Жұма, 14 Қазан 2022 18:40

Сауран ауданында Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығы кең көлемде аталып өтті

| Автор:  
Материалға баға беріңіз
(0 дауыс)

Сауран ауданы, Оранғай ауылдық округіндегі М.Әуезов атындағы жалпы орта мектебінде қазақтың ұлы жазушысы, қоғам қайраткері, ғұлама ғалым, Қазақстан ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің 125 жылдық мерейтойы кеңінен аталып өтті.

Аталмыш шараға Сауран ауданының әкімі Ғани Рысбеков, Оқушылар сарайының директоры И.Ипакова, Сауран ауданы қоғамдық кеңесінің төрағасы Ә.Мәткәрімұлы, Оранғай ауылдық округінің әкімі С.Пірметов, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің профессоры, ф.ғ.к Б.Сердәлі тағы да басқа зиялы қауым және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Жиынның салтанатты ашылу рәсімінде Сауран ауданының әкімі Ғ.Рысбеков, Оқушылар сарайының директоры И.Ипакова, Сауран ауданы қоғамдық кеңесінің төрағасы Ә.Мәткәрімұлы құттықтау сөз сөйлеп, М.Әуезов ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Бұдан соң келген қонақтар М.Әуезов атындағы мектепте оқушылардың арнайы дайындаған «Әуезов әлемі» атты көрмесін, Абай ауылына саяхат жасады.

Шара барысында Мұхтар Әуезовтің 125 жылдық мерейтойына арналған «Замана заңғары – Мұхтар Әуезов 125 жаста» атты республикалық ғылыми-әдістемелік конференция ұйымдастырылды. Конференцияны Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің қазақ филологиясы кафедрасының қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты, «Оқушалыр сарайы» директорының ғылыми істері жөніндегі орынбасары Ж.Исаева модераторлық жасады.

Ғылыми-әдістемелік конференцияда М.Әуезов атындағы жалпы орта мектебінің директоры Н.Кадиров, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің профессоры, ф.ғ.к Б.Сердәлі, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің өкілі, Ө.Нұрғалиев атындағы әдеби сыйлықтың иегері Д.Ислам, М.Шоқай атындағы №24 жалпы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, филология магистрі Ж.Усенбаева, Некрасов атындағы №9 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі С.Халжанхожа, Ұлықбек атындағы жалпы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі А.Тұрғанбекова баяндама жасаса, ХҚТУ-дің студенті Д.Сәрсенбай өз арнауын оқыды. Конференцияның 2-ші бөлімі әдістелек-инновациялық секциялық жұмыстармен жалғасын тапты.

Қазақ халқының мәдени, әдеби даму тарихында жазушы, драмашы, публицист, зерттеуші, аудармашы әрі аса ірі қоғам қайраткері Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің алатын орны ерекше. М.Әуезов – ауыз әдебиеті мен классикалық әдебиеттің, батыс пен шығыс көркем сөз мұрасының озық дәстүрін жете меңгеріп, қазіргі дәуірдегі қазақ әдебиетінің реалистік сапасын арттыруға, әдеби тілді байытуға ересен зор еңбек сіңірген ХХ ғасырдың ұлы жазушысы. Шығармашылық сапары өткен ғасырдың алғашқы жылдарындағы дауылды дүрбелеңімен, яғни қазан төңкерісімен тұстас келген суреткер 20-жылдардың бас кезінде жазылған «Қорғансыздың күнінен» «Абай жолы» роман-эпопеясына, «Еңлік-Кебек» трагедиясынан «Қарақыпшақ Қобыландыға», отызыншы жылдардағы әңгімесі – «Білекке білектен» - «Өскен өркен» романына, эпос, әдебиет тарихы туралы мақалаларынан КСРО халықтары әдебиетіндегі дәстүр мен жаңашылдық, ұлттық және интернационалистік сипат мәселелеріне арналған терең теориялық зерттеулеріне дейін ұзақ та жемісті жол кешті. Оның бүкіл қазақ әдебиетінің асқақ тұрған күмбезіндей «Абай жолы» роман-эпопеясы әлемдік даңққа ие болды. М.Әуезовтің таңдаулы шығармалары осы заман әдебиетінің жер жүзілік көлемде танылған жаңашылдығын зор қуатпен дәлелдеді.

