Сенбі, 12 Қараша 2022 13:34

Отырар: Көпен Әмірбекпен қоштасу жиыны өтті

Бұл апта қазақ әдебиеті үшін ғана емес, қазақ жұрты үшін де қаралы хабарымен есте қалғандай болды. Қазақ елінің біртуар перзенті, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, журналист, сатирик Көпен Әмірбек ағамыз өмірден озды.

«Тас – түскен жеріне ауыр» дегендей, ең әуелі туғандарына, бауырларына, ұл-қыздарына көңіл айтамыз. Кеше туған жерінде тау тұлғамен қоштасу жиыны болып өтті. Жиынды аудан әкімі Сәкен Сұлтанханов жүргізді. Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бастап, сенат, мәжіліс депутаттары, министрлер, қоғам қайраткерлері, облыс әкімдері, қалың оқырмандары мен көпшілік қауым Көпен ағамыздың ағайынына көңіл айтып, қалың қазақтың қайғысын бөлісіп жатты.

Аудандық мәдениет сарайында өткен қоштасу жиынына қатысқан халықтың да қарасы мол болды. Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың, Парламент сенатының төрағасы Әшімбаев Мәулен Сағатханұлының және ҚР Мәжілісінің төрағасы, «Аманат» партиясының басшысы Қошанов Ерлан Жақанұлының, Мәдениет және спорт министрі Абаев Дәурен Әскербекұлының көңіл айту хаттарын ҚР мәдениет және спорт вице-министрі Дәуешов Нұрқиса Мұратұлы көпке оқып беріп, ағайын-туыстарына тапсырды. Түркістан облысының әкімі Сатыбалды Дархан Амангелдіұлының көңіл айту хатын Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қалқаманов Сәкен Амангелдіұлы, Шымкент қаласының әкімі Әйтенов Мұрат Дүйсенбекұлының көңіл айту хатын Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Мұқан Шыңғыс Жұмабекұлы оқып, қазалы жұртқа көңіл айтты. ҚР жазушылар Одағының хатшысы Құлкенов Мереке Әбдешұлы, мемлекет және қоғам қайраткері Шалатай Мырзахметов және Көпен ағамыздың досы Исахан Ақылбеков сынды тұлғалар Көпен Әмірбектің өмір жолы, әдебиет әлеміне сіңірген еңбегі, азаматтық тұлғасы туралы естеліктер айтып, сыр шертті. Бауырындай болып өскен ғалым, сыншы Ергөбек Құлбек Сәрсенұлының қимастық сөзі көптің көңілін босатты. Қоштасу жиынынан соң, қаралы жұрт «Арыстанбаба» мешітіндегі жаназа намазына қатысып, құран бағыштады.

Қазақтай ел барда, қазақ әдебиеті барда Көпен ағамыздың есімі ешқашан өшпейді. Ағамыздың артында қалған рухани мұрасынан әлі талай оқырман сусындай берері анық.

Көпен Әмірбек 1950 жылы 29 наурызда Түркістан облысы, Отырар ауданы, Ешкіқора ауылында дүниеге келген. Орта мектепті бітірген соң Отырардағы халық театрында еңбек жолын бастаған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін 1973 жылы бітіріп, Қиыр шығыста екі жылдық әскери партия мектебінде оқыған. 1978 жылы Мәскеуде, 1980 жылы Ташкентте өткен бүкілодақтық жас сықақшылар фестиваліне қатысып, «Правда» баспасынан шыққан «Надейся и жди», «Крохотные звезды» атты орыс тіліндегі ұжымдық жинақта әзілсықақтары жарияланды.

Саяси сатиралық «АраШмель» журналында әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, Бас редактор, ғылымитехникалық «Білім және еңбек» журналында жауапты хатшы, «Қазақ әдебиеті» газетінде сатира және юмор бөлімінің меңгерушісі, «Егемен Қазақстан» газетінде фельетон бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы мен Жоғарғы сотында баспасөз хатшысы, Қазақ радиосында Бас редактор боп қызмет істеді. Қазір саясиқоғамдық сатиралық «Ара» Kz журналының Бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы сатира кеңесінің төрағасы.

Көпен ӘмірБек «Қымызхана», «Тамаша» ойынсауық отауының белсенді авторы ретінде, сондайақ өзі құрған «Көпен келе жатыр!...» атты сатиралық театрымен көрерменге кеңінен танылды. Орыс әдебиетінің классиктері И.Крылов, С.Михалков, С.Маршактың мысалмысқылдары мен лезгин сатиригі Жамидиннің және өзбек әзілкеші Абдулла Қаһардың бірсыпыра сықақ өлеңдерін қазақ тіліне аударды. «Аты жоқ кітап», «Алып», «Тілім қышып барады», «Қысыр әңгіме», «Мың бір мысал», «Ауызбастырық», «Өзіңді танисың ба?», «Көпен келе жатыр!...», «Із», «Көкемнің көзі», «Па, шіркін, пародия!...» атты әзілсықақ, сын мақалалар кітабының авторы. Президент гранты мен «Парасат» орденінің иегері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты.

 

 

Оқылды 720 рет