Super User

Super User

Полицейлер «Абайлаңыз, балалар!» іс-шарасы аясында жаяу жүргіншілерге ескертеді

Жаңа оқу жылы қарсаңында полиция қызметкерлері дәстүрлі түрде «Абайлаңыз, балалар!» іс-шарасын өткізеді. Оның негізгі мақсаты - балалардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу, автокөлік жүргізушілерінің жол қозғалысы ережелерін бұзуына жол бермеу және балалардың көшелер мен жолдардағы қауіпсіз жүріс-тұрысымен байланысты дағдыларын нығайту.

Осы тұрғыда Түркістан облысының полицейлері тұрғындар мен қала қонақтарына, сонымен қатар ұстаздар мен ата-аналарға жол қағидаларын қатаң сақтауды ескертеді. Ұл-қыздарының жол қозғалысы ережесін сақтап жүруін қадағалап, жеткіншек, жасөспірімдерге жолдан өтерде кез келген жерді кесіп өтпей, арнайы жаяу жүргіншілерге арналған жерлерден өтуі міндеттелді. Полицейлердің айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да тұрақты іске асырылып отырады. Жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер, жолдарда мұқият болыңыздар!

 

Жетісай ауданындағы базар өртіне байланысты азаматтардан 600-ге жуық арыз-шағым тіркелді

Жетісай қаласындағы базар өртінен кейін полицейлер халыққа барынша түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Десекте бір түнде барынан айырылған саудамен айналысатын тұрғындар өз наразылықтарын білдіруде.

Олар бүгін сағат 11:05-те М.Әуезов көшесінің бойында жиналып, жолды жапқан болатын. Полицейлер қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында бірден әрбір тұрғынмен түсіндірме жұмысын жүргізіп, нәтижесінде бір сағаттан соң азаматтар үйлеріне қайтарылды.

Қазіргі таңда аудандағы жағдай тұрақты. Полицейлер жолдарды, базар аумағын бақылауға алып, қызмет етуде.

Сонымен қатар тәртіп сақшылары өрттің салдарынан мүліктері жарамсыз болған кәсіпкерлердің шығындары бойынша арыздарын қабылдауда. Қазірдің өзінде полицияға 600-ге жуық арыз тіркелді.

Естеріңізге сала кетсек, 26.08.2022 жылы сағат 03:00 шамасында Жетісай қаласындағы «Күлпаршын ана» базары өртке оранған болатын. Тілсіз жауды ауыздықтауға өрт сөндірушілермен қатар, 300-ден астам полицей тартылды. Аталмыш полицейлер қоғамдық қауіпсіздікті сақтау мен қылмыстардың алдын алу бағытында қызмет етуде.

 

Учаскелік полиция инспекторлары тұрғынның жоғалған асыл тұқымды жылқысын тауып беріп, алғыс алды

Сауран аудандық ПБ-ға жергілікті тұрғын арызданып келген. Ер адамның айтуынша, ол таңғы уақытта асыл тұқымды жылқысын (тайын) Қарсақты елдімекеніндегі жайылымға апарып, қазыққа байлап кеткен. Содан түстен кейін жылқысын әкетуге барғанда, байлап кеткен жерінен таппай қалады. Біреу ұрлап кетті ме деп күдіктенген тұрғын бірден полицияға хабарласады. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 600 000 теңгеге жуық.

Хабарламаны тіркеп алған тәртіп сақшылары тез арада сол аумаққа қарайтын учаскелік полиция инспекторыларына бағытнама берді. Тұрғынның із-түссіз жоғалған жылқысын табу мақсатында полиция капитандары Асылхан Әбдіраймов пен Нұрдәулет Қиясов, сондай-ақ сақшы-сарбаз ішкі істер органының ардагері Сәбит Шотабековтер оқиға орнына жедел жетті. Айналаны түгел шолып шығып, куәлардан жауап алды. Күдік тудырған үй малын таситын автокөліктерді тексеріп, жедел-іздестіру шараларын атқарды.

Осылайша күні-түні 1 тәулік бойы жүргізілген тыңғылықты іс-шаралардың нәтижесінде, жоғалған жылқы 45 шақырым қашықтықтағы Аша елдімекеніне қарасты жайылымда жүрген жерінен табылды.

Осы тұста асыл тұқымды жылқысының аман-есен табылғанына риза болған тұрғын, полиция қызметкерлеріне алғысын жеткізді: «Рақмет, кеше тайымды жоғалтып алып едім. Бүгін, міне учаскелік полиция инспекторлары тауып берді. Алла разы болсын! Аяқ асты қазығынан босап кетіп, алысқа шауып кеткен екен. Осы ретте күн-түн демей табылуына атсалысқан тәртіп сақшыларына алғысымды айтамын. Үлкен рақмет!»-деп атап өтті.

Түркістан облысының полицейлері мал иелеріне, төрт түлікті қараусыз қалдырмау керектігін ескертеді. Мал ұрланып немесе жоғалып кеткен жағдайда дереу полицияның «102» нөміріне хабарласыңыздар деп кеңес береді.

Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі

26.08.2022 жылы сағат 03:00 шамасында Жетісай аудандық полиция бөліміне М.Әуезов көшесі бойында орналасқан «Күлпаршын ана» базарында өрт болғаны туралы хабарлама түскен.

Ақпарат алысымен оқиға орнына бірден жетісайлық полиция қызметкерлері толық құрамда шыққан. Сондай-ақ Түркістан облысы ПД Тергеу басқармасының бастығы полиция полковнигі Н. Жалғасов пен Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы полиция полковнигі А.Төреханов да тілсіз жау орын алған аймаққа түнгі уақытта жеткен.

Қосымша көмекке Түркістан облысы ПД Жедел қимылдайтын арнайы жасақ, Мақтаарал, Келес, Шардара, Сарыағаш аудандық полиция бөлімдерінен қызметкерлер келген. Жалпы өрт сөндіруге 300-ден астам тәртіп сақшысы жұмылдырылған.

Аталмыш полицейлер қоғамдық қауіпсіздікті сақтау мен қылмыстардың алдын алу мақсатында сонда қызмет етуде. Адам шығыны жоқ.

Қазіргі таңда аталған жайт ҚР ҚК-нің 292-бабы «Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу» бойынша тіркеуге алынды. Өрттің шығу себебі мен шығын мөлшерін анықтау, өрттен зардап шеккендерге көмек көрсету мақсатында комиссия құрылды.

Аталған комиссия құрамында Түркістан облысы ПД бастығының Тергеу жөніндегі орынбасары полиция полковнигі Асылжан Қалдарбеков бар.

Осы RSS каналға жазылу