Мұхтар Әуезов 1897 жылы 28 қыркүйекте бұрынғы Семей уезі, Шыңғыс болысындағы Қасқабұлақ деген жерде, қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданындағы Шыңғыстау деген жерде дүниеге келген. Мұхтардың атасы Әуез ескіше сауаты бар, араб, парсы, ортаазиялық түркі әдебиетімен таныс кісі болған. Ол бала кезінде атасының үйретуімен арабша хат таниды. Мұхтардың әкесі Омархан да, атасы Әуез де Абай ауылымен іргелес отыратын, сыйлас көңілді, құдандалы, дос-жар адамдар еді. Абай ауылымен қатар болған аралас-қүраластық, ұлы ақынның шәкірттерімен және балаларымен бір ортада өсу жас Мұхтардың рухани жағынан өсіп-жетілуіне игі әсерін тигізді. Жас Мұхтар хат танығаннан кейін-ақ атасының ықпалымен ауыз әдебиетінің үлгілерін, Абай өлеңдерін жазып алып, жаттап үйренеді. Классикалық түркі әдебиетінің жекелеген нұсқаларымен таныстығы да осы кезеңде басталған. Бұл жағдай алғыр ойлы, зерек баланың сөз өнеріне деген құмарлығын тым ерте оятады.

1908 жылы Мұхтарды немере ағасы Қасымбек Семейге алып келіп, орыс мектебіне түсіреді, осыдан кейін ол бес жыл қалалық училищеде, төрт жыл мұғалімдік семинарияда оқып, білімін көтереді. Осы тұста М.Әуезов орыс әдебиетінің шығармаларымен кеңінен танысады, өзі де қаламгерлік қадамын бастайды. Оның тұңғыш күрделі шығармасы — «Еңлік — Кебек» драмасы 1917 жылы, семинарияда оқып жүрген кезінде жазылды.

1919 жылы мұғалімдік семинарияны ойдағыдай бітіріп, Семей губерниялық атқару комитетінде ұлттар бөлімінің меңгерушісі, онан соң төрағасы болып қызмет істейді. Алғашқы көркем әңгімесі — «Қорғансыздың күні» 1921 жылы жарияланады. М.Әуезов 1922 жылы Орынборда, Қазақ Орталық атқару Комитетінде жауапты қызметте болды. Бұдан соң Ташкентке келіп, қызметке орналасады, әрі Орта Азия мемлекеттік университетінде оқиды. Мұхтар Әуезовтің бірталай әнгімелері 1922—1923-жылдарда Ташкент қаласында шығып тұрған «Сана», «Шолпан» журналдарында басылған («Кешкі дөң басында», «Түнгі ауыл», «Қысты күнгі дала», «Қысқы түн», «Сыбанның моласында», «Сөніп жану» т. б.). «Адамдық негізі — әйел» (1917), «Мәдениетке қай кәсіп жуық», «Оқу әдісі», «Ғылым тілі» (1918) секілді мақалаларында ол оқу-ағартудың, мәдениеттің маңызды мәселелерін көтереді. Мұхтардың 1923 жылы Орта Азия мемлекеттік университетінде қырғыз эпосы «Манас» туралы жасаған баяндамасы ғылыми қауымның назарын аударады.

