баршамызға мәлім. Баяндама. Алдын ала сөйлейтін адамдарды дайындау. Мақтау-мадақ, сықиған цифрлар, халықтың көзі де, көңілі де сенбейтін мәліметтер, ду қол шапалақ. Және бұл тәсілдер, сөз жоқ, бүгінгі күн тәртібіне жауап бере алмайды. Қоғамдық, саяси-әлеуметтік, мәдени-рухани өміріміз өзгеріске, жаңғыруға қадам бассын десек, барлық салаға түбегейлі модернизация қажет. Меніңше, барлық деңгейдегі әкімдердің есеп беру форматы өзгеру керек. Барлық сала мамандары жыл бойы атқарылған жұмыстар бойынша баяндаманы ел-халықтың алдында оқымастан бұрын аудандық, облыстық ақпарат құралдарында, интернет порталдарда халыққа қолжетімді етіп жариялау керек. Халық әкімнің есепті баяндамасымен толық танысып болған соң, әр сала бойынша (қаржы, ішкі істер қызметі, ауыл шаруашылығы, денсаулық, білім, экономика, коммуналдық шаруашылық, құрылыс, спорт, мәдениет, т.б.) қоғам өкілдерінен ары да, алақаны да таза азаматтардан (ауыл ақсақалдары, сала-сала бойынша белсенді һәм сауатты азаматтар) фокус топтар құрылу керек деп есептеймін. Бұл топтардың негізгі үйлестіру жауапкершілігі өңірден сайланған мәслихат депутаттарына жүктеліп, баяндама бойынша атқарылған жұмыстар толық сарапталып, сараланып, әкімнің жыл бойы атқарылған қызметіне нақты баға берілгені жөн. Бұл қадам ең әуелі қоғамдық өміріміздің ашықтығын, әкімнің бюрократиялық барьерлерден аулақ болуын, халықпен етене жұмыс істеуін қамтамасыз етер еді. Және тек есеп беретін белгілі бір кезеңде ғана емес, жыл бойы атқаруы тиіс міндеттерді ұдайы назарда ұстауға жол ашады. Сосын өңірлердегі қордаланған мәселелер бойынша әкімдер әр топтың мәжілісіне жеке-жеке қатысып, халықтың талап-тілектеріне байланысты нақты мәселелерді талқылап, ұсыныстар мен шешу жолдарын қоғам өкілдерімен бірге қарастырса сыбайлас жемқорлықтың, таныс-тамырдың, түрлі саладағы қиындықтардың азаюына зор үлес қосарына сенім мол.