Жексенбі, 10 Қыркүйек 2023 23:07

Отырарда Абай мұраларын дәріптейтін байқау өтті

| Автор:  
Материалға баға беріңіз
(0 дауыс)

Отырар ауданында қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының құрметіне белгіленген «Абай күні» қарсаңында Отырар аудандық кітапханасының ұйымдастыруымен жетінші рет «Абай оқулары» байқауы өтті. Сайыс алдында келушілерге ұлы тұлғаның өмірі мен шығармашылығы жайлы көрме таныстырылды.

Абай шығармаларын насихаттау мақсатында оқырмандар арасында өткен сайыста ақынның жырлары оқылып, мол мұрасы насихатталды. Үш кезеңнен тұратын сайыста алдымен қатысушылар Абайдың қара сөзін жатқа оқыса, екінші кезеңде өздері ұсынған бір топ өлеңнің арасынан қазылар таңдаған өлеңді жатқа оқыды. Ал үшінші кезеңде ақынның өмірі мен шығармашылық жолына байланысты сұрақтарға жауап берді.

Қазылар алқасының шешімімен Базарбай Қарлығаш бас жүлде иегері атанды. Ал Төлеш Қарақат І орын, Амангелдіқызы Қарақат ІІ орын, Сапарбайқызы Назым ІІІ орынды иеленді. Өзге қатысушылар да арнайы номинациялармен, алғыс хаттармен марапатталып, сыйлықтарға ие болды. Абай шығармаларының мағынасына терең бойлап, түсіне алатын, сонымен қатар Абай дәстүрін жалғастырушы жас оқырмандар легі молая түскені тағы бір дәлелденді.

Бүгінгі уақытта Абайдың кім екенін сұрасақ, әр адам: «Абай- дана ақын,өз заманының озық ойлы демократы, тіл ағартушысы, терең ойшыл, қоғам қайраткері, көрнекті ақын, сөз өнеріне өз үлесін қосқан талантты сазгер, артына татымды ән мен ойлы күй қалдырған асқан өнер иесі»,- деп айта алады. Абайдың жазған шығармалары эстетикалық немесе сезімге, адамның рухани әлеміне әсер ету құралы ғана емес, ақынның шығармашылық шеберханасынан қазақ халқының ұлттық болмысы мен салт-санасы, тұрмыс-тіршілігінің суретін танып, жалпы мәдениеті туралы көп мағлұмат алуға болады.

          Ғалымдардың зерттеуі бойынша, Абай өз заманын, қазақ қоғамын,  мәдениетін, экономикалық жағдайын тарихшы немесе  өнертанушы болып айтпаған, ақын болып сөзден сурет салып, сөз кестесін, өлең өрнегін құрастырады. Осылардың бірі - өз халқының рухани мәдениетіне қатысты.Абай өз шығармашылығында киім атауларына да өз назарын білдірген «Қазақтың киім-кешегі- айналадағы ортаның іс-қимылымен байланысты». Абайдың айтуы бойынша, «киім кию салты арқылы адамның мінез-құлқы, қоғамдағы орны, болмысы анықталады». Оның кейіпкері алтын-күміс кигені, қамқа торғын болса да, «махаббат, қызық мол жылдарын» байлыққа айырбастап, ет жүрегін саудаға салмайды («Бір сұлу қыз тұрыпты хан қолында»). Қазіргі тілмен айтқанда, жоғары эстетикалық талғамы қай заманда да қазақ қыздарының сұлулығы мен әсемдікті серік еткенін танытады. Материалдық мәдениетін – киім арқылы, адамның рухани мәдениетін , мінезі арқылы сипаттайды. Абайдың осындай бір көзқарасы творчестволық өмірінде ерекше орын алады.

Данышпан Абай өз шығармаларында  « Ісім өнсін десең, ретін тап»,- деп кәсіпкерлік туралы да айтқан. Кәсіпкерлікке еңбекті насихаттау мақсатында көңіл бөлген. Абайдың арманы – қазақ халқын бай елдердің қатарында көріп, малды адал жолмен тауып баю, басқа біреуге тәуелсіз болу. Бүгінгі кезде, егер еліміз бәсекеге қабілетті елу елдің қатарынан орын алса, Абайдың  арманы орындалғаны. Ақынның келесі ойларын бүгінгі күні  кәсіптік заманы кезіндегі адамға ұсынуға болады.Абайдың творчествосында адам мәселесі бір ерекше орын алатын. «Адам бол!» - деген сөзді ту етіп көтерген. Ақынның өлеңдерінде жиі кездесетін сөздер: «адам болу», «жарым адам», «адамшылық» және т.б. Бұл адамның психологиялық, эстетикалық, танымдық және әзіл-сықақ, кеңес беру «қарасөздері» арқылы айтылады. Абай психолог ретінде адамның рухани байлығын, адамдық қасиеттерін, элеуметтік этика, қоғамды көркейтуге жол көрсеткен. Оның ойынша, әр адам арлы, адамгершілік қасиеттері жоғары, сабырлы, ұят пен қанағатты білетін, иманды, игі жүректі болу керек. 

Ойшыл ұлы Абай білім алу саласына да өз көзқарасын болашақ ұрпаққа үлгі болсын деп, білімнің екі түрі болады деген ұғымын берген. Білімнің біріншісі – материалдық түрі; екіншісі – рухани. Материалдық білімге табиғатты зерттейтін барлық ғалымдар, оның ішінде қоғамдық қатынастар жөніндегі көпшілік білімдер жатады. Рухани білімге- табиғатты және олардың арасындағы қарым-қатынасты қамтиды. Метериалдық білім- рухани білімнің бір бөлігі, сондықтан рухани білім материалдық білімді қамтиды. Бұл Абайдың өзінің зерттеген ұғымдары.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат»

Оқылды 217 рет