1923 жылы М.Әуезов Ленинград университетінің филология факультетіне оқуға түседі. Еліміздегі ең атақты жоғары оқу орындарының бірінде сабақ алу, аса көрнекті ғалымдардың дәрістерін тыңдау оның білім өрісін ерекше өсіреді. Семей губерниялық атқару комитетінің шақыруымен Мұхтар Әуезов 1924 жылы еліне оралып, қазақ педагогикалық техникумында сабақ береді. Ол осы жылы орыс географиялық қоғамының Семей бөлімшесіне толық мүше болып өтеді, көп ұзамай бөлімше төрағасының орынбасарлығына сайланады. 1924 жылдың қысында М.Әуезовтің басқаруымен Семейде Абайдың қайтыс болғанына жиырма жыл толуына арналған ғылыми жиналыс өткізіледі. Онық көркем прозадағы бір топ туындысы да осы кезең жемісі («Жетім», «Барымта», «Ескілік көлеңкесінде», «Жуандық» т. б.). Драматургия, аударма, сын-зерттеу еңбектері де қатарласа туып жатады. Бұған 1923 жылы жазылған «Бәйбіше — тоқал» драмасы мен «Қобыланды батыр», «Қазақ әдебиетінің тарихы» атты зерттеулері, «Жердің жаратылысы жайындағы әңгімелер» деген аудармасы мысал бола алады. М.Әуезов осы кезде ел арасынан, құйма құлақ қариялардан ауыз әдебиеті нұсқаларын, ең маңыздысы — данышпан ақын Абайдың өлеңдерін үздіксіз жинап, жазып алып, жариялап отырды. 1925 жылы М.Әуезов Ленинград университетіне қайта келіп, үзілген оқуын жалғайды, оны 1928 жылы бітіріп шығады. Ленинградта оқыған  кезінде М.Әуезов білімін жан-жақты кеңейтіп, тереңдетумен бірге жазушылық жұмыстарын да қатар жүргізді. Оның ендігі шығармаларында ескі қазақ ауылындағы таптық кайшылықтар мен күрестер сырын көрсету өткірлене түседі. «Қарагөз» трагедиясында Мұхтар бұрынғы казақ қоғамындағы әлеуметтік теңсіздікті, жастар басындағы еріксіздікті тамаша суреттеді. «Қараш-Қараш оқиғасы» (1927), «Қилы заман» (1928) повестерінде ел өміріндегі күрделі мәселелерді көтерді.

1928 жылы Ленииград университетін бітірген  М.Әуезов Ташкентке келіп, орман техникумында әдебиеттен сабақ береді, 1929 жылы Орта Азия мемлекеттік университеті түркология кафедрасына аспирантураға түсіп, онда 1930 жылдың октябріне дейін болады. Отызыншы жылдар — М.Әуезовтің түрлі жанрда еңбек еткен тұсы. Бұл кезде ол ғылыми-зерттеушілік жұмысын оқытушылықпен берік ұштастырады, орта және жоғарғы оқу орындарының студенттеріне арнап оқулықтар жазуға, хрестоматиялар құрастыруға қатысты. Ауыз әдебиетін зерттеуді Мұхтар Әуезов шығармашылық мақсатта да жүргізген. 1934 жылы жазылған «Айман — Шолпан», одан біраз кейінірек туған «Қарақыпшақ Қобыланды», «Бекет» пьесалары — осындай игілікті ізденістердің нәтижесі. Абайдың әдеби мұрасын ұзақ тексеру «Абай» пьесасын жазуға әкелді. Мұның өзі жазушының әрқашан ғылыми және көркем творчествоны қатар алып жүргенін, бұл күрделі шығарма жасаудың белгілі бір шартына айналғанын көрсетеді. М.Әуезовтің отызыншы жылдардағы шығармашылығынан қазіргі заман тақырыбына жазылған еңбектері елеулі орын алады. Колхозды ауылдың жағдайын аралап көру, сана мен салттағы өзгерістердің сырына көз жіберу жазушыны жаңа ауыл өмірінен шығармалар жасауға шабыттандырды. «Білекке білек», «Үш күн» (1934), «Іздер», «Шатқалаң» (1935), «Бүркітші» (1937) атты әнгімелері сондай туындылар. Замана шындығын драмалық шығармаларда көрсетуге де М.Әуезов бұл тұста белсене кірісті. «Октябрь үшін» (1933), «Түнгі сарын», «Тартыс (1934), «Тастүлек» (1935), «Алма бағында» (1937), «Шекарада» (1938) тәрізді пьесаларда революциялық дәуір мен социалистік құрылыс жылдарының оқиғалары қамтылды.

М.Әуезовтің ең жақсы аудармалары да соғысқа дейінгі бесжылдықтар кезінде жасалды. Ол аударған Шекспирдің «Отеллосы», Гогольдің «Ревизоры», Погодиннің «Аксүйектері», Треневтің «Любовь Яроваясы» казақ көркем мәдениетінің төл туындысындай жатық шықты. Кейінірек бұл аудармалар катарына Шекспирдің «Асауға тұсауы», Тургеневтің «Дворян ұясы» қосылды. 40—50-жылдар жазушының таланты жан-жақты кемелденіп, ең үздік шығармаларын берген кезі. М.Әуезовтің бұл мезгілдегі басты табысы — төрт кітаптан тұратын «Абай жолы»  (1942-1956)  роман-эпопеясы. Соныммен қатар суреткер қаламынан осы кезеңде көптеген очерктер, әңгімелер, повестер туды  («Асыл    нәсілдер», «Түркістан солай туған» т. б.). Елуінші жылдардың    соңғы    тұсында М.Әуезов осы заман тақырыбына бірнеше роман жазуды  көздеп,  үлкен жоспар жасайды. Осы мақсатпен ол қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысының  Алғабас, Созақ, Түркістан, Мақтарал аудандарын аралап, халықтың тұрмыс тіршілігімен, мәдениет жағдайымен танысты, малшылыр, мақташылар өмірінен бірнеше очерктер жариялады. Өкінішке қарай, суреткер өзінің алдына қойған ұлы ниетін толық жүзеге асырып үлгермеді, төрт кітапқа мөлшерленген романның бірінші бөлімін ғана жазып қалдырды, ол шығарма «Өскен өркен» деген атпен жазушы қайтыс болғаннан кейін ғана басылып шықты. М.Әуезов 1932—1934 жылдарда Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтында, 1934 жылдан өмірінің соңына дейін С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті) қазақ әдебиетінен лекция оқыды. 1951 — 1953 жылдарда М.Ломоносов атындағы Москва мемлекеттік университеті КСРО халықтары әдебиеті кафедрасының профессоры болды.

Жазушыға «Абай» романы үшін КСРО Мемлекеттік сыйлығы, ал төрт кітаптан тұратын «А6ай жолы» роман-эпопеясы үшін Лениндік сыйлық берілді. Ол Қазақ ССР Ғылым академиясының толық мүшесі болды (1946). Ғылымды дамытудағы көп жылдық ұланғайыр қызметі үшін ол «Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері» деген кұрметті атақты иеленді. М.Әуезов көптеген қоғамдық қызмет атқарды. Ол екі рет Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты (1955, 1959) болып сайланды. Совет Одағының Бейбітшілік қорғау комитетінің мүшесі ретінде ол халықаралық конфереренцияларға қатысып, өзінің жалынды, шыншыл сөзімен жер жүзінде баянды бейбітшілік орнату, әлемдегі прогресшіл күштердің ынтымағын  арттыру үшін қызу ат салысты. Бүкіл саналы өмірі мен дарын қуатын, қайрат жігерін туған халқына, ұлы Отанына қалтқысыз қызмет етуге арнаған, өзі өмір сүрген кезеңдегі социалистік реализм әдебиетін асыл шығармаларымен байытқан аса көрнекті жазушы, ғалым, қоғам қайраткері М.Әуезов артына өшпес мұра қалдырды. Ол 1961 жылы 27 маусым күні Москва қаласында қайтыс болды. Заманымыздың заңғар жазушысы, қазақ әдебиеті мен мәдениетінің XX ғасырдағы биік шыңы — ұлы Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің артында қалған ұланғайыр мұрасын зерделеп, ой елегінен өткізу үшін де әр дәуірдің, әр ұрпақтың өз айтар сөзі, таным-түсінігі болатыны сөзсіз. Егемен ел жағдайында ұлы жазушы мұрасына деген ілтипатымыз да осындай бір ұмтылыстың көрінісі болмақ. Ғасырлар бойы көшпелі тіршілікті бастан кешіріп, XIX ғасырдың бел ортасында жол айырығына келген қазақ өмірінің барлық әрі мен нәрін, сыны мен сырын, соры мен бағын теңдессіз тарихи тұлға Абай тағдыры арқылы әрі көркем, әрі түпсіз ой көзімен ашып берген суреткер туралы талай-талай ізденістер жалғаса бермек. Олай болатыны М.Әуезов шығармашылығы ғасырлық өлшемдердің аясына әлдеқашан-ақ именбей енгеніне күн өткен сайын көзіміз жетіп келеді.

Ұлы жазушы, ғалым, қоғам   қайраткері М.Әуезовтің көркем мұрасы біздің төл әдебиетіміздің ғана емес, бүкіл адамзат мәдениетінің де бағалы жетістігі екені тарихи шындық. Оның шығармашылық карымы ауқымды   да бай. Романшы, драматург, әдебиетші ғалым, аудармашы – бұл ұлы қаламгер дарынның толық емес тізімі. Оның Абай туралы жазған эпопеясы мен асқан шеберлікпен жазылған шағын әңгімелері, повестері ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің және әлем әдебиетінің алтын қорына мәңгілік енді.

 

Оқылды 334 рет